– «Қазақстан ZAMAN» газетінің сұрақтары өте жақсы ойлап табылған. Газеттеріңіздің қай саны болсын көтеріліп жатқан материалдарыңыздың барлығы ұнайды, газет әр саланы қамтиды, мәдениет, спорт, экономика, сая-саттағы болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар дегендей. Десек те, Президентіміз Н.Назарбаев «тіліміз — түрік, дініміз — ислам, кітабымыз — Құран» демеп пе еді, тілімізбен бірге дінімізді біле жүрсек, артық болмас деймін. Себебі қазіргі кезде бұл көп көтеріліп жүрген тақырыптардың бірі, жастар өз ата-баба ұстанған дінін түсінбей басқа ағымдарға өтіп жатқан па. Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен, сахабалар өмірінен және хадис шариптерінен беріліп тұрса, керемет болар еді.
– Қазақстан дамыған 30 мем-лекеттің қатарына қосылуы, әрине, халқымыз үшін үлкен дәреже. Қазіргі мемлекетіміздің даму қарқыны жаман емес, десек те көп елдермен саяси, экономикалық жағынан сауатты, болашақты болжай алатын, халық қамын ойлайтын білімді жастарды тәрбиелеу керек.
– Жемқорық — әр елде кездесетін, жағымсыз әрекет. Қоғамда кең етек жайып, көптеген адамдар шешімін таба алмай жатқан зор індет. Қазіргі кезде заман осындай, мен де үлесімді алып қалайын, пайда көріп қалайын деген пиғылдан туатын жағымсыз құбылыс. Қазір қалада жай бір мекеменің еденін жууға да, күзетшілікке де таныс арқылы кіреді. Әр кәсіптің өз белгілеп қойған мөлшері бар. Мұнымен күресудің жалғыз жолы — қатаң заң және жазалау, басқаларға сабақ ретінде ел алдында абыройын төгу.
– Тіл мәселесі де шешуін таппай тұрған өзекті мәселенің бірі. Қазір көп елдерде өз ана тілінде сөйлейді, құрметтейді, өкінішке орай, бізде бұл әлі де ақсаңқырап тұр. Облыстарда тіл комитеттері құрылып, көшелерді тексеріп, мекемелерді аралап, жұмыстар жүргізіліп еді, қазір кішкене бәсеңдеп қалғандай. Қалалық автобустарда әлі күнге дейін аялдамаларды орысша айтады, дүкен, кафелер маңдайына орысша жазып қояды, кейбіреулері тіліңе пысқырмайды да. Тіл мәселесін жоғары мінберлерден, жиындардан бастау керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» — деп М.Әуезов атамыз айтпақшы, әр қазақ ең алдымен өз отбасынан бастауы керек.
– Мені осы тақырып қатты толғандырады. Қазақ туралы біл-гің келсе, базарға бар дер едім. Өйткені нағыз өмір сонда. Жай халықтың күнкөрісі базар боп қалды. Қыстың суығы, жаздың аптап ыстығы соған қарамай сауда жасайды. Одан байып жатқан олар жоқ. Ауылдан ағылып келіп жатқан жастар сол базарда арба итеріп жүк тасиды, одан қалды құрылыста жұмыс істейді. Өздері пәтер жалдайды, сол жоқшылықтың зардабынан ажырасып жатқан тағы біздің қазақ. Таксишілер не сан. Басқа ұлттардың банктерінде, кафе-мейрамханаларында күзетші кім, тағы сол біздің жастар.
Кезіндегі Алматы қандай еді, «ұрып кетті, соғып кетті, атып кетіпті» дегенді сирек еститінбіз. Біз сонда қайда кетіп бара жатырмыз?
– Елбасының жалпы саясаты өте жақсы, ойлағаны халық қамы, бірақ бұл бір ғана адамның қолынан келетін шаруа емес. Бәріміз бірлесуіміз керек. Миллионерлер шетке тыққан ақшаларын қайтарсын деген ойы өте орынды, олардан түскен қаражат ең болмаса бір жерімізді жамауға жарар еді.
– Еліміздегі халық санын көбейту халықтың әл-ауқатын көтеру арқылы ғана жүзеге асады. Бізде әр туған балаға он-он екі мың теңге ғана төленеді, ол оның тамағына жете ме, жоқ киіміне жете ме? «Алтын алқа», «күміс алқа» дегендерге жеңілдіктер жасалу керек, олардың да алатын жәрдемақысы түкке тұрмайды, бір базардан артылмайды. Демография өсіп келеді дейді, дегенмен ол өте төменгі деңгейде.

Оқырманға 7 сауал:

Белсенділік танытқандарға сыйлығымыз бар

1. Газеттегі көтеріп жүрген тақырыпта-рымыздың қайсысы ұнамайды, қайсысы ұнайды? Газет оқылуы үшін қандай мәсе-лелер қамтылуы керек, немесе сіздің жан дүниеңізге не қажет?
2. Қазақстанның дамыған 30 мемлекетінің қатарына тұру үшін мемлекетіміз, халқымыз, билік, қоғамдық ұйымдар нендей мәселелерді атқару керек?
3. Жемқорлық мемлекетімізді тұншық-тырып, сансыратып, тұралатып тұр. Бұл кесапаттан құтылудың қандай жолдары бар?
4. Тіл — халықтың жаны. Мемлекеттік тілдің мемлекетіміздегі мәртебесіне, қолданылу аясына, беделіне көңіліңіз тола ма?
5. Қазақ мәселесі, ұлттық идеология мемлекетімізде қандай дәрежеде деп ойлайсыз? Егер оған көңіліңіз толмаса, қандай жолдармен көтеру қажет?
6. Елбасымыз ел экономикасын көтеріп, байлығын тасытып, оның қызығын қарапайым халықтың көруі үшін бар күш-жігерін, ақыл-ойын сарп етіп отыр. Осы мәселені шынайы жүзеге асыру үшін миллиардерлерді, миллионерлерді «мемлекеттік арбаға» жегудің қажеті бар ма?
7. Халықтың, ұлттың санын көбейту бізге ауадай қажет. Оның жолдары қандай? Сырттағы 5 миллион қазақтың есебінен бе? Әлде «Ана капиталы» қорын құрып, елдегі алтын құрсақты аналарға жәрдем ақшаны көбейту жолымен бе?

Мақсат Нұрақынұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз