Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Руслан Идрисов: «Бүгіндері  «1000 орын — көше саудасы» бағдарламасын түсіндіру бойынша ашық есік күндері басталды. Бағдарламаның негізгі мақсаты — тұрғындар мен кәсіпкерлерге өз кәсібін ашып, қалай жүзеге асыратынын түсіндіру. Кез келген адам келіп, бізден қаладағы дүңгіршекті қалай қою керектігін, қандай құжаттар қажет екендігін, қандай рәсімдеулерден өту керектігін біле алады. Бүгін тек кеңес беру жүргізілуде.

Біздің тәжірибеміз Алматы, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және басқа да аймақтарда қолданылып жатыр. Өткен аптаның соңы мен осы аптаның басында онлайн өтінімдер жиналған. Тұрғындардың өтініші бойынша, алғашқы ашық есік күнін 12 ақпанда өткізгенбіз. 19 ақпанда өтінімдерді қабылдау аяқталды, енді барлық өтініштер қаралады. Аукционның өзі жақын арада өтеді.

Аукцион ағылшын әдісімен жүргізіледі. Бастапқы баға 122 мың теңгені құрайды, бұл құжаттарды рәсімдеуге кететін қаражат. Берілетін орындар, жер учаскелері жер қатынастары басқармасымен, сәулет менеджментімен келісілген жағдайда, нәтиже ӘКК сайтында орналастырылады. ӘКК әкімдіктен учаскені жалға алып, жалданған жерді кәсіпкерге субарендатор ретінде жалға береді. Жер учаскелері 7 жылға беріледі. Бұл бағдарламаны Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырады. Бағдарлама аясында «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жұмыс істейді. Олар шағын және орта бизнесті несиелендіру бойынша толық мәлімет береді.

Кәсіпкерлер өз кәсібін ашу үшін берілетін бірқатар учаскілер бар. Учаскілердің тізімі Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының сайтында жарияланған. Объект гүл сататын дүкен, фаст-фуд, маусымдық сатылымға жататын балмұздақ немесе тәтті мақта, кофе сататын жылжымалы машиналар және тағы басқа кез-келген кәсіп түріне арналуы мүмкін. Ал, егер кәсіпкерде қаражат жеткіліксіз болса, онда «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қоры несие алудың шарттарын түсіндіріп береді. Осы бағдарлама бойынша берілетін орындар Астана қаласындағы Алматы, Есіл, сарыарқа сияқты үш ауданды қамтиды.

Бағдарламаның атауы «1000 орын» болғанымен, әкімшілік одан да көп орын бөлуге дайын. Қазіргі таңда 700 объект мақұлданған. Оның ішінде 500 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысып жатыр. Бағдарламаны іске асыруда бекітілген ережелер бар. Берілетін учаскелердің тізімі ӘКК сайтында жарияланады»,— деп түсіндіреді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз