Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов марапатталғандар арасында президенттің ұлы Сердар Бердімұхамедов те бар. Бұл туралы жергілікті баспасөз жазды, деп хабарлайды Centralasian.org. Гурбангулы Бердімұхамедов Тәуелсіздік күні құрметіне мемлекет пен халық алдындағы мінсіз қызметі үшін күш құрылымдары қызметкерлерін құттықтап, оларды өзінің әкесі Мәлікгулы Бердімұхамедов атындағы «Отанға сіңірген еңбегі үшін» медалымен марапаттады. Олардың арсында  майор Сердар Бердімұхамедов те бар. Сердар Бердімұхамедов Ресей сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясында оқыған. Оны тәмамдағаннан кейін Түрікменстан президенті жанындағы көмірсутек ресурстарын пайдалану және басқару жөніндегі мемлекеттік агенттіктің басшылығында жұмыс істеген. Сонымен бірге ол Ахал уәлаяты прокурорының көмекшісі, сыртқы істер министрлігі департаментінің басшысы болған, Түрікменстан парламентінің депутаты болып сайланған. Түрікменстанда президенттің әкесі Мәлікгулы Бердімұхамедов атындағы медаль биыл тамызда жаңадан тағайындалған. Бүгінде 85 жасқа келген бұл адам еңбек жолын бастауыш мектеп мұғалімі болып бастап, кейін КСРО ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелерде жұмыс істеген. Ішкі істер әскерінің подполковнигі шенінде зейнетке шыққан. Қазір көзі тірі оның есімі Ашғабаттағы Түрікменстан ішкі істер министрлігі әскери бөлімі мен туып-өскен Ызгант ауылындағы мәдениет үйіне берілген, осы екі жерде оның мүсіні де орнатылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз