Елімізде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді деген тұжырым бар. Үлкен мінберлерден  беделді адамдарымыз оны аузын толтырып айтса, газеттер мәліметтерге сүйеніп, өткен жылмен салыстырғанда осыншама пайыз артқанын сөзге тиек етеді. Жақында Үкімет отырысында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның 9 айлық қорытындысында мал шаруашылығы өнімдері 3,3 пайызға артқандығы айтылды. Солай-ақ болсын. Мүмкін өндірілген өнімнің көбі экспортқа кетіп, картоп сияқты қымбаттап кеткен болар.

Жоқ. Керісінше, ет экс-портының көлемі төмендеген. Олай дейтінім, мен ауыл шаруашылығына байланысты республика көлемінде жазылған газет, ғаламтор сайтындағы материалдарды жіті қадағалап отырам. Егер олар өтірік жазса, менің де өтірік жазғаным деп есептеңіздер…
Қазір етті экспорттауды қойып, ел халқын тұрақты бағада онымен қамту проблема болып тұр. Оны айтасыздар, экспортты қойып, импорт (шетелдерден сатып алу) көлемі әлдеқайда ұлғая түсіп отыр. Қазақстан 2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында шеттен 96 мың тонна ет пен одан жасалған өнімдерді импорттаса, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 116,1 мың тоннаға шарықтаған. Мұның еліміздің күнде айтып жүрген азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсері болатыны айдан анық.
Иә, осы айтылғандармен еттің бағасының неге қымбаттағанын жоғарыдағылар түсіндірмек болады. Меніңше, еттің бағасының қымбат-тау себебі басқада. Сатистикалық мәліметтерге сүйенсек, шынында да, өткен жылдармен салыстырғанда мал басы да, одан алынған өнімдер де аздап болса да өсіп келеді. Ал сонда ет неге қымбат? Өйткені бұл өсім еліміз тәуелсіздік алып, жекешелендіреміз деп мал басын «0»-ге апарғаннан кейінгі өсім екенін ешкім тіс жарып айтпайды. Осы жерде өзімнің осыдан 17 жыл бұрын жазған «Жекешелендіруден кейінгі ауыл ауруы асқынған адамдай» деген мақаламнан бірер жолдарды келтіре кетейін: «Чкалов ауданының басшылары 1997 жылы мені «Амандық» өндірістік кооперативін (бұрынғы совхоз сол кезде осылай аталған — С.Х.) банкроттауға жіберді. Қолымда облыстық соттың шешімі бар, «Амандық» ауылына бардым. Жекешелендіруге дейін 25 мыңдай қойы, 700 бас жылқысы, 10 мың гектардан егістік жері бар, болашағы зор ауылдан түк қалмаған десем, сіздерге өтірік, маған шын». Тағы да осы мақаладан бір дәйексөз келтіре кетейін: «Екінші барған шаруашылығым «Қазақстан» өндірістік кооперативі (шіркін, кім ойлап тапты екен осындай атауларды? — С.Х.). Мұнда жағдай «Амандыққа» қарағанда біршама тәуір болғанымен, іске татыр техника мен қосымша бөлшектерді жинасақ, бұрынғы 3 бригаданың орнына 1 ғана шағын бригаданың мүлкі қалған екен. Сол шағын бригадада жұмыс істеп жүргендерді тамақтандыруға 2500 бас ірі қарадан бір бас қалмаған». Мұндай мысалдарды, құрметті оқырман, жер-жерден келтіруге болады. Мұны айтып отырғаным, қазіргі мал мен оның өнімінің өсімі Кеңес үкіметі құрылған 1917 жылғы «0»-ден бастап Кеңес үкіметі құлағанша статистика мәліметтеріндегі өсім сияқты. Ұят-ай! Бұл өзімізді өзіміз алдау деген сөз. Мәскеу біздің малымызды тартып әкеткен жоқ. Ендеше, өсімді тәуелсіздік алмай тұрған кезден бастау керек, сонда өскеніміз бен өшкенімізді айқын бағдарлаймыз…
Мәселен, қазір Ақмола обылысында осы жылдың 1 қазанына 428,9 мың бас ірі қара мал, 515,3 мың қой, 174 мың жылқы, 124,3 мың шошқа бар. Солардың 60-70 пайызы жекеменшіктің қолында. Олар ел байлығын дамыту үшін ұстап отырған жоқ, тек күнкөріс қамы екенін кімнен жасырамыз? Ендеше, мал басы, оның өнімдері жыл сайын өсіп жатыр деп неге мақтанамыз? Жарайды, өссін-ақ. Иә, сол малды күнкөріс, ақша үшін ұстап отырғаны баршамызға аян. Мал иелерінің малын сойып, базарға өзі әкеліп сатып тұрғандары некен-саяқ. Бәрі делдалдар (посредник) арқылы сатылады десек артық болмас. Делдалдың өз бағасы бар. Ендеше, баға қалай шарықтамасын? Қазіргі қымбатшылықты ешкім де ноқталай алмайды. Өйткені біз қолда барды желге ұшырдық, желге емес, арамдардың қалтасына салып, ата-бабасы ат басындай алтын қалдырмаса да «бай» еттік, біразын қалтасына тығындап шетелге асырдық. Енді «Азық-түлік неге қымбат?» деп жар саламыз.
Осы жолдардың авторы қанша оптимист болса да, бағаның арзандамайтынына күмән келтірмейді.
Елдегі жағдайды көре отырып, шырылдап тұрған шындықты неге жазбасқа? «Ауруын жасырған адам өледі» деген мақал бар. Ал біз «бәрі тамаша» деп қайталаудан жалықпаймыз. Әрине, бәрі тамаша болсын, бірақ «шындық бәрінен қымбат» деп мен емес, ғұламалар жазып кеткен болатын. Мұны айтып отырғанымның тағы бір себебі осыдан 15-20 жыл бұрын «Есендік сұрасқанда: «мал-жан аман ба?» деуші еді», «Мақсат — асыл тұқымды мал өсіру» деп жазсам, биыл «Арқа ажары» газетінде (28 шілде 2017 жыл), «Ауыл шаруашылығы ауылсыз қалай дамымақшы?», «Бұқпа!» газетінде (8 маусым 2017 жыл) «Колхоз бен совхоз жаңа қалыпта қайта оралмай, ауыл ауруынан айықпайды» деп жазған болатынмын, бірақ, бірақ…
Жалпы азық-түлік бағасын ауыздықтау-дың амалы қандай екенін кім айта алады екен?
Республикалық Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың 9 айында жалпы азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,1 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде ауылшаруашылық өніміне баға 1 пайызға өскен. Алайда күнбе-күн базардағы немесе үйіміздің іргесіндегі шағын дүкендердегі бағаның жайынан хабардар кез келген қарапайым адам бұл деректерге сене қояр ма екен? Осыдан бір ғасырдан аса бұрын әлемге белгілі американ жазушысы Марк Твен «Существуют три вида лжи: ложь, наглая ложь и статистика» деп айтқандай, сенбеуге негіз бар.
Байқап отырсаңыздар, мен де жаза-жаза шаршағандаймын. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері ғой, жоғарыдағылар «Ит үреді, керуен көшеді» деп жүрген шығар…

Совет Хамитұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз