high contrast image of casino roulette

Алматылық кірістер департаментінің тергеушісі ның алтын бұйымдарын тәркілеп, артынан оны казиноға тігіп жіберген. Бизнесмен келіншек барынан айырылып,.  Кәсіпкер Индира Бердыбекова: «Алматылық кірістер департаменті менің өмірімді тозаққа айналдырғанына міне алты айдың жүзі болды. Олар менің сауда нүктемдегі, інімнің және өз үйімде тұрған құны бір миллион долларлық алтын әшекейлерімді «контрабандалық қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін» деп тәркілеп әкеткен. Кейін жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне арыз жазып, шағымданып, сұрастырсам, кірістер департаментінің тергеушілері бағалы заттарды ломбард, базарға апарып сатып, казиноға салып жіберген. Бұл туралы маған департаменттің ішкі қауіпсіздік қызметкерлері айтты. Осылайша қолымдағы барымнан айырылып, белшемнен қарызға баттым»,— деп ашынады. Кәсібінен бір күнде айырылған жалғызбасты ана Алматының әрбір ломбардын өзі аралап, сатылымда тұрған алтын бұйымдарын бірден таныған. «Менің дүкенімде сатылған әшекейді қаладағы он ломбардтан көріп, суретке түсіріп, кім өткізгенін де анықтағымда олар кірістер департаментінің аға тергеушісі болып шықты. «Тауарымды кері алып беріңдер» деп құзырлы органға арыз да жаздым. Нәтиже жоқ. Осы күнге дейін бес қорғаушы жалдап, экономикалық қылмыспен күрес қызметкерлері тарапынан заңсыз іс қозғатып, мені алдап барлық дүниемді алып қойғанын сотта дәлелдеп шықтым. Қазір мен «қылмыскер» емес, мемлекеттік қызметкердің алаяқтығына тап болған құрбанмын. Алтын бұйымдарымды тәркілеген кезде тергеушілер мені шақыртқан да жоқ.  Гауһар (бриллиант) тастан жасалған көп әшекейімді картошка тиегендей қапқа салып алып кеткен. Алты ай бойы прокуратураға арыз жазып жұріп тәркілеу хаттамасын әрең алдым»,— дейді Индира күйініп. Алматылық бизнесмен тоқсан сайын салықты уақытылы  төлеп тұрған, дүкеніндегі алтындарды шетелден әкелмеген. Барлық тауарды Қазақстан аумағында өзге кәсіпкерлерден көтерме бағамен сатып алған және ешқандай заң бұзбаған. Заңгер Айгүл Орынбек кәсіпкер келіншекпен facebook желісінде тілекей эфир ұйымдастырып, салықшылардың былығын әшкереледі.  «Қылмыстық істі кеше тексеріп көрдім. Алғашқы кезде Индира Бердыбекова қылмыстық істе «куәгер» болса, сот кезінде «жәбірленушіге» айналды. Әрбір бағалы бұйымды тәркілеген кезде тергеушілер жазған хаттама, видео бәрі болған. Кейін сол хаттамалардың көзі жойылып, басқасы жазылса, бейнежазба мүлдем жоғалып кеткен. Сондай-ақ алтын бұйымдардың саны мен құны да өзгертілген. Тағы бір айтары, тергеушілер құны бір миллион доллар болатын әшекейді тәркілеген соң, неге сақтау қоймасына өткізбей, алты ай бойы жеке кабинетіне сақтаған. Департамент басшылары қайда қарап отыр?»— деп күйінеді танымал блогер. Кәсібінің нәсібін емес, азабын көрген жалғыз басты ананың арызынан соң кіріс департаментінің қызметкерлері Алматыдағы ломбардтардан әріптестері сатқан әшекей бұйымдардың біразын кері қайтарған. Алайда қолдан қолға өткен тауар иесіне берілмей әлі күнге дейін қайда тұрғаны белгісіз.  Бизнесмен келіншек құмар ойынның құрбаны болып, өзін тақырға отырғызған аға тергеушіні сотқа беріп, тауарын қайтып алу үшін Елбасынан да көмек сұрады. Алматылық кірістер департаменті болса, тәртіп бұзған аға тергеушінің мамыр айында тергеу изоляторына қамалғанын айтады. Оған қылмыстық кодекстің 361 бабы 4 тармағы бойынша айып тағылған. Яғни, «қылмыстық іске қатысы бар тәркіленген айғақтық зарттарды ұрлады және жеке мақсатына жаратты» деген айып тағылған.  Алаяқ тексерушінің изоляторға тоғытылғанынан Индираға келіп жатқан бір түйір пайда жоқ. Содан да: «Мұндай көпе-көрнеу әділетсіздікті көріп-біліп отырған біздің жер-көкке сыйғызбай мақтайтын әділ сотымыз бен заңымыз не қарап отыр?»— демеске амал қалмайды екен. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз