Депутат сауалы

Капиталистік заманның өз талабы бар. Соның ішіндегі ең өтімдісі — пайда табу жолы. Ол үшін қолданыстағы дүниенің бәрі ақша әкелуге тиіс-ті. Болмаса, қаржысы мол апайтөстің қолына өтіп, оның қамқорлығымен жұмысты жандандыруы керек. Алайда мемлекеттік нысандар жекенің қолына өткеннен кейін, «жаңа иесінің» «сөзін сөйлеп», ырыққа көнбей кететіні тағы бар. Мұндай мәселемен талай мәрте бетпе бет келіп, аузымыздың күйгені де ұмытыла қойған жоқ. Соңғы жаңалықтарға сенсек, қазақ өнерінің мақтанышы «Қазақфильмге» де қара бұлт үйіріле бастағандай. Қауіптің қай жақтан жер бауырлап келе жатқанын аңғарған, көпті көрген, әккі саясаткер Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министр Б.Ә.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады.

Онда: «Сізге депутаттық сауалды жолдау  себебіміз  — еліміздегі  кино өнерінің материалдық-техникалық, технологиялық базасы «Қазақфильм» кино өндірістік кешенінің тағдырына байланысты. Белгілі болғанындай,  Алматының ең көрікті көріністерінің біріне орналасқан  СССР халық әртісі, қазақ киноөнерінің негізін қалаушылардың бірі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының кешені жекешелендірілетін нысандардың тізіміне енгізіліпті.

Кезінде көптеген кітапханалар, мәдениет үйлері, балабақшалар, кітап дүкендері, тағы басқа әлеуметтік нысандар  жекешеленіп, олар бастапқы мақсаттарынан өзгертіліп, орасан әлеуметтік зардап шегуді еліміз басынан өткізіп еді.  Ел экономикасы түзелгеннен кейін сол  тегін  кеткен әлеуметтік нысандарды  мемлекеттің қырғын қаржысына қайта сатып алып шабылғанбыз.  Осы жағдайды  естен  шығармағанымыз абзал болар еді.

«Қазақфильм» кешені біздің ұлтымыздың, ұлттық руханиятымыздың, қайталанбас дарынды ондаған өнер шеберлерінің тарихымызға алтын әріппен жазылған ұлы есімдерімен байланысты. «Қазақфильм» кешенінің өзі қасиетті шаңырақ.

«Қазақфильм» киностудиясын алатын адам кино өндірісімен шұғылданбайтыны бесенеден белгілі. Өйткені ол таяу жылдарда коммерциялық пайда бере алмайды. Әйгілі Голливудтың, тіпті бізге жақын «Мосфильмнің» дәрежесіне  жетуге жылдар мен қыруар қаржы керек. Сірә, оның тұрған жері мен ғимараттары қызықтырып тұрса керек. Ал шетелдіктердің  қолына тисе, онда сөз жоқ, біз ұлттық кинодан, осы салада Елбасы мақаласында айтылған ұлттық код, тегімізді насихаттау мүмкіндігінен  айырыламыз. Студияны    сатып алған  қожайын     өзінің   идеологиясын жүргізетін болады. Ол біздің жас өркен таланттарымызды өз мүддесіне  мәжбүрлейді. Осы жағдайды ескеріп, «Қазақфильм» киностудиясын жекешелендіру тізімінен шығару мүмкіндігін қарастыруыңызды  өтінеміз.

Жауабын Қазақстан Республикасының  заңнамасымен белгіленген мерзімде жазбаша беруіңізді  сұраймыз».

Депутаттық сауалға қол қойған депутаттар:  Қ.Сұлтанов, Б. Мамраев, Г.Қарақұсова, И.Аронова, М. Ерман, Ш.Өтемісов.

ДЕПУТАТТЫҢ АЛАҢДАУЫНА ЕШ НЕГІЗ ЖОҚ СЕКІЛДІ

Обалы нешік, Мәдениет және спорт министрі Үкімет қабырғасында өткен баспасөз мәслиxатында «Қазақфильмді» жекешелендіруге байланысты өз көзқарасын былай білдірді:  «Қуаныш Сұлтановқа зор алғыс айтамын. Бұл өте өзекті сұрақ. Бірегей жобамыз «Қазақфильмнің» мемлекет қарамағында қалғанын біз де қалаймыз. Сатылымға «Қазақфильмнің» 49 %-ы қойылғанын атап өтейін. Қалған 51 %-ы бәрібір де мемлекет меншігінде қалады. Киностудияның мемлекет қарамағында қалғанын біз де қалаймыз», — деді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз