Осыған дейін тек алып-қашты сөз ретінде айтылып келген мәлімет енді ресми түрде расталып, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын жарыстардан шеттету туралы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы шығарған шешім заң жүзінде өз күшіне енді. Осылайша, үш және одан да көп рет допингке қарсы заңды бұзған 9 құрама команданы ресми жарыстарға қатысудан бір жылға шеттету туралы шешім күшіне енсе керек. Олардың қатарында Қазақстаннан басқа Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Молдава, Ресей, Түркия және Украина құрама командалары бар. Сондай-ақ, 21 күннің ішінде халықаралық федерация шешіміне қарсы шағым беруге болады екен. IWF атқару комитеті жоғарыда аталған 9 елдің ұлттық құрамаларын жарысқа қатысудан бір жылға шеттету туралы шешімді бірауыздан қолдаған. Құраманың жарыстардан шеттетілуіне қатысты өз мәлімдемесін жасаған ҚР Ауыр атлетика федерациясы: «Шешім қабылданған сәттен бастап, ҚР Ауыр атлетика федерациясы шеттетудің допингке қарсы күресте ең тиімді шара емес екендігін, оның адал спортшылардың, әсіресе жастардың қызығушылығын жоюға әкеліп соғатынын ресми мәлімдеді. Мәселе көтерілген барлық кезеңдерде қазақстандық федерация шеттетудің орнын алмастыруға арналған таза спортты жүргізу аясында өзіне қосымша міндеттемелерді алуға дайын екендігін мәлімдейді. IWF көрсетілген дәйектерді қабылдады және ҚР жасөспірімдер құрамасын жазалауды жұмсарту механизмдерін қарастыратын шешім қабылданады. Осыған байланысты, жасөспірімдер мен қыздар 2018 жылдың 6-18 қазан аралығында Аргентинада өтетін жасөспірімдердің Олимпиада ойындарына арналған жаттығуларын жалғастырады. Сондай-ақ қазақстандық өкілдер мен ҚР ААФ халықаралық және Азия федерацияларының басқарушы органдарындағы қызметтерін жалғастыра береді. Қазақстан және әлем спортынан допингті түп-тамырымен жою Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының басты басымдығы болып табылады. Қазақстанда антидопингтік саясатты жетілдіру және қатаңдандыру аясында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша халықаралық жарыстарға қатысқан 2016 және 2017 жылдары қазақстандық ауыр атлетика шеберлерінде тыйым салынған препараттар табылған жоқ»,— деп хабарлайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз