Астанада нашақорлыққа қарсы 30 күндік барлау іс-шаралары күшейтілді. Байқоңыр ауданының полиция басқармасы және прокуратура қызметкерлері «Astana jastary» еріктілер ұйымымен бірлесе есірткі тасымалдаушыларды ұстау мақсатында Өндіріс ауданына барлауға шықты. Осыған орай, барлау жұмысы барысында полиция және прокуратура қызметкерлері мен еріктілер күдікті тұлғаларды бақылап, жасырын қоймалар мен тасымал жолдарын анықтауға басымдық берді. Иісшіл иттердің көмегімен бірнеше аула мен бос ғимараттар тексерілді.
«Көбісі есірткі тұтынатын адам мен есірткі тасымалдаушыны ажырата алмайды. Жер-жерді тіміскілеп, шөптің арасын тырмалап жататындар – нашақорлар. Ал ол заттарды жеткізіп берушілер бөлек. Біз бүгінгі барлауда есірткі тасымалдаушыларды бақылауға шықтық. Өндіріс ауданында есірткі тасымалдау бойынша бірнеше оқиғалар тіркелген», – деді полиция майоры Көпжасар Алпысбайұлы.
Қазіргі кезде есірткі тасымалдаушылардың көпшілігі жастарды пайдаланып, «курьер» қызметіне тартатын көрінеді. Олар көбіне әлеуметтік желілер арқылы байланысып, жеңіл табыс уәде етеді. Есірткі сатумен айналысатын топтар жымысқы әрекеттерін осылайша жүзеге асыруға тырысады. Бірақ бұл – қылмыс. Мұндай әрекеттердің соңы ауыр жазамен аяқталады.
«Қазір есірткі бизнесі бұрынғыдай ашық жүрмейді. Көбіне жасырын орындарға қалдырып кетіп, кейін тұтынушыларға мекенжайын айтып береді. Сол себепті біз тек адамдарды ғана емес, олардың із қалдыру тәсілдерін де зерттеп жүрміз», – дейді майор Көпжасар Алпысбайұлы.
Айта кетейік, Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасуда. Құқық қорғау органдары бірлескен рейдтер өткізіп, оқу орындарында профилактикалық кездесулер ұйымдастыруда, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мұндай іс-шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмысына және өзге де қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатерлерге қарсы бірлесіп күресуге маңызды ықпал етеді.