Қарабатандағы жатақханада болған өрт оқиғасына орай құрылған үкіметтік комиссия мән-жайды анықтаумен айналысуда. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау вице-министрі Нұржан Әлтаев Қарабатан станциясындағы вахталық  қалашықта жатахананың өртенуінен зардап шеккен екі адамның жағдайын білу үшін олар емделіп жатқан облыстық ауруханада болды, –  деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атыраудағы Қарабатан жатаханасында болған өрт салдарынан 7 адам қаза тауып, 2 адам облыстық ауруханада емделу үстінде. Өрт салдарын анықтайтын үкіметтік комиссияны басқару Нұржан Әлтаевқа тапсырылды. Атырау облысының Қарабатан станциясында газ турбиналық электр станциясының құрылыс алаңында болған төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін 3 наурыз, сенбі күні облысқа арнайы комиссия келді.

Комиссия құрамына ішкі істер министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, төтенше жағдайлар комитеті мен Атырау облыстық әкімдік өкілдері кірді.

Қарабатан станциясында орын алған оқиғаны тексеруден кейін еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Атырау облыстық ауруханасының хирургиялық бөлімінде ем алып жатқан  екі зардап шегушінің хал жағдайын білді. Бүгінде олардың жағдайы тұрақты, жұмысшылар  оқиға орнынан төмен жағдайдағы күйікпен ауруханаға жеткізіліп, қазіргі кезде тиісті ем қабылдауда.

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрінің айтуынша, төтенше жағдай орын алған жерде болған компанияның барлық қызметкерлері ен жұмыскерлері әлеуметтік сақтандырылған. Сондықтан да тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін зардап шеккен және  қаза болған қызметкерлердің туыстары қаржылық көмекпен қамсыздандырылады.

– Заңнамада белгіленген ережелерге орай өрт кімнің кінәсінен болғаны анықталуы тиіс. Жұмыс берушілердің бе немесе жұмысшылардың өздерінің кінәсі ме, осыны анықтау үшін барлық рәсімдерді жүргізуіміз керек. Біз қазір барлық сақтандыру келісімшарттарын көтеріп, қызметкерлерге қандай өтемақы төленетінін қарастырамыз. Бұдан басқа, төтенше жағдай орын алған нысанды тексергеннен кейін,  өзге де барлық жатақханалар жұмысын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды», – деді Нұржан Алтаев.

Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта компанияның басқа қызметкерлері  тергеу аяқталғанға дейін үйлеріне қайтарып жіберілді. Олардың бұл бос жүрген күндердегі жалақылары сақталады. Барлық контейнерлік үлгідегі жатақханалар қауіпсіздіктің стандарттарына және талаптарына толық сәйкестендірілгеннен кейін, жұмысшылар қайта келіп, жұмысын жалғастыра алады. Ал әзірге үкіметтік комиссия жұмыстарын жалғастыруда.

                                                                                   Светлана Муньянова

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз