Бүгінде мемлекет тарапынан халықты жұмыспен қамтудың түрлі жобалары іске асырылуда. Солардың бірі –жеңілдікпен несие беру арқылы азаматтардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау. Оңтүстік Қазақстан облысында осы бағыт арқылы атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Шаруаларға жеңілдетілген несие беру жайын сөз еткенде қалам ұшына алғашқылардың бірі болып «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы ілігеді. Өйткені, осы орталықтың қолдауымен екі қолға бір күрек тауып, шаруасын дөңгелеткендер аз емес. Орталық өкілдерінің айтуынша, жаңадан кәсіп бастаған азаматтарды қолдау үшін жылына 7-8 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі екен. Рас, ауыл азаматтары несие алу үшін кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік жағынан қиналатыны бар. Яғни ауылдағы жылжымайтын мүліктер тым төмен бағаланады немесе кепілге жарамай жатады. «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталық ең маңызды деген осы мәселеге түсіністікпен қарап, кепілдікке ауылдық жердегі мүлік алынады, бастапқы старт-ап жобалар қарастырылады. Одан бөлек, тиімді өтеу кестесі жасалынады. Ең маңыздысы – несиені рәсімдеу барысында ешқандай комиссия алынбайды.
«Оңтүстік» Аймақтық инвестициялық орталығының ұсынған статистикасына назар аударар болсақ, өзінің 8 жылдық қызметі, яғни 2009 – 2017 жылдар аралығында орталықтан облысымыздың 16 431 тұрғыны жалпы 49 774,4 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие мен лизинг алып, кәсіпкерлікпен айналысуда екен. Олардың әрқайсысы өздерімен бірге және бірнеше адамды жұмыспен қамтып, шаруаларын дөңгелетіп келеді. Нақты айтқанда қаржыландырылған жобалар нәтижесінде осы кезге дейін жұмыспен қамтылғандар саны 41 181 адамға жетіп отыр. Несиелендірілген жобалар аясында облыстық бюджетке жалпы сомасы 893,4 миллион теңге көлемінде салық төленді.
Статистиканы әрі қарай сөйлетер болсақ, 2017 жылдың 8 айында аталған орталық пен «Ырыс» микроқаржы ұйымымен (МҚҰ) бірлесе қаржыландырған жобаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43,5 пайызға, ал қаржыландыру сомасы 20,5 пайызға дейін артып отыр. Яғни, 2016 жылдың 8 айында 4 867,6 миллион теңгені құрайтын 1 461 жоба қаржыландырылса, 2017 жылы 5 868,5 миллион теңгені құрайтын 2 096 жоба несиелендірілген. Аудандар арасындағы ара салмақты таразылар болсақ, ең көп қаржыландырылған – Шымкент қаласы болып отыр. Жоба іске қосылғаннан бастап облыс орталығында 523 жобаны қаржыландыруға 8 571,2 миллион теңге бағытталған. Кейінгі кезектер Сайрам мен Мақтарал аудандарына тиесілі. Сайрам ауданы 6 382,4 миллион, ал Мақтаарал ауданы 5 585,1 миллион теңгеге қаржыландырылған. Ал, 2017 жылдың 8 айында ең көп жоба Мақтарал ауданында қаржыландырылған – 1 миллиард теңгеден астам соманы құрайтын 443 жоба қаржылай қолдау тапты.
Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, біз «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталық басшылығының ұсынған талдау мәліметтері мен алдағы жоспарларын оқырмандар үшін маңыздылығын ескере отырып назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
«2009 – 2017 (8 ай) жылдар аралығында қаржыландырылған жобалар келесі басым бағыттар аясында жүзеге асырылды:
• Индустрияландыру Картасына енген жобалар бойынша – 7 697,2 млн. теңгеге 36 жоба;
• Мал шаруашылығы – 22 957,3 млн. теңгеге 10 186 жоба;
• Дала жұмыстары бойынша – 6 075,9 млн. теңгеге 5 098 жоба;
• Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу – 1 559,2 млн. теңгеге 55 жоба;
• Ауылшаруашылығы техникасы лизингі – 1 558,0 млн. теңгеге 65 техника;
• Қоймалар – 2 959,3 млн. теңгеге 8 жоба;
• Балық шаруашылығы – 248,7 млн. теңгеге 4 жоба;
• Жылыжай – 3 106,5 млн. теңгеге 359 жоба;
• Бау ұйымдастыру – 1 570,9 млн. теңгеге 51 жоба;
• Қызмет көрсету аясында – 1 231,2 млн. теңгеге 264 жоба;
• Құс шаруашылығы – 54,7 млн. теңгеге 7 жоба.
• Басқа да жобалар – 755,5 млн. теңгеге 298 жоба.
Осы жылдың 1-қыркүйегіне дейінгі жағдай бойынша 1 409,2 миллион теңгені құрайтын 34 жоба проблемалық деп танылған. Аталған жобалармен бүгінгі таңда тиісті іс-шаралар жүргізілуде. 2018 жылдың қаңтар айына қарай компания проблемалық жобалар санын 8-ге дейін түсіруді болжап отыр. Ол жағдайда 8 проблемалық жобаның жалпы сомасы 833,1 миллион теңгені құрайтын болады».
Бүгінде «Оңтүстік» АИО-ның несие қоржыны 12 665,0 миллион теңгеге жетсе, «Ырыс» МҚҰ несие қоржынының көлемі 10 664,0 миллион теңгені құрайды. АИО несие қоржынының басым бөлігі, яғни 34 пайызы өндірістік бағытта қаржыландырылған болса, МҚҰ несие қоржынының басым бөлігі – 65 пайызы мал шаруашылығына бағытталған. ranking.kz сайтының талдауы негізінде еліміздегі микроқаржы ұйымдарының 2017 жылдың 1 тоқсаны аралығындағы несие портфелінің абсолюттік өсу көрсеткіштері бойынша микроқаржы ұйымдарының үздік бестігі анықталды. Осы талдауда «Ырыс» микроқаржы ұйымының несие портфелі 9 пайызға өсіп, 3-орыннан табылғандығы айтылады.
2017 жылы «Оңтүстік» АИО және оның еншілес мекемесі «Ырыс» микроқаржы ұйымымен бірлесе отырып, 567 миллион теңгені құрайтын 28 кооператив және оның мүшелерін қаржыландырды. 6 кооперативтің 134,2 миллион теңгені құрайтын жобасы қаржыландырылуда.
Биылғы жылы қаржыландырған кооперативтердің жобалары келесі басым бағыттар аясында жүзеге асырылды: 5 жоба – 180 млн.теңге ауыл шаруашылық техникасын алуға, 2 жоба – 63 млн.теңге құс шарушылығы, 10 жоба – 181 млн.теңге мал шаруашылығы, 10 жоба – 133 млн.теңге, қайта өңдеу саласында және 1 жоба – 10 млн.теңге қайта өңдеу саласында.
Осы жылдың 7-қыркүйегі күні облыс әкімінің тікелей қатысуымен өткен семинарда «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МҚҰ белсенділік танытты. Осы орайда, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кооператив төрағаларына 10 модульді сүт қабылдау бекетінің кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Оның ішінде 7 модульді сүт қабылдау бекеті «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» МҚҰ тарапынан қаржыландырылған болатын. Айта кету керек, сүт қабылдау бекеттерін Шымкент механикалық зауытына жасату арқылы жергілікті өндірістік зауытына да қолдау көрсетілді.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерді кооператив құруға ынталандыру мақсатында бейресми шаралар да өткізілді. Олардың бірі Арыс қаласында өткізілген «Бірлік түбі – береке» ақпараттық-түсіндіру акциясы. Шараға 20-дан астам кәсіпкер қатысып, кооперативтерге ұсынылатын жеңілдіктер туралы ақпараттарға ие болды.
Сонымен қатар, компания серіктестік қатынастарды да белсенді түрде жолға қоюда. Атап айтсақ, осы жылдың 4-шілдесінде АИО және «AsiaCredit Bank» АҚ арасында кәсіпкерлерді бірлесіп қаржыландыру және әлеуетті қарыз алушылар туралы ақпарат алмасу мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Өз кезегінде Азиякредитбанк «Оңтүстік» АИО-на айына 120 миллион теңгеге дейін қаржы бөлуге дайын екендігін білдірді.
Биыл компания Астана қаласы «Назарбаев» университетінде өткен Алғашқы Жібек жолы біріккен инновациялардың халықаралық форумына қатысып, G-Global халықаралық хатшылығы және «Жібек жолы» халықаралық логистика және бизнес институтымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы орайда тараптар алдағы уақытта тығыз байланыста болуға және ортақтасып қызмет жасауға келісті.
Қазіргі таңда Орталықтың қаржысын кәсіпкерлерге қолжетімді ету және қаржыны мүмкіндігінше тиімді тарату мақсатында екінші дәрежелі банктер және қаржы институттарымен келіссөздер жүргізілуде. Атап өтер болсақ, «Азия Кредит банк» АҚ-мен бірлесе отырып, стартап бизнесті қаржыландыру жолға қойылмақ. Қаржыландыруға АИО-ң кепіл болуы жоспарлануда. Сондай-ақ, жеңілдетілген несиемен барынша көбірек кәсіпкерді қамту мақсатында АИО қаражатын қайтару жолымен ауқымды және сәтті жобаларды «Цесна Банк» АҚ арқылы қайта қаржыландыру жоспарлануда. Айта кету керек, барлық ортақ жүзеге асырылатын жобалар жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылады. Бұлардан бөлек, компания «Дайын бизнес» атты бағдарлама аясында жұмыс жасауда.
Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік саласы бойынша ең белсенді облыстардың бірі болғандықтан кәсібін іске асыруға ниетті адамдар көп, бірақ көбінесе олардың өз бизнесін жасауға мүмкіншілігі жетпей жатады. Ең бірінші себеп – бұл кепіл мүлкінің жоқтығы немесе жеткіліксіздігі. Осы мәселені шешу мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ – мен келіссөз жүргізіліп, «Дайын бизнес» деген жаңа бағдарлама іске асырылғалы отыр. Бағдарламаның басты ерекшелігі – орталық кәсіпкерден аванс ретінде алғашқы жарна алып, бизнесті құрып, «Дайын бизнесті» кәсіпкерге өткізіп, сол бизнестің өзін кепілдік ретінде қабылдайды. Бұл процесс «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ – нан қаржы тарту арқылы жүзеге асырылатын болады. Аталған бағдарлама аясында компания бірнеше бағыт бойынша жобалар әзірлеуде. Олардың бірі – жалпы аумағы 45 гектарға дейін «Бадам» жылыжай өнеркәсіп кешенін құру. Нысан «Бадам» индустриалды аймағында орналасып, жылыжайдың 70 пайызы жергілікті тауар өндірушілердің тауарларымен жабдықталатын болады.
Сонымен қатар, тәулігіне 1000 литр сүт өнімдерін өңдеу және сатуға қауқарлы «Ауылдық сүт зауытын құру» жобасы бар. Сүт зауыты зертхана, сүт қабылдау бөлімі, тоңазытқыш, жабдықтарды санитарлық тазарту, шағын дүкен сияқты бөлімдерден құралатын болады. Осындай жүйе негізінде тәулігіне 1000 килограмм шұжық өнімдерін өңдеу және сатуға қауқарлы «Ауылдық шұжық цехын құру» жобасы бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар толық іске қосылатын дәрежеге жеткізіледі және «дайын бизнес» ретінде кәсіпкерге лизинг етіп ұсынылады. Бұл, әрине, қаншама жұмыс орнының ашылуына себеп болары анық.
Орталық 2017-2018 жылдар аралығында облыстың барлық аудан және қала орталығында модульді мал сою және модульді сүт қабылдау бекетін құруды жоспарлап отыр. Одан бөлек, орталық мамандары тарапынан «Жас кәсіпкерлерге көмек» бағдарламасы әзірленуде. Ол бағдарлама бойынша жас кәсіпкерлерге 2 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі және олардан кепіл мүлкі немесе алғашқы жарна талап етілмейді. Бағдарламаның мақсаты – аты айтып тұрғандай жастарға барынша қолдау көрсету болып табылады.
Дайындаған —
Шадияр
Молдабек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз