Жаңа білім ошақтарының бесеуі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Бір мектеп Мұғалжар ауданы Көтібар батыр ауылында есігін айқара ашты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыс орталығындағы Алтын Орда ықшамауданында салынған 2000 орындық және «Саяжай-1» тұрғын алабындағы 300 орындық мектеп халық игілігіне берілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында аталған оқу ордаларына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров барып, ұстаздар мен оқушылар қауымын жаңа мектепте жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Өңір басшысы балаларға жайлы әрі заманауи орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Алтын Орда ықшамауданындағы 2000 орындық мектепте STEM-зертхана, робототехника, физика, химия, биология кабинеттері, сондай-ақ бастауыш сыныптарға арналған арнайы кабинеттер жабдықталған. Балалардың жан-жақты дамуы үшін шеберханалар, музыка, хореография, алғашқы әскери дайындық кабинеттері, психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық қызметтер, кәсіби бағдар және заң кабинеттері ашылды. Екі үлкен және екі шағын спорт зал, 410 орындық асхана, 444 орындық акт залы жұмыс істейді. Сонымен қатар оқу ордасында 20 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана және оқу залы бар. Ал балаларға конкурс арқылы таңдалынған 100-ден астам педагог білім мен тәлім береді.
– Дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тамамдап, жұмысқа орналастым. Алғашқы жұмыс орнымның осындай жаңа әрі заман талабына сай мектепте басталғанына қуаныштымын. Президент қолдауымен өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Жастарға орасан зор жағдай жасалуда, – деді Әли Құлбарақ.
Ал «Саяжай-1» тұрғын алабындағы 300 орындық мектеп – тұрғындар көптен күткен нысан. Мұнда да педагогтер мен оқушыларға барлық жағдай бар. Шығармашылық және тәжірибелік тұрғыда дамуға ерекше көңіл бөлінген. Өңір басшысы әр кабинетпен танысып, оқушылармен сөйлесті. Ата-аналар дән риза. «Балаларымыз енді алысқа қатынап оқымайды» дейді олар.
– Бірнеше жыл бұрын осы тұрғын алапқа мектеп сұрадық. Кейін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында мектеп салынатындығы туралы хабарды естігенде, қуандық. Міне, бүгін игілігін көріп отырмыз. Мектеп тек білім алатын орын емес, ол рухани орталық болуы керек. Біз әрқашан халық болып қолдаймыз, – деп, қала тұрғыны Естай Жайлыбай әсерімен бөлісті.
Сазды ықшамауданындағы жаңа мектеп – «Сазды орта мектебі» де жаңа оқу жылында өз жұмысын бастады. 300 орынға есептелген жаңа мектеп заманауи талаптарға толықтай сай. Мектеп алды даярлық тобы үшін бөлек кабинет пен ойын бөлмесі қарастырылған. Бастауыш буынға арналған 6 арнайы кабинет бар. Оқушылар физика, химия, биология пәндерін арнайы жабдықталған кабинеттерде меңгеріп, цифрлық технологияларды 2 информатика сыныбында тәжірибеден өткізе алады. STEM зертханасы мен робототехника кабинеті оқушылардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттырады, олардың жаңа әлемге жол ашуына мүмкіндік береді.
«Сазды орта мектебінде» білім беру тек дәстүрлі сабақтармен шектелмейді. Мұнда технология кабинеті, тігін шеберханасы, тамақтану мәдениеті залы, музыка, хореография, алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеттері жұмыс істейді. Оқушыларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік педагог, психолог, логопед, кәсіби бағдар беруші және заңгер қызмет атқарады. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сенсорлық бөлме мен арнайы кабинеттер қарастырылған.
Мектепте кең әрі жарық спорт залы, 80 орындық заманауи асхана мен 100 орындық мәжіліс залы оқушылар мен ұстаздардың қолайлы жағдайына қызмет етеді. Интеллектуалдық дамуға ерекше көңіл бөлінген: 10 орындық оқу залы және 7 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана нағыз рухани байлық пен білім ордасына айналған.
– Жаңа мектеп, жаңа оқу жылы баршаңызға құтты болсын! Мемлекет басшысының тапсырмасымен, міне, осындай зәулім оқу ордасы салынды. «Келешек мектептері» деп аталады. Аралап, қарап шықтым. Жаңа оқу құралдары, ыңғайлы жабдықтар, заман талабына сай кабинеттер – бәрі де балалардың бәсекеге қабілетті болуы үшін жасалды. Бұл мектепті бітірген оқушы дайын маман болып шығатыны сөзсіз. Педагогтердің өзі іріктеуден өткізіліп, жұмысқа орналасты. Ата-аналар енді мектеп ұжымымен бірлесе жұмыс істеу керек, – деп атап өтті Асхат Шахаров.
«Келешек мектептері» жобасы аясында сонымен бірге «Бауырластар» елді мекенінде – 600 орындық және Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында 300 орындық мектептер ашылды. Барлық мектеп те заманауи стандарттарға сәйкес бой көтеріп, сапалы білім беруге қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мектепке дейінгі топтар мен бастауыш сыныптарға арналған арнайы кабинеттер қарастырылса, жоғары сынып оқушылары үшін физика, химия, биология кабинеттері, екі информатика кабинеті, STEM-зертхана және заманауи робототехника кабинеттері жабдықталған. Оқушылардың шығармашылық және практикалық дағдыларын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген: технология кабинеті, тігін шеберханасы, музыка және хореография кабинеттері, сондай-ақ бастапқы әскери және технологиялық даярлық кабинеті жұмыс істейді.
Оқушыларды қолдау мақсатында әлеуметтік педагог, психолог, логопед қызметтерімен қатар, сенсорлық бөлмелер мен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған кабинеттер ашылған. Оқушылардың спортпен шұғылдануы мен денсаулығын нығайту да назардан тыс қалмады: әр мектепте кең спорт залдары, заманауи асханалар, акт залдары, сонымен қатар білімге деген сүйіспеншіліктің символына айналған кітапханалар мен оқу залдары бар.
Өңірде биыл 190 мыңға жуық бала мектепке барды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5 мың оқушыға артық. Оқушылар санының тұрақты өсуіне жыл сайын дүниеге келетін 19 мыңға жуық сәби мен көші-қон үдерістері тікелей ықпал етіп отыр. Осы себепті де жаңа мектептерге деген сұраныс артып келеді.
М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы