Төлеби ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жаңадан 3 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Достық елді мекеніндегі 900 орындықты, Көксәйекте – 600 орындық, Қосағашта – 300 орындықты білім ошағының құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.
Қазіргі таңда құрылыс алаңдарында жұмыс қарбалас, сала мамандары басқарған ауыр техникалар қажетті заттарды тиісті орынға жеткізіп, ғимараттың жоғарғы қабаттары қалануда. Жұмысқа жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Олар 150-200 мың теңге аралығында жалақы алады. Құрылыс алаңдарына бейнекамералар орнатылып, жұмыс процессі тиісті бақылауға алынған.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев жоба аясында құрылыс алаңына арнайы барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Мердігер, техникалық қадағалаушы мекеме өкілдеріне жолығып, сапалы және уақтылы орындалуын міндеттеді. Сондай-ақ құрылыс компанияларының жергілікті атқарушы билікке айтар уәждерін тыңдап, заманауи мектеп ғимаратының құрылысының нәтижесінде ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделгенін айтты.
Жалпы, жоба бойынша бірыңғай стандарт бойынша салынып жатқан жайлы мектеп әрбір баланың жақсы оқуына, өзін жайлы сезінуіне ықпал ететін болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқып, әр блоктар оқу кабинеттерімен қатар, дәретханалар, спорт залмен қамтылады. Білім ошақтарын мектептер заманауи технологиялық және инженерлік жабдықтармен, ыңғайлы оқу және корпустық жиһазбен қамтамасыз ету де тапсырылған. Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
Мердігер мекемелер өз кезегінде әр құрылыс алаңында 100-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатқанын айтып, оны көрсетілген мерзімде аяқтап, тапсыруға уәделерін берді.