2024 жылдың 4 мамыр күні Алматы қаласы №187 бөбекжай- балабақшасында ақын Саят Қамшыгермен кездесу өтті. Бұл шығармашылық іс-шараның басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың әдеби шығармаға қызығушылығын оятып, құштарлығын ашу. Ақын өлеңдері арқылы бала бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
«Ақын жүрек әлдилейді сәбиді» атты кездесу кеші мектепалды «Қайнар», «Арқар» және ересек топ «Бектемір», «Құлагер», «Зейін» сынды топ бүлдіршіндерінің қатысуымен өтті. Балалар ақынның өлеңінен үзінді оқып, жиналған жұртшылықты тәнті етті. Сонымен қатар, балабақша тәрбиешілері Д.Рымқабылқызы, К.Әшірбекқызы, Р.Медербекқызы да мәнерлеп өлең оқып, ақын шығармашылығынан үзінді келтірді. Бала бойындағы осындай өнерге деген сүйіспеншілікті көріп, олардың былдырлаған тілі мен өлең оқуға деген ынтасына риза болған ақын Саят Қамшыгер бүлдіршіндерге бата беріп, алғысын жаудырды.
Әрбір бала бойындағы жауапкершілік, ұстамдылықтың өзі тәрбиеден туындайтынын сөз етті.
Қазақ халқында «Тәрбие тал бесіктен» деген нақыл сөз бар. Расында адамның мәдениеттілігін, қарапайымдылығы мен білімін аңғартатын ең басты құрал – тәрбие. Бүгінгі білім беру саласында біртұтас тәрбие мәселесі басты назарға алынып, бала болашағы үшін, оның дұрыс жетіліп, өз орнын дұрыс қалыптастыруы үшін арнайы бағдарламалар да әзірленген. Сондай-ақ, барлық білім беру ордасында біртұтас тәрбиеге байланысты түрлі іс-шаралар да жүзеге асырылып келеді. Міне, соның айқын дәлелі тәрбиеші Сандуғаш Тохтаханқызының ұйымдастыруымен өткен әсерлі де әдемі әдеби кеш.
Ақынмен кездесу кеші тек өлең-жырлардан ғана құралған жоқ. Яғни, ақын Саят Қамшыгермен арнайы сұхбат жүргізіп, шығармашылығы туралы да сөз етті. Ақын өлеңдерінің басты тақырыбы талқыланып, өлеңдерінің идеясы мен мазмұныайтылды. Балалармен шүйіркелесе әңгіме айтып ұйымдастырылған бұл кездесу өз мақсатына жетті. Кездесу кешінің соңында ақын мен балалардың ұйымдаса атқарған үлкен жұмысы болды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ақын Саят Қамшыгер бастаған ұжымдық топ балабақша айналасына көгалдандыру жұмысын ұйымдастырып, таза табиғат үшін ағаштар отырғызды. Айналаның көркін кіргізіп тұрған жасыл желек балалардың көңіліне қуаныш сыйлады. Ақын ағаларына алғыс айтып, бата алған балалар үшін бұл күн ерекше өтті. Балабақша меңгерушісі Фарида Омарбекова қонақ пен барша ұжымға ризашылығын білдіріп, бұл іс-шараның жалғасатынын айтты.
Қуаныш ДАУТ