Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. «Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық салт-дәстүрді сақтап, қазіргі замандағы озық көзқараспен үйлестіре отырып, отбасы құндылықтарын нығайтуға шақырады. Себебі , ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген. «Жігітке жеті өнер де аз» деп қазақ халқы тегін айтпаған. Қазақ баласын жастайынан түрлі өнерге баули отырып, ар-ұят, обал, сауап, яғни үш сөзбен тәрбиелеген. «Өнер — халықтың қазынасы» «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов айтпақшы, ұлт ретінде танылу оның болашағы, болмысы және салт-дәстүрі мен өнеріне тікелей байланысты. Бүгінгі жас ұрпақ — ертеңгі елдің тірегі. Солардың қатарында талабы таудай, жүрегі таза, арманы биік жас жеткіншек — Шыңғыс Аният Айдынұлы. Аният 7 жаста. Биыл 2-сыныпқа аяқ басты. Ол Жамбыл облысы, Абай ауылында тұрады. Табиғаты көркем, еңбегі мен тіршілігі қатар жүретін ауылда ер жетіп келе жатқан Аният — зерек те еңбекқор бала. Жас болса да, оның бойынан талай жақсы қасиеттер байқалады. Небәрі 3 жасында пантерная гимнастикамен айналысса, 5 жасынан бастап еркін күреске қатысып келеді. Спорт арқылы шынығып, ерік-жігерін дамытып жүрген балақай жаттығуға ынтамен барып, жарыстарға қатысуға асығады. Аниятың тағы бір қыры — шығармашылық. Ол бос уақытында түрлі суреттер салып, қиялындағы дүниелерді қағазға түсіреді. Сонымен қатар, ән айтқанды ерекше жақсы көреді. Дауысы әуезді, сезімге толы. Үйде де, мектепте де ән салып, жақындарын қуантады. Болашақта сахнаға шығуды армандайды. Велосипед тебу, табиғатта серуендеу – сүйікті хоббиі. Үйде де қарап отырмайды — ата-анасына көмектесіп, іні-қарындастарына үлгі болып жүр. «Баламыздың бойынан талантын байқағасын биіктерден көргіміз келеді. Мектепте әртүрлі сайыс, шараларда өнер көрсеткен кезде үйде отырып тақымымызды қысамыз. Талабына сай бақ берсін, болашағы жарқын болсын деп әркез тілеп отырамыз», – дейді анасы. Халқымыз білім-ғылым игеріп, өнерлі болуды жоғары бағалаған. Сондықтан да болар жақындары Анияттың киелі сахнаға, өнер жолына қадам басуына әркез қолдау көрсетіп жүр.


Ауыл баласына тән еңбекке ерте араласу — Аниятқа да жат емес. Жаз мезгілінде атқа мініп, Нұрдаулет ағасына қой бағуға көмектеседі. Малдың жайын түсініп, нағыз ауыл тіршілігінің шынайы бейнесін ерте жастан бойына сіңіріп келеді.
Тағы бір сүйікті ісі — кітап, балалар журналын оқу. Балаларға арналған танымды мақалаларды қызыға оқып, кейіпкерлердің өмірінен өзіне үлгі алады. Бұл – оның кітапқа, білімге деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» – деуі осыдан.
Ұстазының айтуынша, Аният мектепте де үлгілі оқушы. Сабаққа белсенді қатысады, тәртібі жақсы, достарымен тіл табыса біледі. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытып жүрген тәрбиелі бала. Өнерді үйренген шәкірттің жанарына от, қиялына қанат бітіп, шабыты артып, тәжірибесі шыңдала түседі. Осындай көп қырлы, өнерге де, еңбекке де бейім балақайдан болашақта еліне адал қызмет ететін үлкен азамат шығады деген сенім мол.
Г.Тұрлыбекова















