Әлемдік дипломатияның тарихына үңілсек, мемлекеттер арасындағы көпжақты ынтымақтастық пен диалогтық форматтар бір күнде пайда болған жоқ.
Бұл – адамзаттың ауыр сынақтардан кейін тапқан өркениетті жолы, ортақ жауапкершілік мәдениетінің жемісі.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күл-талқан болған әлем бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін жаңа жүйе қажет екенін түсінді. Осылайша 1945 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылып, елдер алғаш рет жаһандық деңгейде бір үстел басына жиналды. Бұл халықаралық ынтымақтастық дәуірінің бастауы болды. Кейін әлем түрлі бағытта дамып, жаңа форматтар дүниеге келді.
1949 жылы НАТО, 1957 жылы Еуропалық экономикалық қауымдастық, ал 1967 жылы АСЕАН құрылды. АСЕАН негізінде «АСЕАН+1», «АСЕАН+Қытай», «АСЕАН+Жапония» сияқты модельдер пайда болып, аймақ пен серіктес елдер арасындағы тұрақты диалог жүйесі қалыптасты.
Мұндай форматтар елдерге тек экономикалық серіктестік емес, өзара сенім мен тең әріптестік мәдениетін де дарытты.
XX ғасырдың соңында ШЫҰ, G20, ал XXI ғасырда С5+1 сияқты жаңа алаңдар ашылды.
Бұл – геосаяси өзгерістерге бейімделген, уақыт талабына жауап берген жаңа дипломатия үлгісі.
Бүгінде мұндай форумдардың басты миссиясы – бейбіт даму мен өзара тәуелділікті үйлестіру. Себебі қазіргі әлемде бір елдің қауіпсіздігі мен өркендеуі өзгелерден бөлек қарастырылмайды.
Осы тұрғыда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапары – Қазақстанның теңгерімді және сындарлы сыртқы саясатының нақты көрінісі. Бұл сапар арқылы еліміз Орталық Азиядағы жаңа экономикалық және геосаяси әріптестіктің діңгегіне айналып отыр.
Қазақстан өз бастамалары арқылы аймақтық тұрақтылықты жаһандық сеніммен ұштастырып, сыртқы саясаттың жаңа парағын ашты. Бүгінде әлем елдері бір-бірімен тығыз байланысқан. Кез келген аймақтың қауіпсіздігі мен өркендеуі енді жеке емес, ортақ жауапкершілікке айналды. Сондықтан С5+1 форматы Орталық Азияны жаңа геоэкономикалық кеңістікке айналдыруға жол ашады. Бұл Қазақстан үшін де экономикалық және саяси басымдық әрі тепе-теңдікті сақтауда артықшылық беретіні анық.
Жарқынбек АМАНТАЙ,
Парламент Мәжілісінің депутаты















