Тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын ауықымды әрі маңызды жиын.
Халық «Келісіп пішкен тон, келте болмас» - дейді. Тамыз кеңесі алдағы жоспарларды, атқаратын міндеттерді келісіп алуға мүмкіндік береді.
Бүгін «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында аудандық тамыз конференциясы өтті.
Конференция жұмысын аудан әкімі Сәкен Мамытов кіріспе сөзбен ашып, жүргізді.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйлесе, аудандық білім бөлімінің басшысы И. Баймағамбетов өткен оқу жылының қорытындысы және алдағы атқарылатын міндеттер бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар, білім саласының ардагері Сахарай Қырғызбаев ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Жиында қорытынды сөз сөйлеген аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы білімі терең, ойлы, еңбекқор және отаншыл ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екендігін, сондықтан, мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктелетіндігін айтып, алдағы уақытта аудандағы білім беруді одан әрі жетілдіру үшін аудандық білім бөліміне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ұлағатты ұстаздарға сәттілік тіледі.
Жиын барысында білім беру жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ ұлағатты ұстаздар ҚР оқу-ағарту Министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының, Сарысу ауданы әкімінің, Сарысу аудандық мәслихаттың, аудандық білім бөлімінің, «Аманат» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.