Үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегінде Алматыдан Ақтөбеге қатынайтын жүрдек пойызбен Ақтөбе бекетіне келіп түстік. Алдымыздан жайраңдап, қуанышты жүзбен «Нұрлепес ата» қорының төрағасы Серікбай Күмісбаев пен Салихжан Ерлешұлы қарсы алды. Амандық-саулық сұрасқан соң, Ойыл ауданына барып қайтуды ұсынды. Әңгімелеріне қарағанда, аудан басшыларымен хабарласып, келісіп қойған тәрізді. Сонымен ежелгі киелі Ойылға бет алдық. Жанымызда байырғы ұшқыш, Кеңқияқ зейнеткер мұнайшылар алқасының төрағасы Ерсайын Ұлықпанов та бар.
Ойыл ауданы әкімінің орынбасарының қабылдауынан шыққан соң, аудандық өлкетану мұражайына да кіріп, небір құнды деректермен танысып шықтық. Директоры Бауыржан Исабаев ініміз иманжүзді, кішіпейіл азамат екен. Әрбір сурет құжаттармен жеке-жеке таныстырды. Шалғай аудандардағы халықтың рухын оятуға атсалысып жүрген інімізге риза болып аттандық. Ойылдан кештетіп шығып, Ақтөбеге бет алдық. Жол-жөнекей әңгімеміз Ойылдың өткен тарихы туралы болды.
Ертеңіне Ақтөбе қаласындағы «Алтын ғасыр» мешітінің бір залын жалға алып отырған «Ишандар мұражайы» атанып кеткен жайға бардық. Директоры, зерттеуші, филолог-ғалым Жібек Абдуллина апамыз жылы қарсы алды... Айта кеткен орынды болар, Жібек апамыздың ұйымдастыру қабілеті зор, «Qazaqstan dauiri» газетіне оқырмандарды жаздыртып, мұражайға келетін газеттерді өзі таратып жүр. Тілге деген жанашырлық осындай-ақ болсын!
Ақтөбе облысы бойынша қуғын-сүргінге түскен 182 ишан, ахундардың бірі Ешниязов Үбіхан атамыздың ұрпақтарымен жолықтырды. Олардың ұрпақтары туралы кейін айтармыз. Сонымен 12 қыркүйекте Байғанин ауданына Нұрлепес ата Күмісбайұлының ғұмырнамасына байланысты өтетін іс-шараларға қатысу үшін Ақтөбеден 35 кісі аттанып кеттік.
Арамызда ғалымдар мен ақындар, атаның ұрпақтары да бар. Жем, Доңызтау атырабында жатқан қасиетті мекеннің тұрғындары жылы қарсы алды.
Конференция өтетін ғимаратқа бірден ат басын тіремей, әдетіміз бойынша адамдар көп жиналатын орындарды аралап көрдік. Жанымда Айнагүл қарындасым мен Ақтөбеге жақын жерде орналасқан Родиновка ауылындағы «Төле ата» мешітінің имамы қари Айбек Қожағалиев ініміз бар. Аудан орталығы Қарауылкелдінің реңі біраз жақсы жағына қарай өзгерген екен. Қалай десек те, жергілікті басшы-қосшылардың ынтымақтастықпен еңбек етіп жатқандарының бұл да бір көрінісі шығар.
Аудандық мәдениет үйіне де келдік. Біраз адамдар жиналыпты. Мектеп оқушылары да жүр. Сағат 11:00-де конференция Нұрлепес ата туралы деректі фильммен ашылды. Жергілікті өнерпаздардың концерттік қойылымдарын тамашаладық. Бәріміздің көңілімізден шықты.
Ел арасында небір өнерпаздардың жүргендерінің куәсі болдық. Баяндама жасағандар белгілі ақын, «Дарын» сыйлығы, «Отан» орденінің иегері Светқали Нұржан, ғалым Әзи Есентүгел, филолог Жібек Абдуллина, ғалым Анар Арепова, зейнеткер мұнайшы Ерсайын Ұлықпановтар болды.
Облыстық мәслихаттың депутаты Естай Сейсенбаев, кәсіпкер Медет Бекболұлы інілеріміз де өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Жер-жерде осындай танымдық конференциялардың жиі өтіп тұрғаны билікке де, қарапайым елге де тиімді екенін байқадық.
Өйткені, атеистік заманда Құдайға құлшылық жасап, көптеген қиыншылықтарды бастан өткерген Нұрлепес ата сияқты оқыған, тоқыған, ілім иелерін ескі оқудың, яғни «зар заманның» насихатшылары ретінде қабылдап, олардың бойындағы асыл қасиеттерін елдің ішінде емін-еркін таратуларына жол бермегендері рас-тұғын. Әрине, Құдайдан келген қасиеттерінің арқасында әулие атанып, алыс-жақынды мойындата алу үлкен ілім мен біліктілігін білдірсе керек. Сол себепті де ауыл аймақтары әлі күнге атамыздың рухына тағзым етіп, ұлықтау мен келеді. Елінің абыройы мен панасы болған атамыз туралы әлі де талай зерттеулер болатынын ескерсек, Нұрлепес Күмісбайұлы елінің есінде мәңгі қалары сөзсіз! Ата туралы алғашқы жазылған «Ел иесі жер киесі – Нұрлепес ата» атты кітаптың авторы журналист, жазушы Сағадат Ордашева болатын.
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,
Алматы – Ақтөбе – Қарауылкелді