Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ырыс» микро қаржы ұйымы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 5,5 пайызбен 108 жобаға қолдау көрсетті. Бұған дейін де қаржы ұйымы кәсібін дөңгелетемін деген шаруаға төменгі 7-9 пайыздық мөлшерлемемен несие беріп келген болса, биылдан бастап бағдарлама шеңберінде ең аз мөлшерлемемен қаржы беруде. Бұл өңірдегі кәсібін жаңадан ашуға ниет білдірген адамға үлкен көмек болары сөзсіз.
«Ырыс» микро қаржы ұйымы осы уақытқа дейін жалпы соммасы 28,5 миллиард теңгені құрайтын 15 956 жобаға қолдау көрсеткен. Ырыстан қолдау тапқан жобалар аясында 13 697 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, 2017 жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша ұйым жалпы соммасы 5 465, 300 мың теңгені құрайтын 2110 жобаны қаржыландырған. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 2 264,1 миллион теңгеге 851 жоба, «Көктемгі егін егу-жинау» бағдарламасы бойынша 1 500,0 миллион теңгеге 880 жоба, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 400 миллион теңгеге 108 жоба, ал, мекеменің өз қаражаты есебінен 1 298,2 миллион теңгеге 271 жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар осы жылы «Ырыс» МҚҰ тарапынан 16 кооператив 287,3 миллион теңгеге қаржыландырылып отыр. Жалпы қаржы орталығы биылғы жылы 6 000 миллион теңгеге 2 300 жобаны қаржыландыруды жоспарлап отыр. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 900 миллион теңге қаражат тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, жыл соңына дейін толық игеру жоспарлануда.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыстарда жұмыспен қамту көрсеткішін барынша көтеру мақсатында қыруар жұмыстар атқарылуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша әлеуметтік бағдарламаларға көп басымдық берілмек екен. Мәселен, 2018 жылы жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек Оңтүстік Қазақстан облысында 300 мыңға жуық адамды қамтиды деп жоспарланған. Ал, жұмсалатын қаржы көлемі үш есеге өсіп, 18 млрд теңгені құрамақ.
Өңірде әлеуметтік көмектің жаңа сипатына көшу үшін тиісті шаралар барынша атқарылуда. Бұл Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамту басқармасы мамандарының жергілікті халықпен кездесуде айтатын басты тақырыбы болып отыр. Жобаны жергілікті халыққа түсіндіру-де ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіліп, оған арнайы 36 мобильді топ құрылды. Бүгінге дейін 700-ден астам елдімекенде тұрғылықты халықпен кездесулер ұйымдастырылды.
«Өрлеу» жобасы аясында бүгінге дейін жалпы сомасы 6 миллиардтан астам теңге болатын шартты ақшалай көмекті 20 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық алды. Осы жобаға қатысушылардың 94 пайызы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, 85 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы жылдың 9 айында «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 906 адам өз ісін ашып, жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркелді.
Облыста «Өрлеу» пилоттық жобасын іске асыру нәтижесінде, шартты ақшалай көмек алушылардың табысы 4,2 есеге артып, орта есеппен айына 1 адамға 23 мың теңге болды.
Міне, облыста несиемен қаржыландыру арқылы кәсібін жаңадан бастаған азаматтарды қаржылай қолдау, әлеуметтік жобалар арқылы тұрмысы төмен отбасылардың өзін өзі жұмыспен қамту мәселелерін оңды жолға қою мақсатында осы секілді маңызды жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта жұмыспен қамту саласында қай ауданда қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығына арнайы тоқталатын боламыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз