🔹60 ақ шаңқан киіз үйлерден жасақталған этноауыл 20 мыңнан аса қала тұрғындары мен өңірге келген қонақтарды қабылдады.
Бүгін Ақтөбеде қаласында құрылған этноауылда тарихи тұлға, әділ би, көреген жырау, қазақ руханиятының ірі өкілі – Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығына арналған кең көлемді мәдени-рухани іс-шара өтті.
Этноауылдағы шараларға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ҚР Парламенті депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, өнер қайраткерлері мен Мөңке бидің ұрпақтары қатысты.
Шараның ресми ашылуы А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Мөңке бидің «Қиқу дәурен» күйімен басталды. Оркестрдің бір сағаттық бағдарламасында қазақтың дәстүрлі күйлері, жырлары мен халық әндері шырқалды.
Мерейтой аясында республикалық мүшәйраның қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Әрбір ақын сахна төрінде өз туындысын оқып, көпшілікті баба рухымен сырласқан жырларымен әсерге бөледі. Бабадан жеткен асыл мұраны дәріптеу мақсатында Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының жыршылары да өнер көрсетті. Ал боз кілемде белдескен балуандар өзара мықтыны анықтап, қомақты сыйлықты қанжығаларына байлады. Тоғызқұмалақ пен асық атудан жарысқандардың өнеріне барша жұрт қанық болды.
«Ұлы бабамыздың өнегелі өмірі – бүгінгі ұрпақ үшін тағылым, келер буын үшін асыл мұра.
Бұл шара – тарихи жадымызды жаңғыртып, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров өз құттықтау сөзінде.
Мерейтой соңында этноауыл қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, қазақы салт-дәстүрдің көріністеріне куә болды.
Ақтөбе облысы баспасөз қызметі