«Жол дегенде аттылы-жаяуымыз, баба жолын таңдайық баяғы біз. Жүретұғын жолымыз түзу болсын, қисық-қыңыр болса да аяғымыз», – деп айтып едік бір айтыстың үстінде. Енді міне, жолдың да неше түрі бар екеніне көзіміз жетіп, тағы бір қайырылуға тура келіп тұр.
Тіпті ақылы жол деген ұғымға әуелде үрке қарағанымызбен, уақыт өте келе құлағымыз үйреніп, тіліміз де жаттығып кетті. Алайда ақылы жол дегенді ести сала, ақшасы біреудің көмейіне кететін жолды елестетіп қалмаңыз. Бұл жолы айтпағымыз өзі тапқан ақшаға өзі жөнделетін жолдар болып отыр. Мұндай тәжірибе шетелде бұрыннан бар. Ал елімізде алғаш рет 2013 жылдан бастап қана «ақылы жол» дегенде теңгенің сыңғыры күшейіп, дыңғыры шыға бастады.
«ҚазАвтоЖол» бұл туралы: «Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жалпы ұзындығы 4 883 км 26 ақылы учаске жұмыс істейді, оның ішінде: ұзындығы 2 231 км 1 техникалық санаттағы 12 учаске, ұзындығы 2 652 км 2 және 3 техникалық санаттағы 14 учаске. Бірінші ақылы учаске «Астана - Щучинск» автожолы 2013 жылы іске қосылды. 2019 жылдың қаңтарынан бастап ақылы негізде «Астана – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қонаев» жолдары жұмыс істей бастады. 2021 жылдың 23 қарашасынан бастап «Астана – Павлодар», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Қонаев – Талдықорған» және «Щучинск – Көкшетау» жолдары ақылы негізде пайдалануға берілді. 2023 жылғы 8 қазан мен 1 желтоқсан аралығында тағы 6 учаске кезең-кезеңімен ақылы негізде іске қосылды. Олар: «Павлодар – Қалбатау», «Бейнеу – Ақжігіт», «Орал – Самара», «Павлодар – Омбы», «Көкшетау – Петропавл» және «Орал – Саратов» автожолдары. 2025 жылы ақылы негізде «Қызылорда – Арал», «Қостанай – РФ шек. (Троицк)», «Ақтөбе – РФ шек. (Орынбор)», «Тараз қаласының айналма жолы», «Балқаш – Бурылбайтал», «Шу – Бурылбайтал», «Қандыағаш – Мақат» және «Үшарал – Достық» учаскелері қолданысқа берілді» деген дерек ұсынған. Қош делік деп демімізді ішке тартқанша болған жоқ, өткенде ғана Мемлекеттік кірістер департаменті: «Көлік салығы бойынша Астана бюджетіне 10 млрд теңгеден астам қаржы түсті», – деп гу еткізді. Демек, жалпы Қазақстанды айтпағанда, астананың өзінде көлік көбейді деген сөз ғой бұл. Ал салыққа төлегені осы болса, онда жолға төлегені қанша болды екен деп саусақ бүге бастағанымыз сол еді, «Елімізде биыл ақылы жолдардан 100 млрд теңге көлемінде қаржы жиналмақ», – деп «ҚазАвтоЖол» компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді.
Бұл ақша қайда жұмсалады?
Егер 1 км жол бір млрд теңгеге жөнделетін болса, онда 100 миллиардқа 100 км жол салынады ғой деп қиялдағанымызша болған жоқ. «2025 жылы ақылы жолдар арқылы 87 миллиард теңге жинадық. 2026 жылға жоспарымыз бойынша, 97-100 млрд теңге көлемінде жинау жоспарымыз бар», – деп басқарма төрағасы оның жоспар екенін айтып, тағы бір желдіртті. Алайда мұның өзі қуанарлық жағдай ғой. Оған түскен ақшаға түзу де сапалы жолымызды күтіп ұстап берсе, одан артық не күтеміз? Алайда ол ақшаның бәрі тек қана жол күтіміне жұмсалмайтыны тағы бар емес пе?
«Қаражат күтіп ұстауға жұмсалады. Оған 30% көлемінде қаражат жұмсалады. Бізде ақылы жолдарда арнайы камера, қызметкерлер бар. Оларды күтіп ұстауға 10% жұмсалады. Көбіне қаражаттың бәрін арнайы техника сатып алу үшін жұмсаймыз. Мысалы, соңғы екі жылдың ішінде 1 200 арнайы техника сатып алдық. Биыл 800 дана техника сатып алу жоспарда бар. Бізде техника қажеттігі 2 000 көлемінде. Сол себепті жыл сайын арнайы техника сатып алу жұмыстарымен айналысып отырмыз», – деді Д. Иманашев.
Ал 2024 жылы ақылы автожолдардан түскен қаржы көлемі 53 млрд теңгені (ҚҚС-пен) құраған. Бұл қаражат жол инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, соның ішінде ақылы учаскелерді күтіп-ұстау мен төлем алу жүйесін жүргізуге, 680 бірлік жол-пайдалану техникасын сатып алуды қоса алғанда, капиталдық шығыстарға, өзге де міндетті шығындарға кеткен. Сонымен қатар 383 млн теңге республикалық бюджетке аударылған. Соның нәтижесінде 43 мың м²-ден астам ауданда ойықтар жөнделген, 17,6 мың шақырымда жол таңбалары жаңартылған, 29 мыңға жуық сигналдық бағанша орнатылған, заманауи ақпараттық және жарықтандырылған белгілер жөнделген және 2,3 млн текше метрден астам қар тазалау және басқа да жұмыстар жүргізілген. Ал 2025 жылдың 10 айының нәтижелері бойынша 72 млрд теңге (ҚҚС-пен) түскен. Ол да осындай шығындарға жұмсалған.
Бұл мәліметтерді қарап отырып, еліміз ең қауіпсіз жолы бар мемлекет екен ғой, не деген техникалар алынып, бақылау күшейген деп мәз болмай-ақ қойыңыз. Өйткені жол әдемі болғанмен, көлік апаттары жаман болып тұр.
Жол тамаша, бірақ көлік апаты көп
tiek.kz тілшісі Бақытнұр Әлібайдың зерттеуіне қарағанда, жалпы биылғы қаңтарда бас-аяғы 19951 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 10 мың адамға шаққандағы пайыздық үлесін алсақ, бұл жерде 312 пайыз көрсеткішімен Астана жағымсыз рейтингті бастап тұр. Одан кейін 217 пайызбен Алматы қаласы екен. Жалпы Қазақстанның жол-көлік оқиғалары (ЖКО) статистикасында соңғы екі жылда бұрын-соңды болмаған ерекше тренд қалыптасқан. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы екі айының (қаңтар-ақпан) қорытындысы бойынша республикада 4 062 жол апаты тіркеліп, бұл көрсеткіш соңғы онжылдықтағы ең жоғары деңгейлердің бірі болып отыр. Жолымыз түзу болғанмен, қисық жүретіндердің салдарынан ғой бәрі де деп өзімізді жұбатқанымызбен, ел арасында жаңағы ақылы жолыңыздан отандық автокөлік жүргізушілерінің көлігі зақымдалғаны үшін «ҚазАвтоЖолды» сотқа бергендері де болған.
Оны «Қазір шамамен жеті талап-арыз бар. Автокөлік иелері дөңгелектің жарылуы немесе жүріс бөлігіне зақым келуіне байланысты сотқа жүгінген. Өтемақы мәселесі заң аясында қаралады. Егер келтірілген залал расталса, сот шешімі бойынша өтемақы төлеуге дайынбыз», – деп мойындаған «ҚазАвтоЖолдың» төрағасы да.
Алайда 2026 жылғы 29 қаңтардан бастап республикалық маңызы бар 14 ақылы жол учаскесінде төлемақы есептеу тәртібі жаңарды. Енді жолда ақауы анықталған бөліктер уақытша түрде ақылы қашықтықтан алынып тасталады. Соның нәтижесінде жүргізуші төлейтін сома төмендейді. Бұл шешімнің мәні қарапайым: ақы тек талапқа сай, қауіпсіз жол бөлігі үшін ғана алынады. Ал ақауы бар тұстар толық қалпына келтірілгенге дейін тарифке кірмейді. Мысалы, Астана – Теміртау бағытында жеңіл көлік бұрын 410 теңге төлейтін. Ақаулы бөліктер уақытша есептен алынғаннан кейін төлем 360 теңге болады. Яғни жүргізуші жолдың «қалыпты», талапқа сай бөлігі үшін ғана төлейді.
Биыл қанша жол жөнделеді?
Бұл туралы «ҚазАвтоЖолдың» Басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкімет отырысында айтқан болатын.
Ол: «2025 жылы жол-құрылыс маусымында жалпы республикалық маңызы бар 8 мың 800 шақырым автожол барлық жұмыс түрлерімен қамтылды. Биыл жөндеу жұмыстары жүргізілетін автожолдың жалпы ұзындығы 8 900 шақырымды құрайды, оның ішінде 3 400 шақырым құрылыс және қайта жаңарту жобалары, 324 шақырым күрделі жөндеу және 5 200 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше назар аударылады», – деген.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 4 900 шақырым болатын 26 ақылы учаске жұмыс істейді, 2025 жылы жаңа 6 учаске іске қосылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, ақау анықталған учаскелерде жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілген. Қазіргі уақытта ұзындығы 477 шақырымды құрайтын 14 учаскеде жалпы көлемі 1,1 млн шаршы метр ақау тіркелді, оларды жою маусым басталысымен қолға алынатын болады. Сондай-ақ, пайдаланушылардың өтініштері бойынша ақылы жолдармен жол жүру ақысын төлеу мерзімін 7-ден 30 күнге дейін ұзартуға бастамашылық жасалды, тиісті түзетулер келісу сатысында екен.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ақылы учаскелерден түскен түсім мөлшері 87 млрд теңгені құраған (2024 жылы – 48 млрд теңге). Жиналған қаражат жол инфрақұрылымын күтіп-ұстауға және дамытуға бағытталды, бұл 1 456 бірлік мамандандырылған техника мен жабдықты сатып алуға, 354 мың шаршы метр жол жабынын ағымдағы жөндеуге және 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материалдарды пайдалануға мүмкіндік берді.
«Ақылы учаскелердегі қозғалыс қарқындылығының 53 млн-нан 64 млн көлік құралына дейін, яғни 20%-ға артқанына қарамастан, жол-көлік оқиғалары санының 8%-ға төмендегені байқалды. Қолайсыз ауа райы кезінде қолға алынған жедел шаралардың арқасында эвакуацияланған азаматтардың саны үш еседен астам азайды, 700 мыңнан астам көлік құралын колоннамен сүйемелдеу қамтамасыз етілді. 2025 жылғы 17 наурыздан 2026 жылғы 1 ақпанға дейін орташа жылдамдықты есептеу тетігі шеңберінде 256 мың бұзушылық тіркелді. Автожолдардың жабынын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған өлшеу стансаларын (АӨС) орнату жалғасуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 24 станса орнатылып, олардың жалпы саны республикалық маңызы бар автожолдарда 46 бірлікке жетті. 2028 жылға дейін тағы 80 АӨС орнату жоспарлануда», – деген басқарма төрағасы тіпті дамып кеткеніміз сонша, жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, енді жолды бақылаудың жасанды жолын да қарастырып жатқанын айтты. «Пилоттық режимде жол жағдайын мониторингілеу және оқиғаларды автоматты түрде тіркеу үшін жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, ұзындығы «Алматы – Қонаев» ақылы учаскесінің 42 шақырымында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу іске асырылуда. Осындай шешімдер «Астана – Теміртау» және «Астана – Щучинск» учаскелерінде де енгізілетін болады. 1403 байланыс орталығын толық автоматтандыру жұмыстары аяқталды, бұл жол пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу көлемін 500 мыңнан 1,2 млн-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Біздің стратегиялық міндетіміз – халық-аралық сапа стандарттарына жауап беретін және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін заманауи, қауіпсіз және технологиялық автожол инфрақұрылымын қалыптастыру», – деп түйіндеді ол.
Ақысына
күтімі сай ма?
Жалпы жол сапасы, әсіресе елордамыздағы жолдардың жағдайы туралы айтатын болсақ, Астанада жол құрылысына қолданылатын материалдар мен оны бақылау жүйесі қазіргі климаттық ерекшеліктерге бейімделіп жасалғанын байқауға болады. Әрі бұл жолдардың сапасы жағынан ешқандай шағым жоқ көрінеді. Егер біз Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Астана қалалық филиалының зертхана меңгерушісі Дархан Арықпаевтың сөзіне сенсек.
– Қала көшелерінде негізінен тығыз ірі түйіршікті асфальтбетон мен қиыршық-мастикалық қоспалар пайдаланылады. Бұл қоспалардың құрамындағы қиыршық тастың үлесі жоғары болғандықтан, жол жабыны ауыр көлік жүктемесіне төзімді келеді. Әсіресе жоғарғы қабатқа қолданылатын полимерлі қоспалар мен тұрақтандырғыш талшықтар асфальттың беріктігін арттырып, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына шыдас беруіне мүмкіндік жасайды. Астананың климаттық жағдайын ескерсек, бұл өте маңызды, себебі температураның +40 градустан –40 градусқа дейін күрт ауысуы жол жамылғысына үлкен салмақ түсіреді. Ылғал асфальттың ұсақ саңылауларына еніп, аязда қатып, кеңейген кезде жол қабатын ішінен бұза бастайды. Соның әсерінен көктемде жарықтар мен шұңқырлар пайда болады. Сондықтан полимерлі асфальт пайдалану – жолдың қызмет ету мерзімін ұзартудың тиімді шешімі.
Сонымен қатар елорда жолдарының сапасы тек материалға ғана емес, оны бақылау мен күтім жүйесіне де байланысты. Бұл бағытта KazRoadLab виртуалды зертханасының енгізілуі жол сапасын бағалауды анағұрлым ашық әрі нақты етті. Асфальт сынамалары арнайы тәртіппен алынып, температурасы, тығыздығы, тегістігі, қабат қалыңдығы секілді көрсеткіштер зертханалық тексеруден өтеді. Әсіресе төселген жабыннан арнайы өзектер алу арқылы оның нормативке сәйкестігі толық анықталады. Мұндай бақылау мердігерлердің жауапкершілігін арттырып, сапасыз жұмыстың алдын алады. Демек, Астанада жол сапасын арттыру үшін материал таңдау, климатқа бейімдеу және зертханалық бақылау жүйелері кешенді түрде жұмыс істеп жатыр.
Бұл қала жолдарының сапасын жақсартып, олардың ұзақ мерзімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Дегенмен климаттық жағдайдың күрделілігіне байланысты жолдардың тозуы бәрібір жылдам жүреді, сондықтан сапалы күтім мен тұрақты бақылау жол инфрақұрылымының негізгі талабы болып қала береді, – дейді маман.
Елқуат ЕЛТӨРЕ














