Қазақстан — 2050: Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» экспедициясы Маңғыстау облысына келді. Экспедция құрамында «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Нағашыбай Қабылбек бар.
Ең алдымен экспедиция мүшелері достық мекеніне айналған «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдық тойына қатысты.
Экспедиция мүшелері шара аясында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен өңірдегі шаруалардың жиынына қатысып, «Туған жер» бағдарламасы аясында салынған спорт кешендерінің ашылуына қатысты.

Маңғыстау облысы әкімдігінің алға қойған негізгі мақсаттарының бірі — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған аграрлық секторды облыс экономикасының драйверіне айналдыру. Ата кәсібіміз мал және егін шаруашылығын дамыта отырып, алдымен жергілікті тұрғындарды толық өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету. Ел болып, осы жолда еңбек етсек, бұған толық мүмкіндігіміз бар. Ауылшаруашылық саласының тоғыз айын қорытындылап, алқалы жиын өткізген облыс әкімі Ералы Тоғжанов басқосуда мәселеге ерекше тоқталды.
Өңір басшысы аймақта атқарылған жұмыстардың есебін тыңдап, кәсіпкерлермен кездесті. «Облыстың мал шаруашылығы саласында өткен жылмен салыстырғанда өсім бар, яғни мал басы 12,5 пайызға артқан. Мәселен, былтыр (2016ж.) 482 713 болса, биыл (2017ж.) 537 247-ке жеткен. Көш басында Маңғыстау мен Бейнеу аудандары тұр. Асылтұқымды мал шаруашылығы — сапалы да мол өнім өндірудің көзі. Қазіргі күні Маңғыстау облысы бойынша 36 асылтұқымды мал шаруашылығы субъектісі тіркелген. Дәл осы саладағы тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау аясында мал өнімділігін арттыруға облыс бойынша 260 млн. теңге субсидия қаржысы бөлінген. Мал шаруашылығымен айналысам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сол үшін мүмкіндікті мүлт жібермей, нақты іс бастау керек», — деді Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ ол, Бірккен Араб Әмірлігінен жылына 2,5 млн бас қойға сұраныс бар. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізді арттыруға жол ашатын болады. Сондықтан барлық шопандарды қойды көп өсіруге шақырды. Осы ретте шопан көмекшілеріне ай сайын тұрақты жалақы беріліп тұратынын мәлімдеді.
Аянбай тер төгіп, еңбек етсең, жер-ананың да жерге қаратпайтыны анық. Яғни, берекесі мол кәсіптің бірі — егін шарушылығы. Бүгінде облыс бойынша егістікпен айналысатын 120 шаруашылық және 13593 үй шаруашылықтары бар. Биылғы егін алқабының көлемі 1100 га (2016 ж. 941 га). Сонымен қатар, 27 жылыжай кешені жұмыс жасап тұр. Бұл салада да мемлекет тарапынан 181 млн. теңге субсидия бөлінген. Алдағы уақытта аймақтағы жылыжайлар мен ұңғымалардың санын арттырып, жаппай тамшылатып суару технологиясына өту керектігі айтылды. Жиын соңында облыс әкімі бұл көрсеткіштермен тоқмейілсімей, егін және ауылшаруашылық саласында өнім өндіретін кәсіпорындарға өндіріс көлемін көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттің жеңілдіктерін пайдалана отырып, жаңа кәсіпорындар ашу керектігін атап өтті.

МАҢҒЫСТАУЛЫҚ КӘСІПКЕР ӨЗ АУЫЛЫНА СПОРТ КЕШЕНІН САЛЫП БЕРДІ

Отанға деген сүйіспеншілік алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға елім деген әр азамат үлес қосуы керектігі айтылған. Осы орайда Маңғыстау облысында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Бюджеттен тыс қаржыға мектеп, балабақша, жолдар жөнделіп, оқу ғимараттарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, кәсіпкерлер жерлестеріне қолдау көрсетуде.
Туған жерге тағзым жасағандардың бірі — Шетпе ауылынан шыққан кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев. Ол жерлестеріне тамаша тарту жасап, ауылда заман талабына сай спорт кешенін салып берді. Кәсіпкер кешен құрылысына 200 млн. теңге жұмсаған. Қуанған ауыл тұрғындары зәулім спорт кешенінің ашылу салтанатына тай-тұяғы қалмай түгел жиналды. Мұнда бір мезгілде 100 адамға дейін жаттыға алады. Спорт кешенінде волейбол, баскетбол мен шағын футбол залдарымен қатар талапқа сай жабық бассейн ашылды. Бокс пен күрес үйірмелері жұмыс істей бастады.
— Ауданымыз спорттан кенде емес. Әлем чемпиондары, Азия чемпиондары қасымызда жүр. Ендігі біздің биік шыңымыз — Олимпиада чемпионын дайындау. Негізінен, спорттың шыңына шығатындардың көбі ауылды жерден шығады. Оның үстіне дәл мынадай заманға сай спорт кешенінде жаттығып, дайындалатын болса, балаларымыздан да үмітіміз зор, — дейді ҚР құрметті спорт қайраткері Сабақбай Тілегенов.
Айта кетейік, Маңғыстау ауданында тап осындай алты бірдей спорт кешені ауыл кәсіпкерлерінің қаржыландыруымен салынып жатыр.

ЭКСПЕДИЦИЯ МҮШЕЛЕРІ МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНДА

Айтулы шаралардан кейін экспедиция мүшелері Мұнайлы ауданына аялдады. Құрылғанына 10 жыл болған ауданның жетістігі көп. Экспедиция барысында Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас директоры, Елдің анасы Сәуле Мешітбайқызын «Мұнайлы ауданының 10 жылдығы» медалімен марапаттады.

 

МҰНАЙЛЫ АУДАНЫ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҢҒЫШЫ

Мұнайлы ауданы ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздігімізді алған жылдар ішінде шаңырақ көтерді. Яғни, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2007 жылғы 4 маусымдағы №338 Жарлығымен жалпы аумағы 492189 гектар жерді құрайтын жаңа аудан пайда болды. Тарихи шешім жарияланғанда ауданда бар болғаны 53 мың халық болса, зулап өткен он жыл ішінде аудан халқының саны жедел өсті. Бүгінде 150 мыңға жуық тұрғын бар.
Рухани жаңғыру мен жаңарудың даңғыл жолына түскен ауданда 7 ауылдық округ бар. Атап айтқанда, ауданның әкімшілік құрамына Маңғыстау, Баянды ауылдары мен Атамекен, Қызылтөбе, Басқұдық, Дәулет, Батыр ауылдық округтері кіреді. Сонымен бірге осы ауылдық округтерге қарасты тұрғын үй массивтері бар. Олар: Маңғыстау-1, 2, 3, 4, 5; Қызылтөбе-2; Баянды-2, 3; Жаңа Дәулет тұрғын үй массивтері болып құралады.
Ауданның жастарына арналып Маңғыстау, Басқұдық, Дәулет ауылдарында балалар және жасөспірімдер спорт мектептері есіктерін айқара ашқан. Осымен қоса ауданда 25 балалар ойын алаңы мен 17 спорт алаңының келем деушілерге есігі ашық. Сондай-ақ, аудандағы жалпы білім беру орта мектептерінде 75 орыннан 390 орынға дейінгі спорт залдар жастар қарамағында. Әлі де Маңғыстау ауылынан 160 орындық спорттық сауықтыру кешенін, Атамекен ауылдық округінен 2 спорт зал салу жоспарда бар.
Ауданда халық қажеттілігін өтеу үшін тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Қолжетімді баспанамен қамту мақсатында Маңғыстау ауылында 24 пәтерлік 4 қабатты 12 тұрғын үй несиелік негізде салынып, 288 адам несиелік бағдарламасы арқылы үйлі болады. Сонымен бірге жаңадан ашылған Батыр ауылдық округінің Емір шағын ауданынан 4 пәтерлік 20 тұрғын үйдің, 4 пәтерлік 40 жалдамалы тұрғын үйдің инженерлік желілері өткен жылы жүргізілген еді. Енді жыл соңына дейін бірқатары беріледі деп күтілуде. Маңғыстау ауылында 100 отбасына арналған жатақхана құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Атамекен, Маңғыстау кварталдары мен Баянды-3, Батыр ауылдарын ауызсумен құбыр арқылы қамту жұмыстары жалғасын табуда. Бұл жұмыстар жақын күндері аяқталып, аудан тұрғындарын орталықтандырылған құбыр арқылы қамту 73 пайызға жетеді. Ал келер жылы Қызылтөбе, Маңғыстау-3, 5 тұрғын үй массивтерін ауызсу жүйесімен қамту құрылыстары республикалық бюджеттен жоспарланған қаражат есебінен жүргізілсе, онда Мұнайлы ауданының тұрғындары орталықтандырылған құбыр арқылы 100 пайыз таза ауызсумен қамтылады.

АУДАН ХАЛҚЫ АТЫНАН

Ауданның ақсақалдары дамып келе жатқан ауданға ризашылығын білдірді. Солардың бірі — Басқұдық ауылдық округінің тұрғыны Нұрбай Көбенов.
— Рухани жаңғыру аясындағы айтулы тойда елім, жерім гүлденсін дейтін аудан азаматтары өз қаражаттары есебінен халыққа қажетті нысандар салып, ел игілігіне берілгеніне де куә болдым. Соның бірі — Басқұдық ауылдық округіндегі «Мұхамбет» жекеменшік медициналық орталығы. 12 білікті дәрігер мен 20 медбике қызмет ететін орталық бір ауысымда 150 адамға қызмет етеді. Осындай ел игілігі үшін қызмет ететін орталық басшысына және ондағы қызметкерлерге ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін. Жігерлі азаматтарды ел мүддесі үшін жұмылдыра білген аудан басшысы Нұрлан Тәжібаевқа да ризамын.

«БАЛА — БОЛАШАҒЫМЫЗ» ДЕЙТІН АЗАМАТТАРҒА РИЗАМЫН

Ауылдың атпал азаматтары, яғни жеке кәсіпкерлер жекеменшік бала тәрбиелеу орындарын ашып, өз істерін дөңгелете жүргізіп жатқан жайы бар. Бұған қуанамыз, әрине. Жаңғыру мен жаңарудың аясында өткен ауданның 10 жылдық тойына тарту ретінде Маңғыстау ауылында 100 орындық «Мұрагер» жекеменшік балабақшасы ашылды. Енді мұнда 100 бала тәлім-тәрбие алады деген сөз. Мұның өзі Елбасы саясатының жергілікті жерде орындалып жатқанының айқын дәлелі. Қазір ауданда 20-дан аса жекеменшік балабақша болса, онда қаншама жұмыс орындары ашылғанын пайымдау қиын болмас. Осындай ел игілігі үшін ашып отырған нысан басшыларына алғыстан басқа айтар тілек жоқ, — дейді Темір жол саласының үздігі, еңбек ардагері Амандық Алдабергенов.

ҚҰТТЫ МЕКЕНГЕ АЙНАЛДЫ

Мұнайлы ауданының 10 жылдық мерейтойы күні облыс басшысы Ералы Тоғжанов пен аудан басшысы Нұрлан Тәжібаев аудан, облыс ақсақалдарымен бірге орталық «Тәуелсіздік» саябағындағы «Мәңгілік ел» монументін салтанатты жағдайда ашқан болатын. Саяси мәні өте жоғары іс-шараға ауданымыздың алты жастағы баласы мен жетпістегі ақсақалы қатысты.
Рухани жаңғыру аясында өткен Мұнайлы ауданының 10 жылдық тойында ашылған монумент пен жаңарған саябақ бүгінде үлкен мен жастың мәдени демалу орнына айналды. Бұған аудан жұртшылығы өте риза. Келуші саны үзілмейді. Бұған іштей қуанып жүрмін. Осындай ел сүйсінетін орындар ауылдарда да ашылып жатса, нұр үстіне нұр болары анық, — дейді Маңғыстау-5 елді мекенінің тұрғыны, ауыл ақсақалы Абдулла Мұрыншықов.

АУДАННЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ КӨРСЕТКІШТЕРІ КӨҢІЛ КӨНШІТЕДІ

Ауданның ауыл шаруашылығы саласында мал бас саны төмендегідей: ірі қара мал — 864, қой/ешкі — 19171, жылқы — 3020, түйе — 3930, құс — 26504, шошқа 54 басты құрайды. Аудан аумағында 139 мал шаруашылығы және 37 егін шаруа қожалықтары тіркелген.
2017 жылдың қаңтар-маусымында малмен құстың барлық түрін тірідей салмақта етке өткізу, сауылған сүт өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сәйкесінше 8,5 % -ға және 24,9%-ға көбейді.
2017 жылдың шілде айы жағдайында өсімдік шаруашылығы саласында 395,4 га аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылды. Үстіміздегі жылы шаруа қожалықтарынан 698 тонна қызанақ, 955 тонна қияр, 203 тонна қырыққабат, 145 тонна бұрыш, 123 тонна баклажан, 728 тонна қауын, 845 тонна қарбыз, 96 тонна асқабақ, өнім алынды.
Аудан бойынша фермерлік типтегі 8 жылыжай және өнеркәсіптік типтегі 1 («Каспий АгроКомпании» ЖШС) жылыжай жұмыс жасауда.
Тыңайтқыштардың құнын субсидиялауда отандық тыңайтқыш өндіруші «Қаз Азот» ЖШС арзандатылған құнмен 140 тонна тыңайтқыш 4,9 млн. теңге көлемінде аммиак селитрасы сатып алынды.
Басым дақылдарды және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өндіру шығынын субсидиялау бойынша 4 жылыжай облыс бюджетінен 7 млн. 80 мың теңге қаражат бөлінді.
Ауыл шаруашылығы жануарларының азығына кеткен шығындар құнын 50 %-ға дейінгі мөлшерде өтеу бойынша «Тұман-Шах» ЖШС 7 млн. 500 мың теңгеге субсидияланды.
Өнім өндірісінің құнын арзандату бойынша «Кішкенеқұм» шаруа қожалығы 435 мың теңгеге субсидияланды.
Ағымдағы жылы «Тұман-Шах» ЖШС Ресей Федерациясынан 20000 бас асылтұқымды тәуліктік балапан сатып әкелінді.
Батыр ауылдық округінің ЦБПО аумағында 6 гектар жерде жеке кәсіпкердің ұйымдастыруымен «Экзотика Құс Әлемі» ЖШС жұмыс жасайды. (Бұл жерде үйрек, күрке тауық, қырғауыл (фазан) және павлин құстары өсірілуде).
Мұнайлы ауданының «Ақтау-Құрық» тас жолы бойындағы Қызылқұм аумағында 3 га жерге «ГринХаус» жеке компаниясы есебінен заманауи жарақтандырылған жылыжай кешенінің құрылысы салынуда. Бұл өз деңгейінде, біріншіден, арзандатылған бағамен көкөніс дақылдарын, аудан тұрғындарына ұсынатын болса, екіншіден, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға септігін тигізетін болады.
Қазіргі таңда Мұнайлы ауданы Баянды ауылдық округінде «Кішкенеқұм» және «Абылайхан» шаруа қожалықтары Әзірбайжан Республикасы импортталған 184 бас жылқы малын алып келді.

ЭКСПЕДИЦИЯ МҮШЕЛЕРІ ҚҰС ПАТШАЛЫҒЫНДА

Мұнайлы ауданына сапар барысында экспедиция мүшелері «Экзотика Құс Әлемі» ШҚ-ның жай-күйімен танысты. Аты затына сай шаруа қожалығында 1500 бөдене, 1000-ға жуық қаз, 30 қырғауыл, түйеқұстың 15 түрі бар. Нағыз құс патшалығы сияқты. Қожалықта құстардан бөлек қоян, түйе де бар. Сондай-ақ, шаруашылық иелері жылыжай шаруашылығымен айналысып отыр. Қожалық иесі Боранбай Қаржаубаевтың негізгі мамандығы — мұнайшы. Алайда құсқа деген ерекше сүйіспеншілік пен қызығушылық оны осы кәсіппен айналысуға итермелеген. Боранбай мырза шаруашылығын 2016 жылы Ресейден 5 түйеқұс алып бастаған.
— 5 түйеқұсты бағудан басталып кеткен кәсіп десем болады. Бүгінде қырғауылдардың он шақты түрі бар. Күркетауықтың екі түрі бар. Түйеқұс, қоян бар. Көктемде 300 түп жеміс ағашын отырғыздым. Негізінен экотуризмді дамытуды көздеймін. Осы жолда аянбай еңбектенемін. Этнокафе салдым, этноауыл салып жатырмын. Яғни, кез келген адам келіп қалаған уақытында құстармен танысып, табиғи таза өнімнен дәм татып, тамақ жеп кете алады. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары келіп тұрады. Үлкен балам Бекен мен Есен атты кіші балам шаруашылығымды жүргізуге көмектесіп тұрады. Екеуі де шетелде оқып келді. Осы жерді демалыс орнына айналдырсам деймін, — дейді Боранбай шаруа.
Арманы асқақ, мақсаты айқын Боранбай бүгінде этноауыл жобасын бастап та кеткен. Қазірдің өзінде 2 ағаш үйі тігулі. Шаруа болашақта киіз үйдің санын оннан асыруды көздейді.


Құс патшалығының иелері құстарға ерекше күтім жасайды. «Әр құстың тамағы әртүрлі. Арпа, бидай, қоспа жем барлығын Қостанайдан аламыз», — дейді Боранбай Қаржаубаевтың баласы, шаруашылық ісін дөңгелетіп отырған Есен Боранбай.
— Жемді Қостанай облысына тапсырыс беріп алдырамыз. Инкубатордан балапан шығарамыз. Оған арнайы техникамыз бар. Әсіресе түйеқұстың күтімі ерекше. Түйеқұстар біздің Маңғыстауға тез үйреніп кетті. Қыста сақ болу керек. Себебі түйеқұс мұзға шалынып құласа, аяғы сынады. Сосын жарамай қалады. Терісі қолтырауынның терісімен бірдей. Бағалы, сапалы. Тағы бір айта кететін ерекшелігі түйеқұстың жүніне шаң жабыспайды, — дейді Есен Боранбай.
Сондай-ақ, Боранбай Қаржаубаев жылыжай шаруашылығымен де айналысады. Жылыжайда қияр мен құлпынай өсіреді. Оларды тамшылатып суару әдісі арқылы қоректендіреді. Айта кетсек, жылыжайдағы қияр мен құлпынай жыл бойы жемісін береді.
Маңғыстауда баламасы жоқ шаруашылықты дөңгелетіп отырған Боранбай шаруа 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Олардың екеуі егін шаруа қожалығына жауапты болса, үшеуі құстарға жауапты.

Айман Нұрмағанбет
Суреттерді түсірген:
Автордың өзі
және Серік Майемеров

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз