Тараз қаласындағы «Арай Плаза» бизнес орталығында ирандық инвестор Зангане Алиакбар Аббасалимен болған кездесуде облыс әкімдігі мен «PARS ERAM GROUP» компаниясы арасында меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта дәл осы компания облыста ауылшаруашылық саласында бірқатар инвестициялық жобаларды іске асырмақшы.

Ирандық инвестормен болған кездесуді алғы сөзімен ашқан облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев, соңғы жылдары Иран Ислам Республикасы мен Жамбыл өңірі арасында экономиканың бірқатар салалары бойынша сенімді әріптестік орнағандығын сөз етті.
— 2016 жылдың 25 қарашасында Тараз қаласында өткен халықаралық инвестициялық форумға Иран Ислам Республикасының өкілдері де қатысып, өңірге инвестиция тарту туралы ұсыныстарын жеткізген еді. Кейіннен облыс әкімі аталмыш мемлекеттің Гилян провинциясында жұмыс сапармен болып, өңірлер арасында ауыл шаруашылығы, сауда-экономикалық, рухани-мәдени байланыстарды нығайту бойынша бірқатар мәселелерді талқылаған болатын. Сол басқосуда екі жақты әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.
2017 жылдың алғашқы 8 айының қорытындысы бойынша Иранмен өзара сауда айналымының көлемі 752,9 мың АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,9 есеге өсіп отыр. Біздің облыс Иранға 91,9 тонна қой еті, 1011,4 тонна арпа және 756 тонна бидай қалдықтарын экспорттады. Ал Ираннан бізге байлап-таңу материалдары, металлдан құйылған бұйымдар, техника бөлшектері, газ есептегіші жеткізіледі, — деді Мәден Тоқтарбайұлы.
Ал өз кезегінде ирандық инвестор Зангане Алиакбар Аббасали сенімді әріптес ретінде Жамбыл өңірінде жұмыс жасауға разылығын білдірді.
Айта кету керек, бұл біздің облыста ирандық инвесторлармен ірі инвестициялық жобаның алғашқысы емес. Бұған дейін ирандық кәсіпкерлер Шу ауданындағы «KazIrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мақсары және мақсары майын өндіру жөніндегі бірлескен жобаны іске асыруға атсалысқан-ды.
Ендігі кезекте Иранның «PARS ERAM GROUP» компаниясы облыста сүт тауарлы фермасын ашуды және 1 мың гектарға үдемелі алма бақтарын отырғызуды жоспарлап отыр. Жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын жоба іске асырылған соң, 250 жергілікті тұрғын тұрақты және 500 азамат уақытша жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек. Жоба Шу және Жамбыл аудандарының аумағында іске асырылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз