Бұғытыда бұққан аждаһа Шарынға ауыз салды

Бұғытыда бұққан аждаһа Шарынға ауыз салды

Бұғыты тауы әлемге аты мәшһүр, сыртқы тұрпаты мен сұлулығымен көпшілікті тәнті еткен әсем жеріміз Шарыннан он шақты шақырым жерде жатыр. Шарынға нәр беріп жатқан өзен арқандай шұбатылып шатқалдың ортасында сылқ-сылқ күліп ағып жатыр. Оның әлдебір ұлы ұстаның қолынан шыққандай кертпеш-кертпеш әлеміштенген жоталары ғажайып көрініс беріп, көрген жанды тәнті етіп, өзіне магниттей тартады. Америка Құрама Штаттарындағы Шарынға ұқсас егіз шатқал біздің Шарыннан сұлулығы жағынан жолда қалады дейді туристер. Міне, сол әсем жерімізге, ағайын, қауіп төніп тұр!

Жылдың басында ма, Бұғыты тауының баурайына қытайлар келіп, өндіріс ашып, осы жерді қоршағанда еліміздің бір топ белсенділері наразылығын білдірген, яғни оларға қарсы шыққан. Өкінішке қарай, олардың жанайқайына біздің өкіметіміз, билігіміз назар аудармады, өңмеңдеген қытайларды аластаудың орнына оларды бүлікші ретінде қуып шыққан. Одан кейін Бұғытыда бұғып жатқан қытайлар жөнінде, олардың не істеп, не қойып жатқаны жайында хабарошар естіген емеспіз. Тек жергілікті тұрғындар ол жерден алтын немесе вольфрам өндіретінін және Бұғытының баурайына әсем үйлер салып, тауды жарылыс жасап бүлдіріп жатқаны жөнінде айтып, дабыл қақты. «Ау, өздеріңіз бірігіп, табиғатты бүлдіріп жатқан қытайларға неге бөгет жасамайсыздар?» – деп сұрасақ, олар «бізді ол жерге кіргізбек түгілі жанына жолатпайды. Бейнебақылау орнатып тастаған. Жақындасаң, олар атып тастаудан тайынбайды», – десті.

Біз бұл жөнінде анығырақ білейік деген ниетпен Ұйғыр ауданының әкімі Нурахунов Шухрат мырзаға кірдік. Әкім мән-жайға қаныққан соң, бұл жөнінде жақсы білетіндерін және Шарын өзеніне қауіп төніп тұрғаны жайында облыстық әкімшілікке хат жазғанын жеткізді. Жалпы ол жер Еңбекшіқазақ ауданына қарайды екен. Біз жазылған хат жайлы сұрағанымызда жасырмай, олардың көшірмесін бізге берді. Сол хаттардың көшірмесімен таныс болыңыздар.

Екі хаттың бірі Алматы облысы әкімінің орынбасары Б. Байжұмановқа және екіншісі сол облыстың ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Д.Құдабаевқа жіберілген. Екі хаттың мазмұны бірдей.

«Шарын өзені арқылы «Жетісу Вольфрам» ЖШС диаметрі 2 метр су жүретін құбырды өздерінің салынып жатқан зауыттарына тартқан. Осы Шарын өзені арқылы 2500 шаруа құрылымдары 15 мың гектардан астам жерді игеруде. Алайда «Жетісу Вольфрам» ЖШС судың көп мөлшерін пайдаланатын жағдайда ауданда жұмыс жасап отырған шаруа құрылымдарында судың тапшылығы орын алуы мүмкін. Сондықтан осы жоғарыда аталған мәселені ескере отырып, аудан әкімдігі сізден ықпал етуіңізді сұрайды». Хатқа Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Қ. Исаев қол қойған.

Әкімшіліктің көтеріп отырған дабылды мәселесі, абыржуы өте орынды. Хат 19 тамызда (2022 ж) жазылғанымен, әлі де көңілді орнықтыратын жауап жоқ. Рас, егер қытайлар немесе аталған ЖШС хатта айтылған 2 метрлік су жүретін құбырды іске қосса, онсызда аз мөлшердегі Шарын өзенінің суы азаятыны сөзсіз. Онда аудан әкімшілігі айтқан су тапшылығы болатыны сөзсіз. Әлбетте, жергілікті шаруалар су тапшылығынан қиналады. Тағы да бұданда зор қауіп бар. Шарын шатқалының өмірлі өзегі, нәрі болып отырған өзен суалса, онда оның табиғаты да солып, шөлге айналады. Онда оның қазіргі көкорайға бөленіп тұрған сұлулығы да көз алдымызда бал-бұл ұшады. Сонда дейміз-ау, осындай қауіптің, апаттың төнетінін, болатынын жергілікті жердің дабылына қарамастан бұған жол беріп отырған жоғары билікке біз таң қалып отырмыз. Әрине, қытайларға бәрібір. Олар өзіне қажетті байлық-қазынаны тонап алған соң, елдеріне тайып тұрады.

Осындай жағдай Қызылорда облысында болған. Сыр өңірінде Қызылқұм деген шұрайлы жер бар. Бұл өңірдің қызығын жергілікті халық көріп жатыр. Олар мыңғырған төрт түлік мал өсіреді. Қызылқұмның шөл деген аты болғанмен, оның астында телегей теңіз бар деседі. Сол телегей теңіздің мөп-мөлдір суын ондаған ұңғыма скважиналар орнатып, сыртқа шығарған. Бір ғажайыбы әрбір скважинадан буырқанып атылып шыққан су аспанға қарай шапшиды. Әрбір скважинаның жанында бір-бір көл бар. Бұл ғажайып емес пе?! Міне, осы ғажайыпқа Байқоңыр ғарыш айлағындағы орыстардың тойымсыз көзі түсіп, әлгі ен телегей суды 2 метрлік құбыр салып, сора бастайды. Сонда не болды дейсіз ғой? Әлгі буырқанып атқылап жатқан скважиналар тоқтай бастады. Ел шулап, наразылық танытып, әлгі тартылған алып құбырлардың су соруын тоқтатуды үзілді-кесілді талап етті. Жергілікті тұрғындар: «Я өлім, я өмір! Біз құбырларды кесіп, тәнімізді сол жерге қоямыз!» – десті. Ол кезде аузын айға білеген СССР билігін жүргізіп отырған. Мәскеуден генералдар келіп, жергілікті ел тұрғындарын тоқтатпақшы болды. Тоқтата алмады. Ақыры халықтың дегеніне көнді. Ал алып құбырлардың қызығын 90-жылдардың ауыртпалығы кезінде жергілікті ел көрді.

Міне, бұл мысалды әлгі тартылып жатқан 2 метрлік құбырдың зияндылығын, қаупінің зардабын дәлелдеу үшін ескертіп, айтып отырмыз. Біз құбыр тартылатын жерге арнайы барып көрдік. Иә, сонау Бұғытыдан басталған құбыр түсетін жерді әдемілеп қазып, дайындап қойған. Алып аждаһадай ирелеңдеген құбырдың өңеші Шарын өзеніне келіп тіреліп тұр. Әзірге құбыр төселген жоқ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы құрылысты қытайлар тез атқарған. Яғни құбырды да олар көзді ашып-жұмғанша салып тастайтыны сөзсіз. Арғы жағын айтудың өзі қорқынышты. Біз қытайдың ауылына кіре алмадық. Бірақ біздің бақытымызға қарай жолай сол жерде жұмыс істейтін бір азамат біздің көлігімізге мінді. Әлгі азаматтан сыр суыртпақтадық. Оның айтуынша, Бұғытының бір тауын қытайлар тас-талқан етіп бұзып, жарып тастаған. Оның естуінше, сол жерге Шарын өзенінен су тартып, көл орнатпақшы. Ол көлдің суын алтынды аршып алуға пайдаланады-мыс. Содан соң салынып жатқан зауытқа теміржол тартпақшы-мыс. Сол теміржолмен алынған өнімді Қытай жеріне тасымақшы-мыс. Азамат бұл жайларды қорқып әзер айтты. Бірақ айтылған сөзінде айдай шындық бар екендігі сөзсіз. Ол бізге бұл жайды жақсы білетін тағы бір азаматтың телефонын берді. Бірақ ол азамат ақпарат беруден бас тартты.

Қазіргі басты мәселе Шарын өзеніне өңешін созып келген алып құбырдың жұмыс істеуін тоқтату қажеттігі туындап отырғанын сіз бен біз жақсы біліп отырмыз. Оны қалайда тоқтату керек! Ындыны кепкен, біздің байлығымызды тонамақшы болып отырған қытайлардың әрекетіне тосқауыл қою қажет! Билік мұны істемесе, онда халық дабыл көтеруі тиіс. Егер оны тоқтатпасақ, біріншіден, елдің мол қазынасынан, екіншіден, әлемдегі ең сұлу мекен Шарын шатқалынан біржола айырыламыз. Кәнеки, үн қатыңдар біз көтерген дабылға!  

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандары
29.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 75
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 597
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 714
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 626
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 636

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8771
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8171
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11400
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9154
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10385