Тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған өнер ұжымдарының бірі – Батыс Қазақстан облысындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры. Ұлттық сахна өнерінің ұлы көшбасшылары салған жолды лайықты жалғап келе жатқан бұл театр бүгінде ел руханиятының асыл діңгегіне айналды. Дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, шығармашылық ізденіс пен кәсіби шеберлікті үздіксіз шыңдап келе жатқан ұжым мемлекетіміздің мәдени кеңістігінде аянбай еңбек етіп жүр. 2025 жылдың күзі Хадиша театры үшін ерекше табысты кезең болды. Өнер ордасы Шымкент, Алматы және бауырлас Қырғызстан елінің астанасы – Бішкек қалаларында өткен гастрольдік сапарларын сәтті аяқтап, көрермен ықыласына бөленді.
Гастрольдік турдың алғашқы бағыты – Шымкент қаласы. Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының сахнасында театр ұжымы қазақ руханиятының ірі тұлғасы, рухты ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған Ақұштап Бақтыгереева мен Мәдина Омарованың «Жұбан» поэтикалық драмасын және балаларға арналған Айдана Аламанның «Жалқаудың жыры» ертегісін сахналады. Шымкент жұртшылығы спектакльдерді зор ілтипатпен қабылдап, әртістердің актерлік шеберлігі мен сахналық мәдениетіне жоғары баға берді. Қазақ поэзиясының асқар биігі, ұлт рухының айбынды үні – Жұбан Молдағалиев. Оның «Мен – қазақпын!» деген отты үні тек бір ұлттың емес, тұтас халықтың намысы мен жанына айналды. Сол рух, сол асқақ үн сахна төрінде қайта жаңғырып, көрермен жүрегін тебірентті. «Жұбан» – бір ғана тұлғаның өмірі емес, тұтас бір дәуірдің айнасы. Бұл драмада поэзия мен патриотизм, елдік пен ерлік идеясы қатар өріліп, көрерменге рухани серпіліс сыйлады.

Келесі аялдама – Алматы қаласы. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен қойылымдар күн сайын аншлагпен өтті. Театр ұжымы көрерменге репертуарындағы Ақұштап Бақтыгереева мен Мәдина Омарованың «Жұбан» (реж. Гаухар Адай) поэтикалық драмасы, Александр Володиннің «Сені сағындым…» (реж. Алмат Шарипов) психологиялық драмасы, Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали – Нұрғиса» (реж. Нұрлан Жұманиязов) поэтикалық драмасы, Николай Гогольдің «Ревизор» (реж. Даняр Базарқұлов) комедиясы, балалар үшін Айдана Аламанның «Жалқаудың жыры» (реж. Ринат Сабырғалиев) және Оспанхан Әубәкіровтің «Мен чемпион боламын» (реж. Самал Әбуов) ертегілері сынды таңдаулы туындыларын ұсынды.
Әр қойылым көркемдік ізденіс пен сахна мәдениетінің жарасымын көрсетті. Классикалық сатира мен заманауи драманы қатар ұсынған бұл спектакльдер театр ұжымының жан-жақтылығын, шығармашылық диапазонының кеңдігін және көрерменмен рухани байланыс орната білу қабілетін айқындады.
Кішкентай көрерменге арналған «Жалқаудың жыры» мен «Мен чемпион боламын» ертегілері гастрольдік сапардың ерекше бөлігіне айналды. Бұл ертегілер – жас ұрпаққа еңбекқорлық, адалдық, достық пен табандылық сияқты қасиеттерді сахна тілімен ұғындырған, көңілді әрі мазмұнды туындылар. «Жалқаудың жыры» ертегісінде күлкі мен өнеге қатар өріліп, балаларды еңбексүйгіштікке, мақсатқа жетуге тәрбиелейді. Көрермен кішкентай кейіпкерлермен бірге өз-өзін жеңуге, еріншектікті тастап, белсенді болуға талпынады. Ал «Мен чемпион боламын» ертегісі – баланың арман қуған әлемін суреттейтін шабытты шығарма. Бұл туындыда еңбек пен сенімнің, достық пен батылдықтың құндылығы көркем түрде жеткізілген. Кішкентай көрерменнің шат күлкісі, сахнадағы кейіпкерлермен бірге әсерленіп, олардың тағдырын бірге сезінуі театрдың балалармен рухани байланысын орнатудағы табысты қадамы болды.
Хадиша театрының әрбір қойылымы – тек сахналық өнер ғана емес, қоғам мен адам жанына бағытталған терең ойдың айғағы. «Ревизор» мен «Сені сағындым» спектакльдері соның жарқын дәлелі болып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Аталған қойылымдардың авторлары мен режиссерлері де театрсүйер қауыммен бірге залдан тамашалап, шығармашылық ұжымға қолдау мен жылы лебіздерін білдірді.
Гастрольдік сапардың қорытынды кезеңі бауырлас Қырғыз елінде өтті. Театр ұжымы Бішкек қаласындағы Т. Абдумомун атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры сахнасында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» драмасы мен Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали – Нұрғиса» поэтикалық қойылымын сахналады. Сахнада Айтматов әлемі тірілді: Жәмилә мен Даниярдың таза сезімі, соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, туған жерге деген сағыныш көрерменнің жүрегін елжіретті. Қырғыз көрермені қойылымды ерекше ықыласпен қабылдап, Айтматов шығармасына қазақ сахнасы арқылы жаңаша көзқараспен қарады.
Сол сахна төрінде Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали – Нұрғиса» поэтикалық драмасы қойылып, қос алып – ақын Мұқағали Мақатаев пен композитор Нұрғиса Тілендиевтің рухани үндестігі әсерлі түрде бейнеленді. Қырғыз көрермені қазақ поэзиясы мен музыкасының тереңдігін, Мұқағалидың жүрек сөзін, Нұрғисаның мәңгілік әуенін зор тебіреніспен қабылдады. Қойылым соңында халық орнынан тұрып, ұзақ қол соғып, актерлерге алғыс пен құрметін білдірді.
Бұл өнер сапары – екі елдің мәдени байланысын нығайтып, рухани үндестікті тереңдеткен айтулы оқиға болды. Бұл сапар – Хадиша театры үшін шығармашылық табыс қана емес, екі елдің бауырластығын айғақтаған рухани көпірге айналды. Қырғызстандық театр мамандары мен көрермендер қазақ өнерінің кәсіби деңгейіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру ниеттерін білдірді.
Барлық өңірде гастроль алдында баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылып, театр басшылығы алдағы қойылымдар мен сапардың мақсат-міндеттерін таныстырды. Журналистермен өткен ашық сұхбаттарда мәдени байланыстардың жаңа бағыттары талқыланды. Бұл кездесулер театрдың ашықтығын және өнерге деген шынайы жауапкершілігін айқындаған маңызды сәттер болды. Сапар барысында театр өкілдері жергілікті телеарналар мен радиохабарларға қатысып, сұхбаттар берді. Сонымен қатар, Алматы қаласында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті студенттерімен «Жас сыншының үні» атты шығармашылық кездесу өтті. Бұл басқосуда театр сыншылары гастрольдік қойылымдардың пьесаларын талдап, гастрольдік спектакльдер туралы пікір алмасып, ой бөлісті.
Бұл сапар – тек қойылымдар тізбегі емес, өнер мен рухтың үндескен керуені. Хадиша театры ел мен елді, жүрек пен жүректі жалғаған рухани елші бола білді. Гастрольдік сапардың табысты өтуі – ұжымның бірлігі мен шығармашылық қуатының көрінісі. Театр әр сапарынан жаңа тәжірибе, жаңа шабыт, жаңа достық әкеліп отыр.
Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры – ұлттық өнердің абыройын асқақтатып, сахна мәдениетінің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген шығармашылық ұжым. Бұл сапар – ұжымның еңбегі мен өнерге адалдығының айғағы, ал көрермен қошеметі – соның ең әділ бағасы.
Әлия ШАКУОВА,
Х.Бөкеева атындағы қазақ
драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі, БҚО













