Құқықтық нақтылықты, құқықтың және құқық жүйесінің дамуына ықпал ететін факторларды ерекше түрде тану құқықтық сана болып табылады. Моральмен, дінмен, өнермен, ғылыммен қатар, құқықтық сана қоғамдық сананың нысаны болып саналады, оның өмір шындығын көрсететін өзіне тән ерекше объектісі бар.

Құқықтық сана дегеніміз, адамдардың қолданылып жүрген және тілек ететін құқыққа көзқарасын білдіретін түсініктер мен сезімдердің, бағалар мен мақсаттардың жиынтығы. Құқықтық сананың мәні оның бағалаушылық сипатында. Мәселен, меншіктің экономикалық санамен қатынас-тары тұрмыс деңгейі мен тұрмыс салтының алғашқы негіздерінің бірі ретінде, адамгершілік санамен қатынастары ізгілік пен зұлымдық тұрғысынан, құқықтық санамен қатынастары олардың заңдылы-ғын тану тұрғысынан қарастырылады. Құқықтық сана өзінің сабақтастығымен, мәдени-тарихи мазмұнымен күшті. Құқық туралы көзқарастар, түсініктер, идеялар мен теориялар ұрпақтан-ұрпаққа сол арқылы беріліп отырады.
Құқықтық сана-сан қырлы феномен. Оның жеке адам мен қоғамның рухани даму ерекшеліктеріне байланысты өз құрылымы бар. Құқықтық сананың негізгі екі элементі бар: құқықтық психология және құқықтық идеология.
Құқықтық психология болып жатқан оқиғалар мен құбылыстардан қызбалықпен, тіпті есі кете терең әсер алуға қабілетті адамға тән психикамен байланысты. Ол құқықтық санада көбінесе стихиялы түрде, құқыққа және құқықтық шындыққа көзқарас бейнелетін сезім, көңіл-күйі, сүйкімділік пен сүйкімсіздік, реніш түрінде қалыптасады.
Құқықтық идеология дегеніміз — құқықтық сананың құқықты және өмір шындығының құбылыстарын тұғырнамалық түрде бейнелеп, бағалайтын заңдық ұғымдарды, принциптерді, теорияны құрайтын жоғарғы қабаты.
Құқықтық идеологияның концептуалды параметрлері:
1. Құқықтық идеология Қазақстан Республикасының стратегиялық мақсаттары үшін өткендегі және қазіргі дүниежүзілік юриспруденцияның заң теориясы мен тәжірибесінен сындарлы және пайдалы дегеннің бәрін алуға тиіс.
2. Құқықтық идеология Қазақстан қоғамы дамуының тұрақтылығы мен саяси топтасқандығына жәрдемдесуге тиіс.
3. Құқықтық идеология жеке адамның рөлі мен құқықтарын мемлекетке алуға және кемітуге, қоғам мен мемлекетке қатынасы жөнінен егемендіруге емес, жеке даралық әлеуметтілік арқылы ғана болуы мүмкін объективті шындыққа негізделіп құрылуға тиіс. Адам мен азаматтың міндеттерін өзінің жаратылысы бойынша әлеуметтік мәні болғандықтан, адам құқықтары туралы пайымдауларға араластырып жібермеу керек.
4. Құқықтық идеология Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайту, жан-жақты ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету қажеттігін негізге алуға тиіс. 1995 жылғы Конституцияда негізі қаланған саяси биліктің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі негізінде кәсіби күшті және тиімді мемлекеттілікті дамытуға мүмкіндік туғызу керек.
Құқықтық тәрбие беру баланың жеке тұлғасын қалыптастырып, олардың бойына жоғары идеялық қоғамдық меншікке қатынасты көзқарасты дарытудың асыл міндеттері болып табылады. Мемлекетіміз жастарға құқықтық тәрбие беру ісіне үнемі маңыз беріп келеді. Құқықтық тәрбие негізі отбасынан басталады. Оқушылардың тәртіп бұзуының бір жағы отбасында жатыр.
Құқықтық тәрбие тура жолмен жүруге үйрететін әділеттілік әдістеріне сүйенеді. Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасында Отан қорғау мен оның қауіпсіздігіне ерекше мөн бергені мәлім. Бұл мектеп, отбасы және қоғам жұртшылығының құқықтық тәрбие жұмысын жүргізудегі басты бағытының бірі – оқушылар арасында заң тәртібін бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізуге кең жол ашып отыр.
Құқықтық мәселелерді сөз ету, оны тыңдаушысына жеткізіп бере білу аса қиын өнер. Бүған тек қана білімді болу жеткіліксіз, сонымен бірге тәжірибелі, көпті көрген, адамдардың жүрегіне барар кілтті таба білер тәрбиеші болу маңызды.
Адамның жалпы мәдениеті мен оның құқықтық мәдениетінің арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан да құқықтық тәрбиені адамгершілік тәрбиесі теориясының құрамды бөлігі ретінде қарастыру дұрыс.
Құқықтық мәдениет оқушыдан жан-жақты құқықтық білімдерді талап етеді.
Адамның құқықтық мәдениеті — күрделі психологиялық құбылыс. Бұл құбылыс қоғамның, мемлекеттің көптеген маңызды салаларында көрінеді. Ең бастысы адамгершілікті адам тұлғасының сапалық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал жасайтын тәрбие құралдарының бірі — орынды тәртіп және мінез-құлық тәрбиесінің жоғары деңгейінде болуы.
Сонымен адамның құқықтық мәдениеті дегеніміз — орынды тәртіп пен мінез-құлық, жан-жақты құқықтық білімдермен заңды құрметтеу, құқықты қорғау іс-әрекетінің терең бірлігі.
Құқықты құрметтеу, әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты, сезіну — адам тұлғасының жоғарыдан көрінуі. Құқықтық мәдениет-әлеуметтенудің маңызды факторы. Қазіргі кезеңде құқықтық мәдениеттің қалыптасу жағдайы.
1. «Мәдениет» деген сөз қазақ тіліне арабтың «маданият» қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл орта ғасырдағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезенінде қалыптасқан түсінік. Бізге үйреншікті болып кеткен «мәдениет» ұғымы — тәрбие және білімге тікелей қатысты, бірінен бірін бөлуге болмайды, яғни барлық халықтардың рухани қайнар бұлағы. Оның терең тамыры сонау көне заманда жатыр. “Мәдениет” ұғымының негізгі мағынасы адамның қолымен, санасымен жасалған барлық құндылықтар жүйесін білдіруге саяды. Демек, түрлі әлеуметтік қауымдасулардың ерекше мәдениетінің қалыптасуы заңды құбылыс.
Құқықтық тәрбие — құқықтық мәдениетті жетілдірудің басты мақсаты.
Қоғам тәртіпке негізделіп, қалыптасып, өмір сүреді. Қоғамдағы тәртіп түрлі әлеуметтік нормалардың, адамдардың мінез-құлқын реттейтін қағидалардың әсерімен, яғни күшімен орнатылады.
«Құқық бұзушылық дегеніміз — адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі».
Құқық бұзушылық пен келеңсіз жағдайларды барынша болдырмау және алдын алу, оның зияндылығы мен қауіптілігін түсіндіруде — өскелең ұрпаққа құқықтық тәрбие беру, оның мақсат-міндеттерін дұрыс түсіндірудің маңызы ерекше. Құқықтық тәрбие беру жан-жақты тәрбиелеудің маңызды бір саласы. «Құқықтық тәрбие мақсаты — оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет-қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу». Құқықтық тәрбиені ұстаздар қауымы ата-аналармен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен, салауаттылық және денсаулық сақтау мекемелерімен, спорттық ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, тәрбиенің өзге түрлерімен байланыстырып жүйелі жүргізер болса, нәтижелі болмақ.

Тілеубергенов Еразақ,
Заң ғылымдарының кандидаты, доцент
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
Мемлекеттік және азаматтық құқықтық
пәндер кафедрасының меңгерушісі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз