Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде «China Energy Engineering Group» компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесті. Кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды. Электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге, дата-орталық салуға, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр қуатын өндіру жобасын жүзеге асыруға қатысты мәселелер қозғалды.
Осы кездесу кезінде «Energy China» компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге, жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыруға ниет білдірді. Облыстың Сауран ауданында құны шамамен 320 млн АҚШ доллары болатын күн электр стансасын салу туралы келісілді. Жоба 2025-2026 жылдары жүзеге асырылады. Инвестиция құжаттарына және электр энергиясын сатып алу келісіміне еліміздің Энергетика министрлігі мен «China Energy Engineering Group» компаниясы қол қойды. Келісімге қол қою салтанаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бұл жобаның стратегиялық маңызын айқындай түседі.
Энергетика министрі Ерлан Әккенжанов жаңа күн электр стансасы Қазақстанның оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге үлес қосатынына тоқталып, «жасыл» энергетиканы дамыту жолындағы маңызды қадам екенін айтып өтті. Күн электр стансасының іске қосылуы еліміздің энергетикалық балансын әртараптандыруға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға және Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жолындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын бекітуге мүмкіндік береді.
«China Energy Engineering Group» – «Fortune Global 500» рейтингіне кіретін халықаралық ірі компания. Ол жел, күн және жылу қуатын өндіру, ядролық энергетика, су үнемдеу мен гидроэнергетика салаларында жұмыс істейді.