Бір отбасын қырған жендет Меккеге барып кешірім сұраған

Бір отбасын қырған жендет Меккеге  барып кешірім сұраған

Қатыгездік, зұлымдық, жауыздық тәрізді жаман әдеттер елімізде етек жайып, тіпті мұндай қанды оқиғалар үйреншікті, кәдуілгі жағдайға айналып кеткеніне таңғалмасқа шараң жоқ. Қылмыс жасаушылардың жасы да әрқилы. Олардың қатарында мектеп жасындағы баладан жетпістегі қартқа дейін бар. Жалпы, осындай қатігездік жайлы мәселелерді көп айтып, жазып та жүрміз. Осы шағын мақаланы жазуға түрткі болған нәрсе – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында болған қанды оқиға. Кісі өлтіргіш жендет бүтін бір отбасы мүшелерін қырып салып, Меккеге барыпты. Мақсаты – осы қылмысы үшін Алладан кешірім сұрау. Төрт бірдей адамды қанжоса етіп өлтіріп, қай бетімен кешірім сұраған десеңші! Ол өзін сонда кінәлі сезінбейді екен. «Бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең» деген тәмсілді біле ме екен өзі?

Ол жауыздың аты – Сұлтан Сәрсемәлиев. Алдымен ол қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевты өлтіріп, мәйітін жасырған. Одан соң бұрынғы жұбайының ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Нәсипа Өтешқалиева, сондай-ақ қайынәпкесі Мейрамгүл Қарабалина да жауыздың қолынан қаза тапқан. Оның мойындауынша, Мақсот Қарабалинге 9 рет, Нәсипа Өтешқалиеваға 8 рет, Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет аяусыз пышақ ұрған. Және олардың мүрделерін жайбарақат түрде көмген. Бұдан артық жауыздық бар ма, ағайын-ау?

Әрине, күдікті ретінде оған іздеу салынды. Ал осынша жанның күнәсін арқалаған ол Меккеге барып, 10 күн жатқан. Тергеу кезінде айтылғанға сенсек, ол осында өзін-өзі өлтірмекші болыпты-мыс. Бірақ ондайға бармай, жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге Малайзияның Куала-Лумпур қаласынан Бали аралына ұшып келген. Кейін тағы бір аралға қоныс аударып, рахатқа батып қыдырған. Ақыры ол  Индонезияда   ұсталды. Қандықол С. Сәрсемәлиев өлтірген адамдарды алдын ала зерттеп, қандай байлығы барын анықтаған. Содан кейін ғана оларды өлтіріп, сол байлықты шімірікпей иемденіп, шетелге қашқан. Осылардың бәрін бүге-шүгесіне дейін жазғанымыз, біріншіден, ол жауыз жендетті ел білсін дегеніміз. Екіншіден, бұндай зұлымға тек сот, прокуратура ғана емес, қалың ел өзіндік жазасын, бағасын айтсын деген оймен жазып отырмыз.

Иә, өкінішке қарай, осы ауыр қылмыстарды жасаған қарапайым ғана қазақтың баласы. Жынды, есі ауысқан емес, сап-сау. Қазақы отбасында тәрбие көрген. Үлкендердің батасын алып, үйленіп, отбасын құрған. Ал мұндай жауыздыққа қалай барған? Қалай ғана елде жоқ сұмдық қылмысты жасаған? Әрине, оның тәрбиесінің басы отбасыдан, мектептен, жүрген ортасынан басталған. Қай жерден қателестік? Мәселен, мектеп жасындағы балалар да неше түрлі жауыздықты жасап жатыр. Міне, осының себеп-салдарын ашатын кез келді. Ондай қатігездіктер мен сұмдықтардың алдын қалай аламыз? Ол үшін не істеуіміз керек? Ойларыңызды айтыңыздар. Бәріміз осыған жұмылып, ақылдасайықшы. Әйтпесе кеш қалып, өкініп қалуымыз әбден мүмкін...

 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

09.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26492
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25920
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43315
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39115
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43722