Өз ісіне адалдықтың символы – Әділхановтар әулеті

Өз ісіне адалдықтың  символы –  Әділхановтар әулеті

Қазақстанның теміржол саласы – елдің экономикалық қуатын арттырып, аймақтарды байланыстырып тұрған іргелі жүйе. Бұл саланың дамуына тұтас әулеттердің маңдай терімен, адалдығымен қосқан үлесі айрықша. Солардың бірі – Аягөз өңіріндегі аты елге мәлім Әділхановтар әулеті. Үш буын өкілдері теміржол көлігі мен вагон жөндеу ісіне ғұмырын арнап, кәсіби адалдығы мен біліктілігі арқылы үлкен құрметке бөленіп келеді.

 

Қазбек Ыдырысұлы –  әулеттің абыройын асқақтатқан теміржолшы

 

Әулет шежіресін сөз еткенде, алдымен Қазбек Ыдырысұлы Әділхановтың есімі аталады. Ол теміржол саласында табаны күректей 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, адалдығы мен кәсібилігінің арқасында абыройға бөленген. Қарапайым слесарьдан басталған еңбек жолы біртіндеп шебер, бригадир, бөлім басшысы, тіпті директордың орынбасарына дейінгі жауапты сатылардан өтті. Қазіргі таңда ол – «Аягөз вагон жөндеу депосы» ЖШС «Қамқор Вагон» филиалында сапа жөніндегі жетекші инженер.

Қазбек Ыдырысұлы әрдайым өндірістік процестердің сапасын арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп келеді. Ұжым ішінде беделі зор, жастарға тәлімгер болып, тәжірибесімен бөлісуге әзір. Оның еңбекқорлығы мен талапшылдығы замандастары мен әріптестеріне ғана емес, кейінгі буын мамандарға да үлгі болып отыр.

Оның еңбегі лайықты түрде бағаланып келеді. Қазбек Ыдырысұлы – 8 Алғыс хаттың, 6 Грамотаның иегері. Сонымен бірге «Даңқты еңбегі үшін» және «Темір жол көлігіндегі қауіпсіздігі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Бұл марапаттар – оның табанды еңбегінің айқын дәлелі.

 

Әулеттің теміржолдағы ізі

 

Әділхановтар әулетінің еңбек дәстүрі Қазбек Ыдырысұлының әкесі – Ыдырыс Әділханұлының есімімен тікелей байланысты. Ол теміржол саласында 51 жыл үздіксіз еңбек етіп, әулетке сара жол салды. Әке жолын жалғаған ұлдары да абыройлы қызмет атқарды:

Әділханов Ғазиз Ыдырысұлы – 45 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман.

Әділханов Мұқан Ыдырысұлы – теміржолда 16 жыл тер төккен.

Әділханов Секен – саланың тағы бір адал қызметкері.

Әулеттің келесі буыны да ата дәстүрді жалғастырып келеді.

Әділханов Ержан Ғазизұлы, Әділханова Ақерке Ғазизқызы, сондай-ақ Ыдырсов Рустем Қазбекұлы – теміржол саласында өзіндік орны бар мамандар. Әсіресе Рустем Қазбекұлы 20 жылдан астам тәжірибесімен әулет абыройын жалғастырып, бірнеше мәрте марапатталған.

 

Еңбектің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрі

 

Әділхановтар әулеті – теміржол саласына адалдығымен танылған еңбек әулеті. Бұл әулеттің тарихы – ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Әсіресе Қазбек Ыдырысұлының өмір жолы – кәсібіне деген сүйіспеншіліктің, төзім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Теміржол – тек рельс пен пойыздан тұратын жүйе емес, ол – адамдардың маңдай терімен, адал еңбегімен жүріп тұрған алып құрылым. Сол алып құрылымның берік бір кірпіші болып, ел тарихына із қалдырған Әділхановтар әулеті жайлы айту – еңбекті бағалаудың бір көрінісі.

Сәруар ҚАБДОЛЛА,

Абай облысы

 

13.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17460
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17304
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32485
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31075
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34723