Парламенттің Мәжiлiс үйiнде «Iшкi туризмнiң жай-күйi: проблемалары мен келешегi туралы» отырыс өтті. Осы мәселеге қатысты Мәжiлiс депутаты Шавхат Өтемiсов: «Елімізде жылына 6,5 млн турист iшкi туризм қызметiн пайдаланса, шетелге шығатындар саны 9 милионнан асады.

Шетелге шығу — бiздiң қазақстандық ақшаның шетел экономикасына жұмыс iстеуi. Туризмнiң Қазақстан IЖӨ-сiндегi үлесi 1,6 пайызды құрайды. Ал оның iшiнде iшкi туризм үлесi 1 пайыздан аз. Яғни, бiз iшкi туризмдi дамытуға қажеттi барлық жағдайдың болғанына қарамастан Қазақстанның мүмкiндiктерiн пайдалана алмай отырмыз. Осыған орай, туризмге келтiрiлiп отырған кедергiлердi алып тастауға көмектесетiн шаралар қабылдау қажет. Мәселен, инфрақұрылым, оның iшiнде жол мәселесiн, сондай-ақ туризм саласы мамандарының жетiспеушiлiгi проблемасын шешу керек. Қазiргi үлкен проблемалардың бiрi — iшкi туризмнiң қымбатшылығы. Өкiнiшке қарай, бiзде ешқандай негiз болмаса да туристiк өнiмдер бағасы шарықтап тұр. Менiң ойымша, бұны екi жолмен шешуге болады.

Бiрiншiден, бiз бәсекелестiктi дамытуымыз керек. Өйткені, ұсыныс көп болса, баға төмендейдi. Екiншiден, туристiк қоғам қазiр бiрден мол табысқа кенелгiсi келгенiмен, кейiн қызығушылық болмаса, бұл табыс көзi жойылатынын түсiнуi керек. Яғни, олар бағаның ұсынысқа сай келу керектiгiн түсiнуi тиiс. Өзiмiз де Бурабайдағы демалыс Түркиядағы демалыстан қымбат екенiн естiп жүрмiз. Бұл қисынсыз жағдай. Тағы бiр мәселе, мен туризм саласына мемлекеттiң көмегi қажет деп ойлаймын. Мәселен, мемлекет инфрақұрылымға, оның iшiнде жол сапасына жауап беруi керек»,— деген пікірін білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз