Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев: «Сыртқы борышқа қатысты деректер есепті кезең аяқталғаннан соң 90 күннен кейін ғана жарияланады. Сондықтан біздің мәліметтер 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана жария етілген. Сыртқы қарыз шамамен 168 млрд АҚШ долларын құрайды»,— деді. Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, аталған қарыздың 7,9 пайызы немесе 13,2 млрд АҚШ доллары — мемлекеттік сектордың сыртқы борышы; 3,7 пайызы немесе 6,2 млрд АҚШ доллары — «Банктер» секторының сыртқы борышы; 25,2 пайызы немесе 42,4 млрд. АҚШ доллары — «Басқа секторлардың» тікелей инвестицияларға байланысты емес берешегі. Қалған 63,2 пайызы немесе 106,1 млрд АҚШ доллары — осы сектордың фирмааралық берешегі. Таратылған ақпаратта: «2017 жылғы бірінші жартыжылдықта елдің сыртқы борышының көлемі 4,2 млрд АҚШ долларына, оның ішінде 2017 жылғы екінші тоқсанда 2,4 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Мемлекеттік сектордың сыртқы борышы, негізінен, халықаралық капитал нарығында шығарылған тәуелсіз еурооблигациялар құнының өсуі және бейрезиденттер тарапынан Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарына деген сұраныстың артуы есебінен 0,4 млрд АҚШ долларына өсті. «Банктердің» сыртқы міндеттемелері еурооблигацияларды және қолданыстағы сыртқы қарыздарды жоспарлы өтеу нәтижесінде 1 млрд АҚШ долларына қысқарды. «Басқа секторлардың» үлестес емес бейрезиденттер алдындағы сыртқы борышы 2017 жылғы екінші тоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның орта мерзімді ауқымды ноттарды шығару бағдарламасы аясында еурооблигациялардың 5, 10, және 30 жылдық шығарылымдарын орналастыруы есебінен 3,0 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Фирмаралық берешек мұнай-газ жобаларын бұдан әрі қаржыландыру және тікелей инвесторлар алдындағы төленбеген дивидендтер және қарыздар бойынша сыйақы бойынша берешектің өсуі есебінен 1,8 млрд АҚШ долларына өсті. 2017 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанның таза сыртқы борышы 3,1 млрд АҚШ долларына артып, 41,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды»,— делінген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз