Балалар әдебиеті тағы бір кітаппен толықты

Балалар әдебиеті тағы бір кітаппен толықты

Қазақ балалар әдебиеті - ұрпақтың рухани азығы, болмысы мен тәрбиесінің айнасы іспетті. Осы салаға қосылған әрбір жаңа шығарма кішкентай оқырмандардың қиялын ұштап, таным көкжиегін кеңейтеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде журналист-публицист, жазушы, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабы оқырмандарға таныстырылды. Бұл кітап 2024 жылы желтоқсан айында Қарағанды қаласындағы «Tengri Ltd» баспасынан 1000 данамен басылып шықты. Қаламгердің алғашқы әдеби-көркем шығармалар жинағына «Түлкілітаудың аспаны» атты повесі және әңгімелері кірген. Кітап мектеп жасындағы балаларға және көпшілік қауымға арналған. Көркем шығарма тек қызықты оқиғалар жинағы емес, ол - бала жүрегіне жол табатын, олардың туған жерге, табиғат-анаға, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыратын дүние екені сөзсіз. Жалпы, Төлен Тілеубайдың әдебиет әлеміне жасаған қадамын оқырман қауым жылы қабылдады. Таныстырылым барысында оқырмандар кітаптағы шығармаларды талдап, авторға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Соңынан автор жиналғандармен автограф-сессия өткізді. Прозадағы тырнақалды туындысын ықыласпен оқыған жандар әр шығармаға өз бағасын беріп, әлеуметтік желілер арқылы кітпатан алған әсерімен, ой-пікірлерімен бөлісуде. Сол пікірлердің бір парасымен танысып шығыңыздар.

Айша Дастанбек, Қарағандыдағы №19 жайлы мектептің 7-сынып оқушысы:

«Тауды да, аспанды да жақсы көремін. Шығарманы екі күннің ішінде ерекше қызығушылықпен оқып шықтым. Ал­ғашқы күні түнде түсімде нағашы ағамның ауылын  көрдім. «Шимай бет бұзау» деген теңеуді оқығанда езуіме күлкі үйіріл­ді. Шимай-шимай қағаз көз алдыма елестеп кетті. Кітап авторы ауылдағы өмірді баяндайды. Кітапта арманшыл, қиялшыл бала Әмір деген кейіпкер ұнады. Ол бала өз арманына адал екен. Журналист боп киініп алғанда балалар оған күлді. Анасы кітап көп оқи берме десе де, өз арманына жету үшін кітапты, газет-журналды көп оқыды. Нағашы ағамның ауылында да Темір сияқты тентек балалар бар. Кітап ішіндегі қара қарындашпен салынған суреттер де әдемі. Табиғатты керемет суреттейді. Әмірдің әкесі Сұраған аға жер-су атауларын жақсы біледі, мейі­рімді, еңбекқор адам екен. Повестің соңғы сөйлемі «Бір сәтте көңілі көк тіреген ана мен бала жана­рынан қуаныш ұшқыны шашырап, үйіне қарай алшаң басып бара жатты» деп аяқталады. Әкенің мейірімін, ананың алақанын, жылы  құшағын сезініп өскен Әмір – бақытты  бала».

Нұрасыл Рысқұл, Қарағандыдағы А.Бай­тұрсынов  атындағы мектеп-гимназиясының  8-сынып  оқушысы:

«Бұл кітапты қолыма алып, оқығаннан-ақ, ойша ауылда тұратын ата-әжем­нің үйіне барып қайттым. Таңмен таласа оянып, әжемнің сиыр сауған сәттері еске түсті. Сүттен айырған қаймақ, әжемнің қолынан шыққан құрт-ірімшіктің иісі мұрныма келді. Шелек-шелек қызанақ пен қиярды көрші-қолаңға таратып, сүйіншілеп қонақ шақырып отыратын шуақты күндер көз  алдыма  елестеді».

 

Мәриям Қонарбай, Астанадағы Binom school мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы:

«Бұл кітап мені балалық шақтың тұнық тұңғиығына беттетіп, ауыл өмірінің әр қырын шынайы әрі әсерлі бейнеледі. Басты кейіпкер – ауыл баласы Әмірдің басынан өткен қызықты да шытырман оқиғалары оқырманды еріксіз жетелейді. Бірде оның думанды ойындарына бірге қуансақ, бірде кең даланың құшағына еніп, табиғаттың ғажа­йып сұлулығын бірге тамашалаймыз. Шығарма – тек оқиғалар тізбегі ғана емес, адамгершіліктің, адалдық пен мейірімнің шынайы көрінісі. Автор­дың қаламы арқылы мен көкмайса шөптің жұпар иісін сезіндім, таудан ескен самал желдің жанға жайлы лебін аңғардым, маңыраған қозы-лақтың дауысы мен шегірткенің шырылын естігендей болдым. Бір сәт ауылдың мүлгіген тыныштығына бой алдырып, енді бірде жаздың аптабында жайылған малдың қарапайым, бірақ өмірдің шынайы келбетін бейнелейтін иісін де сезінгендей әсерге бөлендім. Кейіпкердің ішкі толғаныстары мен өмірге деген көзқарасы, бала жүрегінің тазалығы мен аңғал сенімі жүректі елжіретпей қоймайды. Әңгіме желісі өте шебер өрнектелген, әр сөйлемнің өз бояуы, өз үні бар. Бір сәтте Әмірмен бірге шаттанып күлсең, келесі сәтте мұңайып, терең ойға батасың. Бұл – тек ауыл өмірін суреттейтін шығарма ғана емес, нағыз шынайылықтың, өмірдің өз боя­уын бұзбай жеткізудің жарқын үлгісі. Автордың шеберлігіне тәнті болдым. Осындай жүрекке жылы, жанды жадыратар  шығармаларыңыз  көп  болсын».

Сымбат МАҚСАТҚЫЗЫ, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенті: 

Ақ көгершін

Бұл шығармада адамның сезімдері, құбылыстар керемет суреттелген. Қос ғашықтың табысуы, Саматтың Айжанға бір көргеннен ғашық болуы, Айжанның тартымды қылықтары, т.б. суреттеулер бар. Бұл шығармадағы жағдайды екіге бөліп талдасақ болады: қос ғашықтың бір-бірімен танысып, сөйлескенге дейінгі ойлары және одан кейінгі ойлары. Алғашында Саматтың Айжанды пәк періштедей көріп,идеал санауы оқырманға да жақсы ой салады. Алайда уақыт өте келе танысып-біліскен соң Саматтың Айжанға деген ойы толықтай өзгереді. "Адамға бір көргеннен баға бере алмайсың, уақыт өте келе бірге сапарлас болсаң, бірге тұрсаң ғана оны тани аласың" деген қоғамдық пікірлер осыдан шықса керек. Самат онымен бірге тұрмаса да сол бір кеште жеңілтек, кез келген жігіттің қармағына ілінуге шақ қалатын тұстарын байқады. Бастапқы бейкүнә, нәзік, әдепті Айжан енді оның санасында жоқ.

Бұл шығармадан түйеріміз көп. Біріншіден, өмірімізде кез келген әдемі жанды идеал деп санамауымыз қажет. Сыртқы нәзіктігі, сұлулығы көңілге нұр ұялатса да жүрекке жара саларлық жан дүние болуы мүмкін ол адамда. Екіншіден, қызға тән қылық , жылы шырай болғанымен, өзін әр жігіттің ырқына көндіріп кете беретін жан болса, күндердің бір күні алданып, өмір бойы бармақ тістеп өтуі бек мүмкін. Қыз — бағалы, құнды жаратылыс. Теңіз түбіндегі маржан тастар қалай жасырын болса, қыз да сондай құпия болуы қажет. Көрінгеннің құшағында жүрген қыздың қадірі кетеді, құны жоғалады.

Аружан ЕСЕНГЕЛДІ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлеуметтік ғылымдар факультетінің 2 курс студенті:

Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабын бірнеше күн бас көтермей оқып шықтым. Повесте ауыл баласының арман-мұраты, қазақтың салт-дәстүрлері, үлкендердің тәрбиесі мен өнегесі, ал әңгімелерде жастардың мөлдір сезімі көркем тілмен кестеленген.

Ескі достарымен қоштасып, жаңа ауылға қоныс аударған Әмірдің сағынышы, еңбекке адалдығы мен алғашқы махаббатының шарықтау шегі. Даланың ақбөкендеріне араша түсемін деп жауыздармен арпалысып, қаза тапқан қорықшы Ерланның тағдыры. Өз ғашығы мен ақ көгершіннің болмысынан ұқсастықтар тауып, бақытсыз махаббатқа душар болған Саматтың сезімі. Қызбалығы мен іштарлығы бақытының түбіне жеткен Гүлсараның махаббаты. Бұл шығармалардың негізі өмірден алынған.

Кітаптың екінші бөліміндегі әңгімелерден «Гүлсараның махаббатын» қызығып оқыдым. Кейде біз, қыздар жігітті сынаймыз деп қорлап, өз махаббатымыздан айрылып, өкінішке тап боламыз. Адамның мінез-құлығындағы кемшіліктер тағдырына әсер етіп жататын кездер көп. Автор осы дүниені ешқандай бүкпесіз ашық көрсете білген. Бұл әңгіме оқыған жанды бірден баурап алады. Өмірдегі қайталанбас ғашықтық сезімдерді көз алдыңа әкеледі. Шеберлік пен шынайылық бір арнаға тоғысқанда ғана осындай шығарма жазылады. Кітапсүйер оқырманға Төлен Тілеубайдың жаңа кітабын оқуға кеңес беремін. Іші толған маржан сөздер, мағыналы ойлар.

Гауһар Тұрсынқожа

 

01.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 307
Бас жоспар   жарты млн тұрғынға арналған
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы (Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі негізінде дайындалды) - 25.09.2025 151
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 454
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 301

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18220
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18081
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33268
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31816
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35523