Маңғыстауда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауы өз мәресіне жетті.
Ауылдық елді мекендерде адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы ортаны қалыптастыру мақсатында Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілген конкурсқа тұрғылықты халық саны үш мыңнан асатын және халық саны үш мыңнан аз ауылдар қатысты. Аудан ішінен үздік деп танылған ауылдар облыстық байқауға ұсынылды.
Әр ауылда көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Мысалы, өңірдегі су тапшылығына қарамастан, Таушық ауылында аумағы 3,2 га орталық саябаққа 900 түп ағаш отырғызып, баптап келеді. Сондай-ақ, көше бойына 672 электр шамы орнатылып, толық жарықтандырылған.
Арнайы жасақталған жұмыс тобы байқауға ұсынылған 8 ауылды аралап, олардың ерекшеліктері бойынша анықтама әзірледі. «Үлгілі ауыл» облыстық байқауын комиссия мүшелері төмендегідей қорытындылады:
1.Тұрғылықты халық саны 3,0 мыңнан асатын ауылдар арасындағы байқау қорытындысы бойынша:
I орын — Түпқараған ауданының Таушық ауылына 10,0 млн. теңге сыйақы;
II орын — Қарақия ауданының Жетібай ауылына 7,5 млн. теңге сыйақы;
III орын — Бейнеу ауданының Боранқұл ауылына 5,0 млн. теңге сыйақы;
Ынталандыру сыйлығы — Мұнайлы ауданының Дәулет ауылына 2,0 млн. теңге сыйақы берілді.
2. Тұрғылықты халық саны 3,0 мыңнан аз ауылдар арасындағы байқау қорытындысы бойынша:
I орын — Маңғыстау ауданының Үштаған ауылына 10,0 млн. теңге сыйақы;
II орын — Қарақия ауданының Сенек ауылына 7,5 млн. теңге сыйақы;
III орын — Бейнеу ауданының Сарға ауылына 5,0 млн. теңге сыйақы;
Ынталандыру сыйлығы — Түпқараған ауданының Қызылөзен ауылына 2,0 млн. теңге сыйақы табысталды.
Байқау шартына сәйкес жеңімпаз атанған ауылдар сыйақының 80 %-ын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына жұмсауы тиіс. Ал 20 %-ын ауыл нысандарын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына үлес қосқан заңды және жеке тұлғаларды марапаттаған жандарға табыстайды. Айта кетсек, байқау биыл бірінші рет өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.

Айман Нұрмағанбет

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз