Астанадағы ең биік ғимаратты салып жатқан 400-ге жуық адамның бір күнде жұмыссыз қалуына байланысты ҚР Еңбек және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова Үкiмет отырысынан кейiн берген сұхбатында:

«Атышулы «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешенiнде 4 компания жұмысшылары жұмыстан шығарылған. Ал, кешенде барлығы 11-ден астам компания жұмыс iстейдi. Еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс берушiлер еңбек шартында «мынадай уақытқа жұмысқа тартылады» деп көрсетуі тиіс. Бұл талапты төрт мекеме ғана орындаған. Астана қаласының еңбек инспекторлары «Абу-Даби Плаза» қызметкерлерiмен және жұмыскерлерiмен сөйлесiп, жұмыс iстеген азаматтардың қолдарына жұмыстың аяқталғаны туралы ескерту хат берiлуi, бiр айлық еңбекақының өтемақы түрiнде берiлуi жөнiнде келiсiмге келдi.

Барлығы 4 компаниядан 62 жұмысшы ескерту хат алуы тиіс. Еңбек кодексiнде кәсiпорынның экономикалық ахуалы нашарлауынан жұмысшылар жаппай жұмыстан шықса, онда екi айлық жалақы көлемiнде өтемақы қарастырылған. Егер, жұмыс көлемiнiң азаюына байланысты және бұл туралы жұмысшымен келiсiмшарт бекiткен кезде келiсiлген болса, онда бұл белгiленген жұмыс көлемi атқарылды деп есептеледi және өтемақы ретiнде бiр айлық жалақы төленедi»,— деп түсіндірді.

Дегенмен, жұмысшылардың мәлiметiнше, құрылыс компаниялары оларға алдын ала ескерту жасамай және өтемақы төлемейміз деп ашық айтқан көрінеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз