Экономикалық даму – кез келген мемлекеттің өркендеуі мен тұрақтылығының негізі. Бұл екі бағыт бір-бірімен тығыз байланысты: әлеуметтік даму халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуды көздесе, экономикалық даму елдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталады. Қазақстанның даму стратегиясында бұл бағыттарға ерекше көңіл бөлінеді, себебі олар халықтың әл-ауқаты мен елдің жалпы деңгейін анықтайды.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің 2026-2028 жылдары экономикалық даму болжамын таныстырды. Министр баяндамасына сүйенсек, екі жылда ел бюджеті Ұлттық қордан мүлдем қаражат алмай, мұнайға деген тәуелділіктен арылады. Республикалық бюджеттің шығыстары 2026 жылы 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы – 28,8 трлн теңгені және 2028 жылы – 29,8 трлн теңгені құрайды. Кірістерге келсек, Қаржы министрлігінің есептеуінше, 2026 жылы бюджетке 23,1 трлн теңге, 2028 жылға қарай 27,6 трлн теңге түсім түседі.
«Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2028 жылы 68,6 млрд долларға дейін өседі деп болжануда», – деді Ұлттық экономика министрі.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзінше, алдағы екі жылда мемлекеттік шығыстардың негізгі бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл бағыттағы шығындарға 10 трлн 725 млрд теңге қарастырылып отыр. Әлеуметтік сала шығындары жалпы шығыс көлемінің 38,7%-ын құрайды.
«Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың контингенті 288 мың адамға артады. Шәкіртақылар ұлғайтылады, ал бюджет есебінен оқитын студенттер саны 19 392 адамға артады. 2026 жылы міндетті медициналық сақтандыруға аударылатын жарналар медианалық жалақыға қарай есептеледі», – деді Тәкиев.
Айта кетейік, Үкіметтегілер 2026 жылы инфляция 10 пайыз деңгейінде болады деп болжап отыр. Дегенмен 2026 жылғы кірістер мен бюджет тапшылығын есепке алғанда, бюджет шығысы да арта түседі. 2026 жылы шығыс 2 трлн теңгеге артып, 2028 жылы 29,7 трлн теңгені құрайды.
Экономика саласының сарапшысы Айбар Олжаев Үкіметтің 2026-2028 жылдарға арналған экономикалық болжамының жүзеге асу мүмкіндігі мен Ұлттық қорға тәуелділіктен арылу жоспарын былайша талдады.
«Бұл – идеалистік мақсат. Әрине, 2030 жылы дамыған 30 ел қатарына қосылу мақсатымен салыстырғанда бұл жақсы қадам, бірақ ешкім 2028 жылы нақты осындай нәтижеге жетеміз деп кепілдік бере алмайды. Себебі қақтығыс, вирус немесе пандемия сияқты күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Дегенмен үкімет осы мақсатқа ұмтылып, бюджеттің өзіндік фискалды табысын арттыру, шығыстарды қатаң бақылау және сыртқы қарызды өсірмеу арқылы Ұлттық қордан трансфер алмай-ақ жұмыс істеуге тырысады. Бірақ кез келген сыртқы шок жоспарды өзгертеді, сондықтан «2028 жылы Ұлттық қордан ақша алмаймыз» деген мәлімдеме шамамен болжамдық сипатта», – деп түсіндірді Олжаев.
Қазақстан экономикасы шикізатқа тәуелділікті азайтып, көлік-логистика, құрылыс және қайта өңдеу секторларын дамыту арқылы әртараптану жолында келеді. Отандық сарапшылар экономикалық дамудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік шығындарды тиімді пайдалану және жаңа экономикалық модельді толық іске асыру деп есептейді. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлеріне көлік, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі жатады. Бұл мемлекеттің шикізатқа тәуелділігін біртіндеп азайтуға көмектесуде. Сарапшылар Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге шектеу қою және Үкіметтің бюджеттік болжамдарын қатаң бақылауда ұстау маңызды екенін алға тартады. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында экономиканы нығайту үшін инфляцияны тежеу және отандық өнімді қолдау саясатын жүргізу қажет. Сарапшылардың пікірінше, экономикалық өсімге қол жеткізу үшін нақты экономикалық стратегиялар мен жүйелі реформалар қажет. Мәселен, экономист Мақсат Халық жаңа экономикалық модельді толыққанды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтеді. Сонымен қатар экономикалық зерттеулер мемлекеттік шығындарды арттыру экономиканы белгілі бір деңгейде өсіретінін көрсетсе де, бұл процестің тиімділігі мен қайтарымына баса назар аудару керек екенін дәлелдейді.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК













