«Кітап — білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан шәкірттердің қай кезде де рухани байып, жанына өмірлік азық алса екен дейсің…
Елбасының «Қазақстан — 2030» бағдарламасында XXI ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты сауатты да салауатты өмірге бағыттауымыз керек» деген сөздері бүгінгі ұрпақ, ертеңгі ел азаматтарына білім мен тәрбие берер жандарға міндеттелген зіл батпан жүк.

Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбие күн тәртібінде тұрған мәселе екендігі баршамызға аян. Соның ішінде, мектеп оқушыларын кітап оқуға тарту, кітапханаға баруға қызығушылықтарын ояту ұстаздар мен кітапхана меңгерушілерінің басты міндеті деп білемін. Өйткені кітапхана – дүниедегі ештеңеге теңестірілмейтін білім бұлағының көзі болғандықтан, оқушыларға өмірлік, рухани азық болатын «кітап» атты құнды мұраны қастерлеуді үйретіп-ақ келеміз. Осыған орай Д.Бабаев атындағы № 115 жалпы білім беретін, тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған мектебіміздің кітапханасында оқушыларды заман талабына сай ақпараттық технологиямен, ғаламтормен жұмыс жасауға бейімдеп, оқырмандардың ойын кеңейтуге түрлі конференциямен, поэзия сағаты, әдеби-сазды кештер жиі өткізіліп тұрады. Мақсатымыз — мектеп оқушыларын көркем әдеби тілде сөйлеуге баулып, білім көкжиегін кеңейту, сөздік қорын молайтып, кітап оқуға деген құштарлығын арттыру.
«100 ән, 100 кітап» жобасы бойынша мектебімізде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, «25 ән, 25 кітап» бағдарламасы жасалды. Осы бағыттар бойынша 10-сынып оқушысы Жұмабаев Маратты Оқушылар сарайының 30 жылдық мерейтойына арналған «Табиғат және балалар» атты қалалық ғылыми-практикалық конференциясында «Алматының экологиялық ахуалын жақсарту — маңызды мәселе» атты тақырыбында өзінің ғылыми жобасын қорғап, оқушымыз жүлделі 1-орын иегері атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Оқушылар Сарайының 30 жылдығына арналған «Ақ Сарайым — алтын ұям» атты жас ақындар байқауына 10-сынып оқушысы Алдиярбек Аяулым қатысып, 2-дәрежелі дипломмен марапатталып, баспасөз бетінде шығармасы жарық көрді. Оқушыларға қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының есімдері мен қазақ әдебиетіндегі белгілі жазушылардың шығармаларын насихаттау, ұлт мәдениетін, әдебиетін тарихын зерттеуге қызығушылығын арттыру, өңірдің шежіресін, әдебиетін білу арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында 2013 жылы Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ұйымдастыруымен «Жарқын жаз — 2013» жазғы, «Айбынды Абылай ханның 300 жылдығына» арналған тарихи оқулардың аудандық байқауына Д.Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектептің 9 «Ә» сынып оқушылары Сейтнұр Шынар мен Рақымбекова Айгерім қатысып, I, II орындарды иеленіп, мақтау қағаздарымен марапатталды. Қалалық байқауға қатысып «Жас зерттеуші», «Жас энциклопедист» номинациясы бойынша мақтау қағаздарымен марапатталды. 10 «А» сынып оқушысы Шәден Ербарыс ІІ орын алып, мақтау қағазымен марапатталды. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Республикалық Ғылыми Педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітап оқитын адам — табысты адам» атты республикалық байқауының аймақтық I турына 1 мен 4 сыныптар аралығында өткізілген «Менің сүйікті кітабымның иллюстрациялары» номинациясы бойынша 3 «Ә» сынып оқушысы Гизат Елдана қатысып, I орынды иеленіп, қалалық байқауға жіберілді.
4 «Ә» сынып оқушысы Жүсен Шұғыла II орынды иеленіп, мақтау қағазымен марапатталды. 5 пен 9 сыныптар арасында «Менің сүйікті жазушым, менің сүйікті шығармам» номинациясы бойынша 9 «А» сынып оқушысы Жайнақ Самал байқауға қатысып, мақтау қағазымен марапатталды. 9-11 сыныптар арасындағы «Мен мына кітапты оқуға кеңес беремін» номинациясы бойынша 10 «Ә» сынып оқушысы Сейтнұр Шынар байқауға қатысып, II орын алып, қалалық байқауға жіберілді. Қалалық байқаудан Сейтнұр Шынар I орынды иеленіп, мақтау қағазымен марапатталып, сыйлыққа ие болды. Байқау туралы мақала «Мектептегі кітапхана» журналында жарық көрді. Шынардың оқыған кітабы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи романы мен Қазақ хандығының құрылғанының 550 жылдығымен байланыстырып айтып бергені ұтымды шықты. Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына байланысты «Көшпенділер» тарихи романы көп тиражбен басылып шығып, халықтың көзайымына айналса деген өз ұсынысын білдірді. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған оқырман конференциясы 10-сыныптар арасында өткізілді. 2015-2016 оқу жылында С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасы мен «Балбұлақ-Родник» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Мәңгілік Классика» атты көркем сөз шеберлерінің қалалық байқауына 9-сынып оқушысы Шагизандаева Айтолқын белсене қатысқаны үшін арнайы мақтау қағазымен марапатталды.
Сапарғали Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында өткізілген «Мәңгілік классика — 2015» көркем сөз оқу шеберлерінің байқауында 7 «Ә» сынып оқушысы Турапбекова Махаббат Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» кітабындағы Күлпаш кейіпкеріне сахналық көрініс әзірлеп, өзінің әртістік шеберлігін көрсетіп, қала бойынша 1-орын алды.
2016-2017 жылғы оқу жылында «Мәңгілік классика — 2016» көркем сөз оқу шеберлерінің байқауында Шекспирдің «Ромео мен Джулетта» шығармасы бойынша 10-сынып оқушылары сахналық қойылым көрсетіп, 1-орынды иеленіп, арнайы дипломмен марапатталды.
«Кітап — адамның өмірлік серігі» деген қағиданы үнемі жадымызда ұстасақ, болашақ ұрпағымыз білімді де білікті болып қалыптасуына жол ашылып, келешекте өмірлік серігіне айналады деп ойлаймын. Сонымен қатар халқымыздың ғасырлар бойы жинаған асыл рухани қазыналары қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, дүниетанымын қалыптастыруда өнер арқылы тәрбиелеу өзекті мәселелердің бірі екендігін айтқым келеді.

Тоқсамбаева Дәмет Шәлібекқызы,
Д.Бабаев атындағы № 115 ЖББ
мектептің кітапхана меңгерушісі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз