М. Шолохов: «Донда казакпын, ал Жайықта қазақпын»

М. Шолохов:  «Донда казакпын,  ал Жайықта қазақпын»

15 қазан күні Астанадағы Ұлттық музейде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің мұрындық болуымен орыс әдебиетінің қос алыбы – Александр Пушкин мен Михаил Шолоховқа арналған «Пушкиннен Шолоховқа дейін: УАҚЫТ ҮНДЕСТІГІ» атты көрме өтті.

Батысқазақстандық музей қоры негізінде жасақталған көрме Мемлекет басшысының Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған. Музей директоры Жантас Сафуллинның айтуынша, бұл іс-шара А. Пушкин мен М.Шолоховтың шығармашылық мұрасын насихаттауға, олардың әдебиеттегі орны мен адамзаттық құндылықтарға қосқан үлесін көпшілікке таныстыруға бағытталған екен.

– Бүгін біз бұл көрмені қасиетті Жайықтың жағасындағы көне Орал қаласынан Есілдің бойындағы еңселі астанамызға алып келдік. Бұл көрме – ғасырларды, тағдырлар мен мәдениеттерді жалғап тұрған алтын көпір іспетті. XIX ғасырдың өзінде-ақ ұлы Абай Құнанбайұлы орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкиннің поэзиялық шығармаларын қазақ тіліне алғаш аударып, халқына рухани қазынаның есігін ашқан еді. Ал Пушкин прозасын қазақ тіліне алғаш тәржімалаған – Батыс Қазақстанның тумасы Молданияз Бекімов. Ол «Капитан қызы» шығармасын қазақ оқырманына жеткізді. Сол кезеңде орыс тілін білетін қазақтар некен-саяқ болғанын ескерсек, бұл аударма мәдени байланыстардың жаңа белесін ашқан тарихи оқиға болды.

Тарих – халық жадында сақталған ұлы куәгер. 1773 жылы Емельян Пугачев Яицкий қалашығына (қазіргі Орал) келіп, өз жарының үйінде некелескен. Сол үй бүгінде сол қалпында сақталып, Пугачевтің мемориалдық музейіне айналды. Биыл бұл XVIII ғасырлық ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, реставрация жұмыстары жүргізілді. Уақыт сынынан сүрінбей өткен сол шаңырақ – халық тағдыры мен тарихының тірі куәсі.

1833 жылы Александр Сергеевич Пушкин осы Пугачев көтерілісінің мәнін ұғынып, халық аузындағы деректерді жинау үшін арнайы Орал қаласына келеді. Үш-ақ күннің ішінде ұлы ақынның жан-жақты ізденіп, тынбай еңбек еткені байқалады. Кейінгі шығармаларында сол сапардың ізі айқын сезіледі. Пушкин түскен үй бүгінде Пушкин атындағы мемориалдық музейге айналған. Уақыттың тынысын, сол дәуірдің рухын сақтап тұрған бұл үй биыл жаңартылып, қайта ашылды.

Ғасырлар тоғысында тағы бір ұлы қаламгер – Михаил Шолохов тағдыр жолымен осы өңірге келді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жау жақындаған шақта Шолохов отбасымен бірге Батыс Қазақстан облысының Дариян ауылына эвакуацияланып келеді. Табиғатына тамсанып, адамдарының кең пейіліне тәнті болған ол бұл жерді өзі таңдаған деседі. Кейін сол үйде, жазушы көзі тірісінде өз келісімімен, Шолоховтың мемориалдық музейі ашылды. Биыл бұл музей де толық жөндеуден өтті.

Пушкин мен Шолоховтың шығармалары өмір шындығына негізделіп, өз заманының тарихи оқиғаларын көркемдікпен суреттей білді. Донның бойынан шыққан Пугачев патшаға қарсы көтеріліп, тағынан тайдыра жаздағанда, Жайық бойындағы елге сүйенген. Сол тарихтың терең мәнін ұғыну үшін Пушкин 1833 жылы дәл осы жерге келген.

Бүгінде Орал қаласында Пугачев тоқтаған және Пушкин тұрған үйлер мұражай ретінде сақталған. Олар – өткеннің ізі мен халық жадындағы мәңгі естелік. Ұлы Шолохов бірде: «Менің екі Отаным бар – Тынық Дон мен Ақ Жайық. Донда казакпын, ал Жайықта қазақпын», – деген екен. Бұл сөздер – екі халықтың бауырластығы мен рухани жақындығын бейнелейтін мәңгілік белгі.

Бүгінгі көрме – өткенге деген алғысымыз бен болашаққа арналған сыйымыз. Ол Дон мен Жайықты, Абай мен Пушкинді, тарих пен поэзияны, шындық пен шабытты бір арнаға тоғыстырып тұр, – дейді Жантас Нәбиоллаұлы. 

Көрме экспозициясында XIX ғасырға тән түпнұсқа жәдігерлер  мен тұрмыстық заттар көрермен назарына қойылды. Сондай-ақ «Капитан қызы» мен «Пугачев көтерілісінің тарихы» атты кітаптардың көне басылымдары мен сирек кездесетін құжаттардың көшірмелерімен танысуға болады. Белгілі суретшілердің линогравюралары арқылы ұлы ақынның аяқ басқан Жайықтағы «Петр мен Павел шіркеуі», «Михаил-Архангел соборы», «М.Толкачевтің үйі» және ақынның қолжазбаларының көшірмелері, фотосуреттер мен Ақ Жайық өңірінде болған ақындар мен жазушылар туралы деректер, Пушкиннің Оралға сапарының куәгерлері жайлы нақты мәліметтер бар. Ал көрменің екінші бөлімінен жазушы, журналист, Нобель сыйлығының лауреаты М.А.Шолохов туралы білуге болады. Көрмеде М.А.Шолоховтың Қазақстанмен тарихи, мәдени байланысын көрсететін және жазушының шығармашылығы мен тұлғасын көпшілікке кеңінен танытатын жеке заттарын, хаттарын, фотосуреттерін, қолжазбаларын және кітаптарын көруге болады. 

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің аталмыш көрмесі 10 қарашаға дейін астаналықтар мен қала қонақтарын күтеді.

Редакциядан: «Менің екі Отаным бар...» деп тебірене айтқан орыстың ұлы жазушысы Михаил Шолоховтан өзі тұрған жерін менсінбейтін келімсектер үлгі алуы керек қой.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
16.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Осындай әулиеге де орын  таппадық...»
Қажымұқан Ғабдолла - 16.10.2025 23
Еуразия тарихындағы қазақ мемлекеті және Ақпан батыр
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, т.ғ.к. әл-Фараби және Мадрид университеттерінің профессоры - 16.10.2025 21
Халқының Нұрғисасына деген махаббаты
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА - 16.10.2025 22
Абаттандыру мен әлеуметтік мәселе назарда болады
Арайлы жақсылық, Жамбыл облысы - 16.10.2025 41
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 61
Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 60

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18755
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18618
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33787
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32331
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36134