АРАЛАС МЕКТЕП «ДЕРТІНЕН» АРЫЛАЙЫҚ!

АРАЛАС МЕКТЕП «ДЕРТІНЕН» АРЫЛАЙЫҚ!

31 қазанда «Ел мен Жер» бірлестігіндегі жігіттердің шақыруымен Алматы қалалық әкімдігінде әлі ашылмаған №224 жаңа мектептің қазақ тілінде білім беруін талап еткен бір топ ата-аналармен бірге өткен жиынға қатысуыма тура келді. Ата-аналармен, белсенділермен кездесуге қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлы Сәйфеденов пен қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков шықты.

Дау туғызған №224 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2500 оқушыға арнап салынған заманауи нысан екен. Бұл тақырып бізге сонау өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері таныс. Жазушылар одағының Шона Смаханұлы басқаратын Мектеп кеңесі төрағасының орынбасары ретінде Алматыда ондаған қазақ мектептерінің ашылуына атсалысқан тәжірибеміз бар. Ұлт мүддесі көкпарға түскен жағдайда аға буын – біздің де үніміз естілгені дұрыс қой деп ұйғардық.

Сайран Тәпенұлы жағдайды тәптіштеп баяндап шықты. №224 мектепті пайдалануға беруге қажетті барлық құжаттар дайын болған. Бүгінге дейін қазақ сыныптарында оқуға 611 баланың, орыс сыныптарында оқуға 200-дей баланың өтініштері қабылданған. Екінші тоқсанда, дәлірек айтқанда, 3 қарашадан бастап мектептің қазақ сыныптарында сабақ басталады. Ал орыс сыныптарында мұғалімдердің жоқтығынан сабақ басталмайды. Тараптардың талаптары заң талаптарына сәйкес реттелетін болады.

Ата-аналар орыстілді мектептер бола берсін, бірақ аралас мектептер болмасын деген талаптарын білдірді. Тіпті «аралас мектеп» тіркесін айналымнан мүлде алып тастау қажеттігін алға тартты. Өйткені аралас мектептің күллі іс-шарасы, линейкалары, педагогикалық кеңестері тек орыс тілінде өтеді. Қазақ сыныптары көп нәрседен қағажу қалып жатады. Оқушылар да, ұстаздар да екінші деңгейге ысырылып, бейшара күйге ұшырайды. Оның үстіне «су үсті», «су асты» ағыстары бар дегендей...

Пікір алмасу кезінде біздің шенеуніктердің жұртшылық көңілінен шығатын сөз айтуға құзыреттері жетпей жатты. Ал ата-аналар бұған наразы. Дау содан туып жатыр. Мемлекетте ұлттық идеологияның жоқтығы шенеуніктердің де қолын байлап тұр.

Ал іс жүзінде «аралас мектеп» деген пәле қайдан шыққан? Патшалық билік тұсында қазақ жастарынан ұсақ шенеуніктер дайындау үшін 1863 жылы ең алғашқы орыс-түзем мектебін ашқан Сырдария облысының генерал-губернаторы фон Кауфман Перовскідегі (қазіргі Қызылордадағы) оқу жағдайын тексеру үшін мектепке барғанда сабақ барысына ризашылық танытып, бірақ үзіліс кезінде қазақ балаларының қазақша сөйлесіп жүргенін естіп, оны тоқтату үшін қазақ және орыс балаларын қосып оқытуды бұйырыпты. Осы оқиға біртіндеп аралас мектептердің пайда болуына соқтырған.

Кеңестік кезеңде отаршылдық пиғыл жалғасын тауып, 1937-1938 жылдары Қазақстанда 478 аралас мектеп болса, өткен ғасырдың 70-жылдары 1689 аралас мектеп жұмыс істеген. 2025 жылғы наурыз айындағы деректер бойынша Қазақстандағы аралас мектептер саны 2684-ке жеткен. Тәуелсіздік алғанымызбен, білім беру саласындағы отаршылдық жүйе сол күйі қалған. Бұған байланысты көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Аралас мектеп – отарлық саясаттың классикалық түрі» дегені есте. Әншейін қарапайым мектеп мәселесінде орыстарға қарап жалтақтай беретін болсақ, тәуелсіздігіміздің қанша құны қалады?

Бүгінде еліміздегі демографиялық ахуалға қарасақ, Қазақстан халқының 75-78 пайызын қазақ халқы құрайды. Аралас мектептерге басымдық беру мүлде қажетсіз! Орыс тілді мектепті бітірген түлектердің есіл-дерті Ресейде болып тұрады. Мұстафа Шоқай: «Бала қай тілде білім алса, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дейтіні бекер емес. Қазір сапалы білім, саналы тәрбие қазақ тілді мектептерде жоғары екендігі туралы ақиқат көпшілікке жеткізілуі тиіс. Қазақстандық патриотизмді күшейту үшін мүмкін болған шараларды ұтымды пайдалана отырып, аралас мектептерді біртіндеп өмірімізден аластауымыз өте-мөте маңызды. Өйткені аралас мектеп – қазақтың болашағы емес. Ахмет Байтұрсынұлының: «Аралас мектептің санын арттыру – ұлтты ұлт ретінде жоюдың бірден-бір жолы» деген ескертуін жадымыздан шығармайық! Егер атқарушы билік қарапайым қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, отаршылдық пиғылдан туған аралас мектептер үдерісіне тоқтау қоймаса, онда қазақ халқы Мәжіліс депутаттарынан «Отарсыздандыру туралы» заң жобасын қабылдауды талап етері сөзсіз. Бұл нағыз ықтимал қадам деп ойлаймын.

  Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев), жазушы-публицист

07.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 706

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19632
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19443
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34570
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33135
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36955