«АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» - осындай ұранмен БҰҰ-ның ЖИТС жөніндегі біріккен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) Қазақстанда 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін ЖИТС-пен күрес күніне арналған ақпараттық науқан өткізеді. Дәстүрлі түрде бұл күн жыл сайын 1 желтоқсанда атап өтіледі.
Науқанның ұраны әлемдік сын-қатерлер жағдайында ЖИТС -ке қарсы әрекетті күшейту, тәсілдерді жаңарту және мемлекеттік, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің күш-жігерін біріктіру қажеттігін айқындайды.
Қазақстанда ЖИТС -инфекцияның алдын алу, диагностикасы мен емдеу саласындағы ұлттық заңнама үнемі жетілдіріліп келеді. Биыл ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ЖИТС -инфекция кезінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартымен бекітті. Бұл құжат халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын, қолжетімділігін және сабақтастығын арттыруға, сондай-ақ профилактикалық жұмысты жетілдіруге бағытталған. Елде антиретровирустық терапия мемлекет есебінен тегін көрсетіледі. ЖИТС -ке тестті тіркелген емханада немесе аймақтық ЖИТС профилактикасы орталығында құпия түрде, тегін және қажет болған жағдайда анонимді тапсыруға болады.
Науқан аясында еліміздің барлық өңірлерінде ЖИТС -тің алдын алу және ЖИТС -пен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікті азайту мақсатында акциялар, дөңгелек үстелдер, флешмобтар және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Шаралар халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ жастар денсаулық орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылады. Аймақтық ВИЧ профилактикасы орталықтарында тұрғындар үшін Ашық есік күндері өтеді. Келушілер мамандардан кеңес алып, ВИЧ-ке тест тапсыра алады.
Міне, науқан күндері өтетін кейбір іс-шаралар:
аймақтарда ЖИТС туралы нанымдарды жоюға, тестілеу мәдениетін ілгерілетуге және ЖИТС -пен өмір сүретін жасөспірімдер мен жастарды қолдауға бағытталған интерактивті жастар іс-шарасы «ВИЧеринка»;
алматылық «Қайрат» футзал клубының футболшылары қатысатын акция;
Қостанай қаласының спорт клубтары — «Тобыл» ФК, «Аят» МФК және «Горняк» ХК ойыншыларының қатысуымен Reels-бейнероликтер;
Қызылордада халықаралық жастар желісі «Y-Peer» волонтёрлерінің форумы;
Ақтөбеде KazMSA және «Y-Peer» қозғалыстарының волонтёрлері мен ҮЕҰ қатысуымен жастар флешмобы;
Алматы облысының Іле ауданында жастар марафоны;
«Сенім көпірі: Алматы ↔️ Астана» атты гибридті жастар іс-шарасы;
Астана қаласында медицина қызметкерлеріне арналған «Қазіргі жағдайдағы ЖИТС -инфекцияның таралуы мен профилактикасының өзекті мәселелері» атты қалалық конференция;
2 желтоқсанда — халықаралық ғылыми-практикалық конференция «ЖИТС: кеше, бүгін, ертең». Бұл шара Алматыда өтіп, отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен ЖИТС пен дерматовенерологиялық аурулардың алдын алудағы заманауи тәсілдерді жетілдіруге бағытталады;
9 желтоқсанда — Алматы қаласында көші-қон және мигранттар арасындағы ЖИТС -инфекцияның алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел.















