Күркешеден күллі әлемге танылған (Құрманәлі Оспанұлы туралы сыртолғақ)

Күркешеден күллі әлемге танылған (Құрманәлі Оспанұлы туралы сыртолғақ)

 Қытай қазақтарының осы заман әдебиетінің негізін салушылардың бірі, поэзия көктемінің аға буыны, әйгілі ақын Құрманәлі Оспанұлы 1924 жылдың (сиыр жылының соңында) желтоқсанның соңында Қазақстанның Алматы облысы Кеген ауданының Тоғызбұлақ деген жерінде қарапайым малшы отбасында дүниеге келген.  1930 жылдары Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясаты мен азық-түлікті, төрт түлік малды күштеп тартып алу кесепатынан халық жаппай ашаршылықтың қайғылы кезеңіне тап болады. Осы аумалы-төкпелі заманның қара бораны мен ауыр қысымына шыдамаған бір бөлім ел бұл «жан алғыш әзәзілдің» тырнағынан тірі қалу үшін жансауғалап шетелге кетуге мәжбүр болады. Осы үріккен елмен Оспан отбасы да бірге ауып, қазіргі Қытайдың Іле өңіріне қоныс аударады.

 

Өлең, өнер әлеміне ғашық бозбала

 

 Бірнеше жақын туысымен бірге Оспан отбасы Құлжа ауданының Құдияржүз ауылының Құмлық мәлісіне орналасады. Бір елден екінші елге қоныс аудару оңай болсын ба? Ауыр ашаршылықтың салдарынан арып-шаршап барған Оспан отбасы көп қиыншылық көреді. Бұл аз дегендей, «жығылғанға жұдырық» болып Оспанның ағалары – Қырықбай, Қыдырбай, Ілияс, бірнеше жыл аралығында бірінен соң бірі қайтыс болып, жесірлер зарын бәсеңдету, жетімдер көз жасын сүрту Оспанның арқасына жүктеледі. Оспан қиыншылыққа төзе жүріп, ағаларының жоқтығын білдірмей қыздарын ұзатып, ұлдарын үйлендіреді. Осылай өлгендердің отын өшірмей, шырағын сөндірмей, түтінін түтетіп, ел қатарлы тіршілік етеді. Ол кезде Құрманәлі оң-солын әлі танып үлгермеген 6-7 жастағы қаршадай бала-тұғын. 

Оспан он үш баласынан тірі қалған үшеуін жанын жалдап, жергілікті халықтың тілін тауып тіршілікті жалғастырып жүрсе де, демалыс кездерінде балаларын еңбекке баулып, істің көзін танытып, әрі қарай оқытады. Күнделікті тамақты күн сайын тауып жейтін халге түскен кездерінде де, тіпті қарызға батып қасірет тартқан кездерінде де бұл бетінен қайтпайды. Туыстарынан, «екі бала ержетіп қалды, мал бақсаң кеңінен шамаң келеді, бұларды оқытамын деп күйзелгенше мал бақ. Көп ұзамай ес жиып, етек жауып кетесің» деушілер болды. Бұларға Оспан «Өз ақылың өзіңе, өз ақылым өзіме, заман мынау, заң мынау, балаларды оқытпай бола ма» деп бетінен қайтпай, үш баласын оқытады. 

Құрманәлі 1934 жылдары ауыл молдасынан ескіше екі жыл оқып сауатын ашып, хат таниды. 1936 жылы қарашада жаңаша мектептің табалдырығын аттаған ол 1939 жылдың шілде айына дейін оқып 4-сыныпты үздік нәтижемен бітіреді. Осы жылы күзде ағасы Құрманғали педагогикалық техникумның біріне қабылданып, Үрімжіге аттанып кетеді. Ал Құрманәлі бұл жерде жалғасты оқу мүмкіндігі болмағандықтан, өзі іштей ойланып, әкесіне қолғанат болуға бекиді. Күнделікті күйбің тіршілік осылай жалғасып жатқан күндердің бірінде, түсте әкесі үйге ашық-жарқын қуанышты бейнеде кіріп келеді. Сөйтсе Құлжада мұғалім болып істейтін Зұнын Қадыр деген мұғалім туысының үйіне барған екен, Оспан оған кездесіп қалып, жай ұғысқанда, ол: «Балаңыз қалаға түсіп, біздің үйде жатып, мен істеп жүрген мектепте оқысын», – депті. 

Зұнын Қадыр жай мұғалім емес, ұйғыр халқының атақты жазушысы болатын. Сол бір жайсаң, танымал тұлғаның қолдау көрсетуімен бала Қ.Оспанұлы Құлжа қаласының Жайрия мектебінің 5-6-сыныбын екі жыл оқып, оны 1941 жылдың шілде айында бітіреді. Білімге құштар, алғыр бала Құрманәлі ары қарайғы оқуын 1941 жылдың тамызынан 1943 жылдың шілде айына дейін Ұлттар гимназиясында жалғастырып, жоғары нәтижемен бітіреді. Осыдан бастап ол өнер мен ғылымды ішкерілей үйренуге қол жеткізеді. Қ.Оспанұлы ауылда жүрген кездің өзінде-ақ ел ішінде кеңінен таралған қазақтың лиро-эпостық жырлары «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ләйлі-Мәжнүн», «Дәриға қыз» т.б. жырларын оқумен бірге оны түгел жаттап алады. Өйткені әкесі Оспан өлең құрайтын, домбырамен ән айтатын өнерлі адам еді. Жасы ұлғайыңқыраған кездерге дейін тойға барып, өлең шығарып, қадір білер замандастарымен айтысатын. Үйіне қазақтың әйгілі қисса, дастандарын тауып әкеліп, Құрманәліге көшіртіп, реті келгенде (көбінесе қыста, кешкі тамақтан соң) оқытып, тыңдайтын. Ара-тұра көрші-қолаң мен алыстан қыдырып келген туыстары да тамашалайтын. Осылайша Оспан отбасы кішігірім театр секілді дыр-думанға бөленіп жатады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, Құрманәлінің бала жастан өлеңге, өлең айтуға деген ынтызарлығы осы кезден басталып күшейе береді де, өлеңмен қауышып, әйгілі айтыс ақындарының шешен әрі тартымды сөз шеберлігін үйреніп, ауыл арасындағы айтыстарға түсіп, жүлде алып жүреді. 

Ал, Құлжада оқып жүрген кезінде орыс, шетел классик ақын-жазушыларының шығармаларын оқумен бірге Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аманжолов, Асқар Тоқмағанбетов секілді қазақ әдебиеті жұлдыздарының ықпалы оның жасампаздығының одан ары шыңдала түсуіне шабыт беріп, өнер әлеміне қадам басуына тыңнан жол ашады. 1943 жылы шілдеде Іле ұлттар гимназиясын озат бітірген ол Нылқы ауданына барады. Нылқыда ұзақ жыл оқытушылық істеген немере ағасы Нұрқожаның үйінде бірнеше күн тұрып, соның көмегімен үкімет басқаруындағы Жалынқол бастауыш мектебіне табан тірейді. Мұнда бір ай мөлшерінде істеген соң, осы мектептің бөлімшесі етілген Жартоған мектебінің директорлығына бекітіледі. Мұнда бір жыл істеп, оқушыларды мектепке қабылдайды. 

 

Гоминдаң билігіне қарсы шыққан

 

Жергілікті шонжарлардың халық бұқарасына жасаған зұлымдығын бала жастан көріп өскен көзі ашық, көкірегі ояу ағартушы, ақын жігіт, халықтың еркіндікті аңсаған арман-тілегін ақындық сезіммен шебер өреді. Қ.Оспанұлы халықтың бостандығы мен азаттығы жолына батыл ізденіс жасап, Гоминдаң билігінің әділетсіздігіне ашық қарсы шығады.  1944 жылы қарашада Нылқыда тұтанып, Құлжада лаулаған Үш аймақ ұлт-азаттық көтерілісін қолдап, оның үгіт-насихат, ақпарат жұмысына белсенді араласады. 

Қ.Оспанұлы 1945 жылы мамыр айының соңында Үш аймақ төңкерістік үкіметінің Құлжа қаласында қазақ тілінде шығатын «Төңкеріс таңы» газетінің жауапты редакторы, бөлім бастығы болады. 

Осы арада айтпай өтуге болмайтын маңызы бар тарихи оқиғаның бірі – Қытай қазіргі заман қазақ әдебиетінің көрнекті алға басар демократ өкілдерінің бірі, әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының баспасөзде жарияланған өлеңдерін жинап кітап етіп шығару ақын Қ.Оспанұлының еншісіне бұйырады. Мұны бүгінге дейін біреу білсе, біреу білмейді... 1946 жылы Гоминдаң үкіметі мен Үш аймақ төңкерісшілері арасында он бір тармақты бітім жасалады. Бітімде Шынжаң түрмелеріндегі саяси тұтқындарды тұтас босату келісілді. Соған сай  Таңжарық абақтыдан босап, тамыз айында Ілеге қайтып барады. Үш аймақ үкіметі оны құшақ жая қарсы алады және Күнес аудандық үкіметтің Жер-су бөлімінің басшылығына тағайындайды. Ол бұл міндетті қалтқысыз атқарып, көпір салдырады, мектептер мен мекемелерге ағаш ектіріп, жасылдандыру жұмысымен шұғылданады. Ормандарды қорғау, көркейту жұмыстарын ұйымдастырады. Сөйтіп жүргенде, өкпеден суық тиіп ауырады да, 1947 жылы 6 тамыз күні қайтыс болады. Таңжарықтың қазасына қайғырған Үш аймақ үкіметі оның жерлеу комиссиясын ұйымдастырады және бұл комиссияны Күнеске жіберіп, Таңжарықтың бала-шаға, туыстары мен достарына көңіл айтады. Туған жерінен топырақ бұйырған ақын Таңжарықтың сүйегін арулап жерлейді. Бала-шағасына қаржылық жағынан көмек көрсетеді. Үкімет Таңжарықтың жылына дейін өлеңдерін жинап, кітап етіп шығаруды ұйғарады. Ақынның өлеңдерін жинап, кітабын шығару міндеті Қ.Оспанұлына жүктеледі. 1948 жылы қайтыс болғанының жылдығына арналып, «Алғашқы жинақ» кітабы Қ.Оспанұлының алғы сөз жазуымен халқының қолына тиеді. Жинаққа Таңжарық ақынның 17 өлең-толғауы және Таңжарықтың қазасына арналған үш-төрт ақынның жоқтау өлеңі кіргізілген. Жалпы 79 бет.

1948 жылы 1 тамыз күні Ахметжан Қасыми бастаған бір топ озық ойлы төңкерісшілер мен жетекші әр ұлт өкілдерінің ұсынысы бойынша, «Шынжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы» құрылады, осы Одақты құруды ұсынғандардың бірі Қ.Оспанұлы болатын. Бұл Одақ құрылып, іске кірісімен өзінің орган газеті – «Алға» газеті мен «Одақ» журналын шығаруды ұйымдастырды. «Одақ» журналы ұйғыр, қазақ тілдерінде шығарылатын саяси, экономикалық, қоғамдық және әдеби айлық журнал еді. 

 

Құрманәлі ақын ғана емес, баспасөздің негізін қалаушы

 

Демек, Қ.Оспанұлы ақын ғана емес, Үш аймақ төңкерістік үкіметтің баспасөзінің негізін қалауға, шығаруға бір кісідей атсалысқан көрнекті журналист, редактор және баспагер болған. Сонымен бірге өзінің шымыр жырлары арқылы қазақ халқының (әрі Шыңжаңдағы әр ұлт халқының) «ұлттық демократиялық төңкерісі үшін» бар дауысымен үн қосқан ақын. Өзінің қайсар, күрескерлік сенімдерін кең далаға тән тынысымен өлең жолдарына енгізіп, қазақ халқының жаңа поэзиясының өрнекті де соны жолдарын ашу үшін іс жүзінде пайдалы ізденістерге талпынды. Бұл ізденістері оның кейінгі қанық, сыншыл өлең стилінің қалыптасуында белгілі рөл атқарды.

Үш аймақ төңкерістік үкіметі бейбіт жолмен ҚХР-ға қосылғаннан кейін Қ.Оспанұлы 1949 жылы қазан айынан 1950 жылы қазан айына дейін қайта ұйымдастырылған «Жаңа жол» (қазіргі «Іле газеті») газетінің қазақ редакторлар бөлімінің басшысы болады. 

Жиырма бес мүшелінен енді ғана асқан Құрманәлі Оспанұлы қазақ ұлтының ақыны сипатымен 1950 жылдың соңында Гомора басшылық еткен уәкілдер үйірмесімен бірге Дүниежүзі бейбітшілігін қорғаудың Польшаның астанасы Варшавада өткізілген екінші реткі мәжілісіне қатысады. Олардың үйірмесі Варшаваға барғанда және одан қайтарда Мәскеуде бірнеше күн болады, ал Қ.Оспанұлы Қазақстанға келіп, Алматыда бірнеше ай тұрады. Осы сапарда ақын Қ.Оспанұлы Қазақстанның атақты классик жазушылары – Ғали Орманов,  Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қайнекей  Жармағамбетов, Ғабиден Мұстафин, Дмитрий Синегин, Николай Нитов, Ғалым Ахыметов, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Әлжаппар Әбішев қатарлы елуге тарта қаламгерлермен етене танысады. 

Бұл жолы онымен көп кездесіп, ағынан ақтарыла сөйлесіп, қалтқысыз қамқорлық жасағандардың бірі Сәбит Мұқанов болады. Ақын Қ.Оспанұлы жазушы С.Мұқанов туралы «Менің түсінігімде ол – ашық-жарқын, ақкөңіл, араласқыш, кішіпейіл әрі мимандос адам» деп жазады естелігінің бірінде.

Қ.Оспанұлының денсаулығы сыр беріп Алматыдағы дәрігерлерге тексерілгенде, ауруханада жатып емделу қажет болған соң, Шынжаң өлкелік халық үкіметінің төрағасы Бұрһан әпендеден (бұл адам дәл осы кезде Алматыда еді) Қытайдың Алматыдағы консулы арқылы рұқсат сұрап, Алматыда және Қаратеңіз бойындағы Ялта қаласының Далосы санаториясында бір мезгіл тегін емделіп әрі демалып,  1951 жылы мамыр айында еліне қайтады. 

Ақын Қазақстанда болған әр сапарында біраз өлеңдер жазады. Ол «Қазақстан» деген өлеңін:

«Күлімдеп көзді тартып гүл жайнаған,

Жүзінде іргелі елдің нұр ойнаған.

Қайтпас ер, үздік тапқыр, жетік маман,

Бақытты ұл мен қыз сайрандаған.

Бұл қай жер?

– бұл осынау Қазақстан!» деп басталып, соңы:

... «Құт отан, ардақты ана Қазақстан,

Қолым бұл қыса ұстап құшақтаған.

Қабыл көр, сәулетіңді аршындаған

Аңыз қып елге осылай жырлап барам.

Кешіргін, тілім сәби орамы аз,

 Қасиетің қалды сансыз жырланбаған» (18 желтоқсан, 1950 ж. Алматы) деп түйінделеді.

 

Асқақ үнді ақын

 

Ал Қ.Оспанұлының әлемге әйгілі «Күркешеден күллі әлемге» атты толғауы ақын көңілі толқыған саяси, азаматтық ынтасы және мұнда қазақ халқына тән романтика мен мақтаныш сезімі мықтап сіңірілген. Толғаудың құрылысы шымыр, ойы айқын. «Еркіндікке қанат қағып, айды айналып, күнді құшып, жұлдыздармен сырласып, көк жүзінде шырқа» деп келеді. Осылайша қазақ халқының қоғамдық орнын күркешеден күллі әлемге жария етеді. Өйткені ақынның соған дейінгі өмір жолы да дәл осы толғауда жазылғандай еді. Ол қойшының қара күркешесінен поэзия әлеміне қарай құлаш ұрып, биікке қанат қағып, көк аспанда самғайды. Бүкіл әлемге асқақ үнін тыңдатады. Ақынның бұл шығармасы «Қытай жаңа дәуір әдебиеті оқулығына», «Қытай ұлттар әдебиеті оқулығына» енгізіледі. Осыдан бастап ақын ойлы да образды алуан тақырыптағы көркем лирикаларын әкімшілік жұмыстың арасында жазып тұрады.  Мән-маңызы мен сән-салтанаты жер бетін дүр сілкіндірген Азия, Африка жазушыларының Ташкент жиналысы 1958 жылы қазанның 7-нен 13 дейін Кеңес Одағының Өзбекстан одақтас Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткізіледі. Жиналысқа қырық неше мемлекеттен төрт жүзден астам ақын-жазушы, драматург, сыншы, зерттеушілер және басқа да қайраткерлер қатысады. 

Ақын Қ.Оспанұлы қытайдың әйгілі жазушысы Маудынның басшылығында Қытай уәкілдер үйірмесімен бірге Ташкентте ашылған Азия, Африка жазушыларының құрылтайына қатысып, асқақ шабытпен жазған «Ташкентке» қатарлы өлеңдер оқып, дүниежүзі қаламгерлерінің назарын өзіне аударады. Ол «Ташкентке» деген өлеңінде:

«Жаралғандай жаны жасық жазынан,

Жарастырар жасыл орман жамылған.

Көк жұлдызын көкірегіне жайнатып,

Күнше күлген гүлден моншақ   тағынып.

Жалын атып жай отындай жанары,

Адамдары арлы, адал, жайдары.

«Ақ алтыны» Алатаудай үйілген,

Сарқылмайтын, байлық,  бақыт қайнары –

Көркем Ташкент – меймандос ел қаласы.

Келістікті келбетіне қарашы,

Биігіңе Азия мен Африка,

Бейбітшілік, достық туын қадады», – деп Ташкент қаласының көркем, әсем келбетін, өзбек халқының меймандос, еңбекшілдігін жырға қосып, оны дүние бейбітшілігінің арқауы етеді. 

Бұл халықаралық жиналыс барысында Қ.Оспанұлы жөнін айтқанда атағы әлемге әйгілі ақын, жазушы, қоғам қайраткерлерімен жүздесіп, танысудың тамаша орайы туады. Ол танысты да әңгімелесті, пікір алмастырды. Шығармашылық байланыс жасау орайына ие болады. Басқасын айтпағанда, оның назарын ерекше аударған және көбірек әңгімелесіп көңіл күйі тоғысқан адамдары қазақтың әлемге әйгілі академик жазушылары Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов болады. 

Жиналыс барысында ол бұлармен Ташкент қонақүйінің екінші қабатындағы қанаттас бөлмесінде тұрады. Бұл қаламгерлермен жиналыс барысында жиі кездеседі. Олар да жылы шырай, жайдары көңіл, бауырмалдық сезіммен ағынан ақтарылып, ағалық пейіл көрсетіп жүреді.

 

Әдебиет пен әкімшілік тізгінін қатар ұстаған  қайраткер

 

Қ.Оспанұлы Орталық партия мектебін екі жыл оқып келгеннен кейін, 1958 жылы тамызда Іле қазақ автономиялы облысы құрылтайының кезекті жиыны шақырылып, жиында ол облыс басшысы болып сайланады. Бұл басшылық қызметті Қ.Оспанұлы 1963 жылы қыркүйектің соңына дейін істейді.  

Қ.Оспанұлы облыс әкімі болып тұрған жылдары халықаралық жағдай күрделеніп тұрған, өте-мөте Қытай мен Кеңес Одағы елдері арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп бара жатқан 1962 жылғы жаздың басында Тарбағатай, Іле аймақтарында шекара тұрғындарының Қазақстанға көшу оқиғасы туылып, мұның аяғы Құлжа қаласындағы «29 мамыр оқиғасына» саяды, мұның кесір-кесепаты облыс әкіміне оңай тимейді.  Осының салдарынан ол басшылық қызметінен шеттетіледі.

Еркіндігінен айырылып, ауыр азап арқалап жүрген кездерінде (1963 жылдың қыркүйек айынан 1978 жылдың тамыз айының орталарына дейін) бірталай өлең, бір дастан және басқа шығармалар жазады. Бұлар кішірек үш қойын дәптерге жазылған, ақынның 40-50-дей өлеңі еді.

Мұнан басқа 1978 жылы 31 қазанда Қытай Жазушылар одағының шақыртуы бойынша (ілгергі уәкілдер, жоралар болса әлі де уәкіл есептеледі деген белгілеме бойынша) Бейжіңде ашылған Қытай әдебиет-көркемөнершілерінің, сондай-ақ Қытай Жазушылар қоғамының бүкіл мемлекеттік ІV құрылтайына қатысып, Қытай әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің мүшелігіне, 1980 жылы қыркүйекте ШҰАР әдебиет-көркемөнершілерінің ІІІ құрылтайында Шынжаң ұйғыр автономиялы райондық Әдебиет-көркемөнершілер төрағасының орынбасарлығына, Жазушылар қоғамының тұрақты мүшелігіне, көп өтпей ШҰАР Әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі партия ячейкасының мүшелігіне, 1988 жылы 21 қаңтарда Үрімжіде ашылған ШҰАР  VIІ реткі Халық құрылтайы тұрақты комитеті меңгерушісінің орынбасарлығына сайланып, 1993 жылдың басында жасы ұлғаюына байланысты жұмыстан босап, зейнет демалысына шығады. Құрманәлі Оспанұлы 1999 жылы наурыздың 11-і күні 75 жасында Үрімжіде дүние салды. Құраманәлі Оспанұлы әне сондай, еліне танымал айтулы қоғам қайраткері, халықтың қалаулы ардагер ақын ұлдарының бірі. 

Құрманәлі Оспанұлының жарты ғасырдан астам уақытқа жасампаздық сапарында мыңға жуық өлең-жыр, онға жуық баллада, дастан жазып жариялайды. Бүгінгі күнде ақынның: «Шаттық жырлары» (Ұлттар баспасы. 1957 ж.), «Алуан әуендер» (Іле халық баспасы. 1988 ж.), «Тияншан жырлары» (Ұлттар баспасы. 1980 ж.), «Меруеттер» (Халық баспасы. 1981 ж.), «Жылдар ізі» (Ұлттар баспасы. 1983 ж.) қатарлы жыр жинақтары ілгерінді-кейінді баспадан шықты. Әдебиеттің жанкүйер жақыны болған қаламгер өзге қаламгерлермен бірлесіп, «Салиқа-Сәмен» операсын жазумен бірге, рухани, тарихи құны бар көптеген естелік, эсселер жазған. Бұл жақтан «Үш майдан» (Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1991 ж.), «Шіркін бұраң дүние-ай!» (Шынжаң халық баспасы. 1999 ж.) естелік, эссе кітаптары жарыққа шықты. «Қызбейіті», «Таудағы қыстақ» атты саханалық шығармалары бар. Оның өлеңдері қытай, ұйғыр, қырғыз, орыс, түрік тілдеріне аударылған. Қытайдың іші-сыртына танылған лирик ақын. 

Оның өлеңдерінде ой мен сезім, көрініс пен көңіл күй, реалдық пен арман тоғысып жатады. Айталық, «Оның өңі мен түсі» дәуір шындығы мен қоғамдық болмысты бейнелеудегі автор жасампаздығындағы үлгілердің бірі. Осы баллада мемлекеттік аз санды ұлттардың үздік шығармаларын бағалауда бірінші дәрежелі сыйлық алған. Ал, ақын шығармаларына қазақ және өзге ұлт қаламгерлерінің берген бағасы аз емес.

Қ.Оспанұлы ерте есейіп, ерте атқа мініп, әдебиеттің де, биліктің де тізгінін қатар ұстаған көргені мен көкейге түйгені көп қоғам қайраткері. Әдебиет атты айдынға жыр кемесін салу жолында қаршадайынан бастап ой, өнер жарысына бой ұрып, тынымсыз ізденіс жолына түсіп, жарты ғасырдан астам елі мен жерін егіле жырлап, әдебиеттің заңғар шыңына қарай ұмтылып, өзіндік бір белес байқатқан осы заман Қытай қазақ әдебиетінің көшбасшысы, әйгілі ақын, жазушы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ақын Құрманәлі Оспанұлы өз алдына зерттелетін қазақ әдебиетіндегі кесек тұлғалардың бірі.

Әлімжан ӘШІМҰЛЫ, тәуелсіз журналист, Сержан СӘРСЕНБАЙҰЛЫ
10.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

ТУРКЕСТАН: КОРЕЙСКИЕ ИНВЕСТОРЫ ВНЕДРЯТ ПЕРЕДОВЫЕ ТЕХНОЛОГИИ В АГРОСЕКТОР
Пресс-служба акима Туркестанской области - 29.01.2025 52
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ДИҚАНДАР ҚЫСТЫГҮНІ ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨНІМІН ЖИНАП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.01.2025 80
2024 жылы Қазақстанда рекордтық 26,7 млн тонна астық жиналды
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі - 29.01.2025 136
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҮЗІЛІСТЕ АСЫҚ ОЙНАЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.01.2025 58
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.01.2025 89
2024 жылы Қазақстанда рекордтық 26,7 млн тонна астық жиналды
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі - 29.01.2025 110

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14014
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12835
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16092
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 14996
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20045