Соңғы кездері әр ай сайын «тосын жаңалықтарды» жария етумен танылып жүрген ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев: «Бар мәселе жанармайдың сапасына келіп тіреледі. Қазір біз К-2 сапалы бензин алып отырмыз.

Ал К-4, К-5 алу үшін қосымша тазалау құрылғысы салынып жатыр. Олар қарызға алынған ақшаға құрылады, ал қарызды қайтару керек. Сондықтан да бензин бағасы қымбат болады. Бұл — экономикалық теорияның заңы. Қазір Шымкент мұнай өңдеу зауыты К-4 бере алады, ал Павлодар МӨЗ енді бере бастады. Егер Атырауда катализатормен тазалау қызметі жақсы орнатылса, желтоқсанның соңында МӨЗ К-5 сапалы жанармай бере алады.

Бензиннің нақты бағасын қаңтар-ақпанда білеміз. ЕАЭО техникалық регламентіне сәйкес, 2018 жылдан бастап, Қазақстанда К-2 кластағы бензинді пайдалануға тыйым салынады. Жаңа жылдың бірінші тоқсанында өтпелі кезең болады, ал екінші тоқсанда қазақстандықтар тек К-4 және К-5 сапалы бензин қолданатын болады»,— деген ақпарды алға тартты.

Бірақ, ел халқының көкейінде: «Әлгі құрылғыларды бюджет қаражатына салмай, сырттан алған қарыз есебінен салуға не итермелеп отыр? Республика өңірлерінде пйдаланылып отырған ақылы жолдардан, автокөліктердің салығынан, автотұрақтардан, жол жүру ережесін бұзушылыққа салынған айыппұлдардан түсетін қыруар мол қаражат сонда қайда кетіп жатыр? Әлде бұл қандай жолмен болса да халықтың қалтасына түсіп, тал түсте тонаудың «тиімді» жолы ма?»— деген сұрақтың қылаң берері анық. Бұған құзырлы билік органдары не деп жауап берер екен?

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз