Орал қаласының аумағында 20-30 мамыр аралығында «Абайлаңыз – балалар!» атты жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл туралы қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Шараның мақсаты – қоғамның назарын осы мәселеге аудару, көлік жүргізушісінің қауіпсіздік белдігін тағуын және автокөлік салонында балаларды тасымалдау барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғының болуын қадағалау, балалар мен ересектердің көлік қозғалысына назар аударуын қалыптастыру. Жалпы іс-шараның өтуіне патрульдік полиция батальоны, әкімшілік полиция қызметкерлері, ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылған.
– Жол-қозғалыс оқиғасы жол ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Сондықтан жыл сайын қаланың барлық мектеп оқушыларына жол жүру ережелерінің маңыздылығы мен апаттылықтың алдын алуға бағытталған кең ауқымды дәрістер оқылып, түрлі бағдарламалық ақпараттар таратылады. Ата-аналар мен мұғалімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді ұйымдастырушылар.
Шара барысында көше-жол желілерінің және жалпы білім беретін, мектепке дейінгі мекемелер, қосымша білім беретін балалар ұйымдарының және олардың аумағына жақын орналасқан орындарда жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын пайдалану жай-күйіне тексеру жүргізілуде. Жалпы білім беретін мекемелердің қолданыстағы автобустарында жолаушылар тасымалдауға лицензиялардың бар болуын қадағалау, мектеп оқушыларын тасымалдауды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеру жүзеге асырылуда. Бұдан басқа тұрғын үй, аула аумақтарында, балалар мен спорттық алаңдардың маңында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтармен кездесулер өткізу жоспарланған. Бұл шараларды ұйымдастыруға жол және коммуналдық қызмет мекемелері, көліктік бақылау органдары, жергілікті атқарушы органдар, пәтер иелері кооперативтері де үлес қосуда.
Айталық, 22 мамыр күні облыс орталығындағы аялдамалардың бірінде Орал қалалық полиция басқармасына қарасты «Патрульдік полиция батальонының» және Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің инспекторлары бірлесіп, жаяу жүргіншілер жолағы тұсында арнайы трафареттерді жол жиегіне бастырып, жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарына бағынуға шақырды. «Құлаққапты шешіңіз», «Снимите наушники», «Жолды белгіленген жерден өт», «Переходи дорогу в установленном месте», «Жаяу жүргінші, қауіпсіздікке көзіңді жеткіз», «Пешеход убедись в безопасности перехода», «Баланы қолыңызға көтеріңіз», «Возьмите ребенка за руку» жазуларын арнайы трафареттер арқылы жол үстіне сырлап бастырды.
«Оқушылардың жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауын, жол үстінде жол белгілеріне мән берулерін талап ету мақсатындағы көпшілік-мәдени түрлі мазмұндағы әдемі игі шаралар қала аумағында әлі де жалғасады» деді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.