Биыл Түркістан облысындағы 37 елді мекенде табиғи газбен қамту бойынша 46 жобаның құрылысы аяқталғалы отыр. Жалпы 80 жоба қаржыландырылатын болып шешілген, соның 34-і келесі жылы іске асырылмақ.
Таяуда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында осы жұмыстардың барысы талқыланды. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындау туралы тапсырмалар жүктеді.
– Аудан, қала әкімдіктері тарапынан газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу, абоненттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырыңыздар. Абоненттерді толық табиғи газға қосылу жұмыстарын келесі күзгі-қысқы жылыту маусымына дейін толық аяқтаңыздар. Анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы. Мәжілісте өңірдегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету туралы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің есебі тыңдалды. Басқарма басшысы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде екенін мәлімдеді. Жалпы осы жылы аяқталуы қажет 46 нысанның 27-сі пайдалануға тапсырылған. Ал, 19 нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ол тұрақты бақылауға алынған. Жыл қорытындысы бойынша 73 мың адам тұратын 37 елді мекен табиғи газбен қамтылады. Нәтижесінде 1,9 млн тұрғыны бар 600 елді мекен «көгілдір отынға» қосылмақ.
Одан бөлек, 45 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржыландыру үшін мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізілді. Сондай-ақ, облыста 50 мыңға жуық тұрғыны бар 39 елді мекенде газбен қамту бойынша 46 жоба әзірленуде. Жалпы облыстағы елді мекендерді 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер саны 765-ке жеткізілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, қатаң бақылауда болады.