Атырауда облыстық жас тілшілердің бірінші фестивалі өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттар мен міндеттерді насихаттау мақсатында «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі облыс көлемінде «Туған жер» этно-мәдени жобасын ұйымдастырған болатын. Осы этно-мәдени іс-шаралар кешені аясында мектеп оқушылары арасында «Ғажайып өлке» атты облыстық шығармалар байқауы өткізіліп, оған барлығы 314 талапкер өз бақтарын сынаған еді. Болашақта тілші атанғысы келетін осы талапкерлердің арасынан аудандар бойынша 28, қала көлемінде 12, барлығы 40 жеңімпаз анықталып, олар мұнайлы өңірде тұңғыш рет өткізіліп отырған «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама иегерлері атанды.
Үш күнге созылған шараның алғашқы күні медиахолдингтің баспасөз орталығында фестивальдің салтанатты түрде тұсауы кесіліп, оған қатысушылар облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Исатай Балмағамбетов және Нәсіп Шалабаева бастаған журналистермен кездесіп, көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарға жауаптар алды. Содан соң Батыс өңіріндегі ең ірі медиахолдинг саналатын «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты. Фестиваль қатысушылары сол күні облыстық «Атырау» телеарнасында қонақта болып, ондағы қызу еңбектен сыр тартқан жас тілшілер топ-топқа бөлініп, өздері де түрлі бағдарламалар дайындау жұмысына атсалысты.
Жас қаламгерлер бұдан кейін тарихы тереңде жатқан білім ордасы — Х.Досмұхамедов атындағы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Абзал Ахатұлы Талтеновтың қабылдауында болды. Жоғары оқу орнын аралап, оның жетістіктеріне куә болған оқушылар биыл ғана өз алдына жеке кафедра болып бөлініп шыққан «Журналистика» кафедрасы туралы жан-жақты мағлұмат алып, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлының дәрісін тыңдады.
Қаладағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қонақта болған қатысушылар онда білім алып жатқан оқушылармен дидарласып, «Жас тілші» клубының жұмысына ерекше қызығушылық танытты. Оларға мектептегі «Көлеңке театрының» «Мәңгілік елдің мұраты» атты қойылымы естен кетпейтін ерекше сәт сыйлады. Зияткерлік мектеп директоры Айдарбек Айтпукешов жас тілшілерге сұхбат беріп, оларды тұңғыш рет өткізіліп отырған фестивальдің қатысушысы атанғандарымен құттықтады. Сол секілді, Н.Тілендиев атындағы облыстық «Кіші өнер академиясы» дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар мамандандырылған мектебіндегі журналистика мамандығының «Зерде» телестудиясының жұмысымен танысу қатысушылар үшін өте қызықты кездесу болғандығын да ерекше атап өткен жөн.
Фестиваль барысында танымал тележурналист Жанар Байсемізова өткізген шеберлік сыныбы жас өркендерге ерекше ұнады. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның фестивальге Орал қаласынан арнайы келіп, қатысушыларға дәріс өткізуі жастарға үлкен сый болды. Ақын апамыздың дәрісінен кейін кезекке тұрып, қолтаңбасын алуға таласқан жас қалам иелерінің қуаныштары бал-бұл жанған жүздерінен көрініп тұрды.
Облыстық жас тілшілер фестивалі оларға газет-журнал, телеарна, болашақ тілшілерді оқыту жұмыстарымен кеңінен таныстырып қана қоймай, оқушылар мен олардың жетекшілеріне мәдени-рухани демалыс та сыйлады. Үш күн бойы жас өркендердің қанаттарын қатайтқан жас тілшілер фестивалі Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда қорытындыланды.
— Облыстық жас тілшілер фестивалінің ұйым-дастырудағы басты мақсат жас жеткіншектердің бойындағы туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, патриоттық сезімдерін жанып қана қоймай, Исатай мен Махамбет тұлпарларының тұяғы дүбірлеткен Атырау аймағынан шыққан абыз Әбу Сәрсенбаев, арыстан жүректі Хамит Ерғалиев, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, жұмбақ ақын Жұмекен, ұлт ұстазы Зейнолла Қабдолов секілді ұлылардың ізін басқан жас өркен тілшілерді халыққа таныту, көрінбей, көміліп жатқан алтынның сынығын тауып, бұлақтың көзін ашу, елге жарқыратып көрсету, қабілет-қарымына сәйкес жол сілтеу болатын. «Өрімтал» жас тілшілер фестивалі — «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің «Туған жер» этно-мәдени жобалары ішіндегі ең маңызды шараның бірі, — деп атап өтті фестивальдің қорытынды кешінде алғаш болып сөз алған медиахолдинг директорының орынбасары Рауан Сәбитұлы.
Ал қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгереева болса:
— «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестивалі біздің де балалық шағымызды еске түсіріп, арманға қол созған бейкүнә кезімізді сағынтқаны рас. Облыстық деңгейде өткенімен, республикамызға танымал басылымдардың арнайы жүлделерінің тағайындалғаны, үміттерін үкілеген жас өрендердің қазақ әдебиетінде, журналистикасында айрықша орын алатын тұлғалар атындағы марапаттарға ие болғаны, әрине, оларға үлкен қолдау болды. Осының өзінен бұл жобаның қоғам өміріне, жұртшылыққа тигізетін пайдасы көп екенін көріп отырмыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылып отырған шара өзге де өңірлерге үлгі болса деп ойлаймын, — деген тілегін жасырмады.
Жас тілшілер фестивалінің қорытындысы бойынша оған қатысушылар «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан ZAMAN», «Қазақстан әйелдері», «Парасат» және «Қазақ газеттері», «Жас өркен», «Қазақ радиолары» серіктестіктеріне қарасты басылымдар мен радиолардың арнайы жүлделеріне ие болды.
Жарық көріп келе жатқанына биыл ширек ғасыр болған «Қазақстан ZAMAN» газеті де фестивальге қолдау көрсетіп, осы басылымда айрықша қолтаңбасы қалған майталман публицистер — Балтабай Әділ, Дидар Төлеуіш және белгілі фотожурналист Рахымбай Ханалы атындағы үш бірдей арнайы жүлделерін тағайындаған болатын.
Алдымен фестиваль қатысушыларына Алматы қаласынан арнайы бейнеқұттықтауын жолдаған «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас редакторы, есімі елімізге белгілі публицист, жазушы Ертай Айғалиұлы өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, аталмыш ұжымның арнайы жүлделерді тағайындаудағы мақсаттарын жан-жақты түсіндіріп өтті.
Осыдан соң сахна төріне көтерілген халықаралық басылымның Атырау облысындағы меншікті тілшісі, танымал журналист Светлана Муньянова «Қазақстан ZAMAN» газетінің Балтабай Әділ атындағы арнайы жүлдесін Жамбыл атындағы №21 орта мектептің 7-сынып оқушысы Аружан Русланқызына, Дидар Төлеуіш атындағы жүлдені Қаражігітов атындағы №16 орта мектептің 8-сынып оқушысы Әлихан Қайырғалиевке, Рахымбай Ханалы атындағы жүлдені №35 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Дана Рүстемоваға табыс етті. Барлық жеңімпаздарға мектеп сөмкелері мен кітаптар сыйға берілді.
— Бүгін мұнайлы өңірде болашақ жас тілшілер үшін ерекше күн болды. «Өрімтал» фестивалінің мәні мен маңызы, берер тағылымы зор. Жас жеткіншектер бұл күнді ешқашан ұмытпайды деген ойдамын. Сіздерге еліміздің тарихынан ойып тұрып орын алған қайраткерлердің, ұлы тұлғалардың атындағы жүлделер табысталып жатыр. Әрқайсысыңызға солардың жолын берсін демекпін! — деп, ерекше тебіренісін жеткізді Светлана Әбілхашқызы өз сөзінде.
Осылайша «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі ұйымдастырған айтулы шара өңірдегі барлық аудандар мен қаладағы журналист болуды армандаған жас жеткіншектердің басын қосты. Дана халқымызда «Қанат ұшса қатаяды» деген сөз бар, бұл фестивальдің болашақ жас тілшілерге талпыныс беріп, болашаққа қанат қақтырары анық.

Нұрсұлтан Мықтыбай,
журналист,
суреттерді түсірген — Әнуар Әбілғазиев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз