Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде зардап шеккендерге өтемақы төлеу, тұрғын үй салу, әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Үкімет табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардағы халықтың тұрмыс-тіршілігі тезірек жақсаруы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.
15 мамырда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарына гуманитарлық көмек жеткізіп, зардап шеккен халықпен кездеседі.
Су басқан аймақтардан көп су ағып кеткенімен, өкінішке қарай, салдары әлі де сақталуда. Тұрғындардың басым бөлігі көптеген дүниесінен айырылды. Төтенше жағдай кезінде әсіресе әйелдер мен балалар қолдау-көмекке мұқтаж болды. Сондықтан дәл қазір олар моральдық-психологиялық қолдауды қажет етеді.
Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева бұл жұмыстың маңыздылығына тоқталып өтіп: «Отбасына моральдық-психологиялық және құқықтық қолдау көрсету мақсатында Ұлттық комиссия мүшелері мен әкімдіктер жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялар әйелдермен және олардың отбасы мүшелерімен кездесулер ұйымдастырады. Біздің міндетіміз – барлығын тыңдап, мәселелерді шешуге көмектесу. Ұлттық комиссия халықпен кездесулер өткізіп, зардап шеккен азаматтарды қабылдау үшін психологтар мен заңгерлерді біріктірді. Мәселелерді шешуге барлық уәкілетті мемлекеттік органдар тартылады.
Әрбір өтініш мәселе түпкілікті шешілгенге дейін бақылауға алынады», – деп атап өтті.
Халықпен кездесулер өткізу және азаматтарды қабылдау кестесі жасалды. Кездесулер 15-19 мамыр аралығында өтеді. Мүмкіндігі шектеулі әйелдерге, көп балалы аналарға, толық емес отбасыларға, жалғызбасты азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді.
Өңірлердегі төтенше жағдайлар мен олардың салдары мемлекеттік ресурстардың күш біріктіріп, белсенді жұмыс істеуін талап етеді. Көмек жинау және көмек көрсету жұмыстарына Астана, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстары әкімдіктері жанындағы өңірлік комиссиялар, азаматтық сектор мен бизнес өкілдері белсенді қатысты.
Мәселен, Ұлттық комиссия мүшесі Ләззат Қожахметова Қарағанды облысы Шет ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен Красная Поляна ауылына құрылыс материалдары мен азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек жеткізуді ұйымдастыруда.
Ұлттық комиссия мүшесі Қожалы Тоғжан Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері жөніндегі комиссиямен бірлесіп Солтүстік Қазақстан облысының зардап шеккен тұрғындары үшін 20 тонна гуманитарлық көмек ұйымдастырып жеткізді.
Жамбыл облысы әкімі жанындағы облыстық комиссия Қостанай облысына азық-түлік, әйелдер мен балаларға арналған киім-кешек, төсек-орын жабдықтарын жөнелтеді.
Павлодар облысы әкімі жанындағы өңірлік комиссия Қостанай облысына киіз үйлер, дәрі-дәрмек, балаларға арналған киімдер мен азық-түлік жеткізеді.
Сонымен қатар, гуманитарлық көмектің алғашқы легі 10 мамырда Алматы қаласы мен Алматы облысынан Атырау облысына жөнелтілді.
Ұлттық комиссияның бұл бастамасы зардап шеккен әйелдер мен балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, осы қиын уақытта бірде-бір отбасы назардан тыс қалмауын қамтамасыз етеді.