Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстарының бөлім басшысы Бақыт Қалымбетұлынан латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде ұйымдастырып жатқан істерінің қандай нәтиже беріп жатқаны туралы бірнеше сұрақ қойған едік.

— Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде көптеген іс-шаралар мен конференциялар ұйымдастырып жатырсыздар. Бұдан қандай нәтижеге жеттіңіздер? Қоғам тарапынан қарсылық танытып жатқандар бар ма?
— Рухани жаңғыру бағдарламасы барлық саланы қамтып отыр. Соның ішінде, мемлекеттік тіл, саясат мәселесіне үлкен әсер етіп отыр. Бұрыннан да жүргізіліп келе жатқан тіл саясаты Елбасының мақаласы аясында жаңаша серпін алып, белеске көтеріліп жатыр. Латын әліпбиіне көшу мәселесі қазір қызу талқылануда. Осыған байланысты әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Бұл латынға көшеміз бе әлде көшпейміз бе деген талқылау емес. Латынға көшетініміз анық. Ешкім бұған қарсылық танытып жатқан жоқ. Елбасының ұсынып отырған бұл саясатын халық қолдап отыр. Ал, туындап жатқан мәселе қазақтың төл әріптерін латынға көшсек, қалай таңбалаймыз деген сұрақ төңірегінде болып жатыр. Қазақтың төл әріптері басқа латын әліпбиінде жоқ болған соң аздап киындық тудырып жатыр. Сол үшін пікірталас осы төңірек туындап отыр. Латын әлібиін қолданбас бұрын, ғалымдардың айтқанын ескере отырып, біздің келешек ұрпақ қолдана алатындай, қайта-қайта өзгеріске ұшырамайтындай мәңгілік әліпби жасап шығаруымыз керек.
— Латын әліпбиіне көшсек, жаппай сауатсыздыққа ұшырамаймыз ба? Әсіресе жасы келген адамдарымызға оқу қиынға түспей ме? Бұның алдын-алу үшін болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
— Бізді ондай қиындық күтіп тұр. Себебі, өмір бойы криллицамен оқып келген адам бірден латын әліпбиінде жазып кетуі оңай емес. Қазіргі қолданыстағы әліпбидің өзінде де құжаттарды толтыру кезінде қазақ тілінде көптеген орфографиялық қателіктерге ұрынып жатамыз. Латынға көшсек, бұл қателер көбеймесе азаймайды. Ертең біз латынды үйрету курстарын мекемелерде, мектептерде және тағы басқа ұйымдарда ашуға мәжбүр боламыз. Қазақ тілін үйрету кешкі курстары сияқты бұны да қолға аламыз. Кезінде елімізде жаппай сауат аштыру болды, сол кездегідей халықты сауаттандыру курстарына тартамыз. Ол енді ұзаққа созыла қоймас деп ойлаймын. Алда бізді көптеген жауапты жұмыстар күтіп тұр. Соны абыроймен атқарып шықсақ болғаны.
— Уақытыңызды бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңізге рахмет!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз