Бейзаттық мәдени мұра дегеніміз не?
Мен бұл шағын мақаламда «материалдық емес мәдени мұра» деген айтылым (жазылымды) не үшін «Бейзаттық мәдени мұра» деп қолдандым? «Бейзаттық» атауындағы «бей» болымсыздық мағынасындағы қосымша, яғни жоқ емес, болмаған деген сияқты болымсыздық, дерексіздік мәнді білдіреді.
Mысалы: бейшара (шарасыз, шарасы жоқ), бейкүнә (күнәсіз), бейәдеп (әдепсіз), бейсауат (сауатсыз, хабарсыз), бейресми (ресми емес), беймәлім, беймаза, бейсана… деп ондаған сипат алуға болады. Ал, «материалдық емес» деген атау орысша «не материальное» деген сөзден, қазақ тілінің ішкі сөз жасамына емес, орыс тілінің синтаксистік үлгісіне сүйенген өлі аударма! Орысшадағы «не» қазақша «емес» мағынасындағы сөз, материаллық емес дегенге қарағанда, бейматериалдық десек (бейорганикалық деген сияқты), тілімізге біршама жақындайды. Бірақ, материалдың бізде «зат» деген әдемі баламасы тұрғанда, неге «бейзаттық» деп алмаймыз? Себебі, қазақ тілінің орныққан жүйесіне дөп келеді, әрі тап-таза қазақша сөз! Сондықтан, ҚХР-дағы қазақтар сияқты «Бейзаттық мәдени мұра» деп қолдануды сұраймын!
Ғасырлар бойы халықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұраларының ажырамас бөлігі, дәстүрлі мәдениеттің бейнелену формасы. Сондай-ақ, қоғамдық топтар мен жеке тұлғалардың мәдени мұра деп таныған, ауызша дәстүрлерді, өнер көрсетуді, салт-сана жоралғылар мен дәстүрлі қолөнерді қамтитын тірі мәдени тәжірибелер жиынтығы. Дәстүрлі мереке-мейрамның нақты формалары – халықтық фольклор (ауыз әдебиеті), дәстүрлі музыка, дәстүрлі би, дәстүрлі театр, ән-күй, дәстүрлі әсемөнер, дәстүрлі қолөнер, дәстүрлі дәрі-дәрмек, ұлттық салт-сана.
Ол мәдени мұралардың құндылығы неде?
Бейзаттық мәдени мұралар тарихи мәдениеттің айғағы ғана емес, ол осы заманғы қоғамның да баға жетпес байлығы. Оны жаңашылдықпен түрлендіру және дамыту арқылы, саяхат, мәдениет жасампаздығы, оқу-ағарту, ғылым саласымен ұштастыру арқылы тың өміршеңдік күш қалыптастырып, осы заманғы қоғамға, жаңа Қазақстанға экономикалық және мәдениет құнын қоса жарату арқылы өзін әйгілейді. Адамзат өркениетінің біртіндеп дамуына өзіндік үлесін қосады. Ол ұлттық мәдениеттің жан тамыры, ұлттық сүйіспеншіліктің қайнар көзі, мемлекеттің біртұтастығын сақтаудың негізі. Сондықтан да, бейзаттық мәдени мұраларды қорғау мен оған мұрагерлік ету, ұлттық құндылықтарды қастерлеу мен дәстүр сабақтастығын сақтауда аса келелі маңыз алады.
Қорғау мен мұрагерлік етіп, дамытуға баса мән берілмегенде, бейзат өнеріміз зымыран заманның кірме мәдениетіне жұтылып, құрдымға кетеді. Сол үшін әлемдегі өркениеті дамыған Қытай, Корея, Жапония сияқты елдер бұл қызметті мемлекеттің маңызды күн тәртібіне енгізіп отыр. Бейзаттық мәдени мұраларды және оның өкілдік мұрагерлерін қалай анықтап, тұрақтандырады. Бұл үшін ең алдымен қорғауға алынатын мұраларды төмендегідей түрге айырып, жіктеп алу керек.
1. Халық ауыз әдебиеті (фольклор) – ертегілер, аңыз-әңгімелер, хисса-дастандар, мақал-мәтелдер, батырлар жыры, ғашықтар жыры, баташы, жұмбақшы, шежіреші т. б.
2. Халықтық музыка – халық әндері (дәстүрлі ән), жыр-терме, айтыс (ақындар айтысы), күйші-домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, көмейші, бәйітші, жарапазаншы, халықтық би, халықтық театр т. б.
3. Дәстүрлі шеберлік – үй құрылысы, су құрылысы т.б.
4. Дәстүрлі көркемөнер (әсемөнер) – суретші, мүсінші, қолөнерші (ағашшы, үйші, ерші, өрімші, етікші, қаңылтыршы, киізші, бояушы, кестеші, тоқымашы, тігінші, оюшы) т.б.
5. Дәстүрлі дене-тәрбиесі – ат бәйге, көкпар, қыз қуу, теңге ілу, садақшы (мерген), тоғызқұмалақшы, асықшы, дойбышы, аңшы-құсбегі (тазышы, бүркітші, қаршығашы, тұйғыншы), атбегі (сыншы), шаңғышы т. б.
6. Дәстүрлі дәрі-дәрмек (халықтық медицина) – емші, оташы, бұлаушы, құяңшы т. б.
7. Халықтық тұрмыс-салт, мереке-мейрамдар – атап айтсақ: нәрестені сылау, ат қойу, бесікке салу, сүннеттой, тана тағу, құдалық түсу, қыз ұзату, келін түсіру (тойдағы ырым-жырым), ас беру, Наурыз мейрамы, Самантой мейрамы, көктем мерекесі, әр ұлт, әр халықтың дәстүрлі мереке-мейрамдары.
8. Халықтық ас-су мәдениеті – мал сою, қазы айландыру, ет сүрлеу, ет тағамдары, сүт өнімдері (құрт, ірімшік қайнату, май шайқау, қымыз-шұбат ашыту, мағзым, қымыран, көже жасау), тары түйіп, жент жасау т. б.
Бейзаттық мәдени мұраларды қорғау, оған мұрагерлік етіп, заман талабына сай дамытып, өндіріске қосып, айналымға енгізу үшін мемлекет тарапынан маңызды күн тәртібіне енгізіп, мәдениет министрлігі жанынан, қатысты тараулармен сәйкесіп, дербес жұмыс жүргізетін арнаулы құрылым құрып, оған қажетті кадрларды дайындау қажет. Атап айтқанда, көрші елдердегідей, министрлік пен облыстардан «бейзаттық мәдени мұраларды қорғау басқармасын», аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту мекемесінің жанынан «бейзаттық мәдени мұраларды қорғау бөлімін» ашып, қызмет функциясын айқындап, мәдениет үйлерінің рөлінен пайдалану арқылы, әрқайсысы түрлі халықтың ішінен іздеп тауып, шартқа сай келгендерін саралап, қорғалатын нысан мен өкілдік мұрагерді бекіту керек.
Жалпы, халық мойындаған мұрагерлер мен нысандарды мемлекет, облыс, аудан дәрежелі деп, үш дәрежеге жіктеуге болады: алдымен ауданнан саралап, облыс дәрежеліні бекіту; облыстан саралап, мемлекет дәрежелі нысан мен өкілдік мұрагерді тұрақтандырып, куәлік (сертификат) беріп, олардың мемлекетке, халыққа белсене қызмет етуіне заттық және рухани жақтан қолдау көрсету қажет!
Негізге аларлық заң болмаса, бұл шаруалар қалай орындалмақ? Бейзаттық мәдени мұраларының нысандарын бекітіп, мұрагерлерін тұрақтандырған соң, құтқаруды бірінші орынға қою, қорғауды негіз ету, үйлесімді пайдалану, мұрагерлік етіп дамыту бағыты бойынша халықты басты орынға қойып, жүйелі, ғылыми, заңды түрде қорғау арқылы дәстүр сабақтастығын сақтап, мұрагерлік етуде жаңалық ашу үшін мемлекеттің қаржылық кепілі мен өңірлердің белсене қолдауы қажет болады.
Бейзаттық мәдени мұраларды бүлдіргендер мен бұрмалағандарды және мұрагерлердің құқық-мүддесін аяқ асты ететін алаяқтарды жауапқа тарту керек болады. Сол үшін сүйенетін заң қажет!
Ұлттық құндылықтар деген не?
Ол белгілі бір халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан, ұлт ретінде сақталып, дамуына негіз болатын рухани, мәдени, тарихи, тілдік және әлеуметтік қағидалар жиынтығы. Ұлттың жаны мен болмысы. Бейзаттық мәдени мұралардың құрамдас бөлігі.
Қызылордада өткен ұлттық құрылтайда «Отаншылдықты тек сеніммен шектемей, ұтымды іспен, азаматтық жауапкершілікпен жалғастыру керек. Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі, мәдениет пен өнер, біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс!» – деп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық болмыстың маңыздылығын атап өтті. Міне, бұл біздің бейзаттық мәдени мұраларды қорғау заңын жасауымыздың саясаттық негізі болмай ма? Бұдан артық нендей дәлел-дәйек қажет!?
Заң жасалып, қорғау ісі дамытылғанда ғана, біз бейзаттық мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізе аламыз! Біз әдетте, «жылқы жануарын ең алғаш қолға үйреткен мекен – қазақ жері, мал шаруасымен шұғылданған көшпенділердің бірден-бір мұрагеріміз» дегенді ауыз жаппай айтамыз. Ал, саумал мен қымыз, айран-шұбат, құрт-ірімшік сияқты сүт өнімдерін қорғап, дамыта алдық па? Ат әбзелдерін жасайтын ерші, өрімші сияқты қолөнер шеберлігін ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу емес, өңірлік деңгейде қорғайтын бейзаттық мәдени мұралар тізімін жасай алдық па?!
Міне, бұл негізге аларлық заңның жоқтығынан болып отыр! Біз басты назарды тек материалдық өндіріске аударып, рухани дүниені көлеңкеде қалдырған сияқтымыз. Материалдық өркениетті қаңқадағы омыртқа десек, рухани құндылықтар сол омыртқаның өзегіндегі жұлын сияқты емес пе! Жұлын үзілсе, тірлігіңнің қалай болатынын ойлаудың өзі үрейлі екенін неге ескермейміз!
Бейзаттық мәдени мұраларды қорғау және жаңалық аша дамытуды заңмен кепілдендіру арқылы, өндіріс ошақтарын ашып, саяхат істерін дамытып, халықтың табысын жоғарылатуға, шетелдіктерге кең байтақ Қазақстанымызды танытуға сара жол салуымыз керек. Мысалы, көрші ел ҚХР-да әр жылдың екінші сенбісі «Мәдени және табиғи мұра күні» етіп белгіленген. Осы күні мемлекеттің жер-жерінде аса ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Спорт қимылдары, әр ұлт мұрагерлері дайындаған концерттер қойылады. Өнерпаздар мен шеберлер өнер көрсетеді. Бейзаттық мәдени мұра өнімдерінің көрмелері мен универсал жәрмеңкелер ашылып, сауда-саттық жанданып, мереке-думанға бөленеді.
Бұдан басқа, жылдың он екі айында саяхат орындарында, өңірдегі ұлттардың бейзаттық мәдени мұралары мен мұрагерлерінің өнер көрсетуі, ұлттардың салт-санасын әйгілейтін іс-шаралар ұйымдастырылып, ел іші-сыртынан келген саяхатшыларға қызмет көрсетіп, экономикалық және рухани мәдени құн жаратып, табыс көзін ашады. Осылайша бір жағынан өздерін байытса, енді бір жағынан салық төлеп мемлекеттік бюджетке үлес қосады. Бұдан артық не керек! Бізге неге осыларды жасамасқа!
Балғабек ҚАДЫРҰЛЫ,
Алматы облысы
Талғар қаласы












