Биыл «Қазақ» газетінің шыға бастағанына 110 жыл толып отыр. «Қазақ» газеті 1913 жылғы 2 ақпаннан бастап Орынбор қаласында аптасына бір рет, 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрды. Таралымы – 3000, кейін 8000-ға жеткен. Газет Хұсайын Кәрімовтың баспаханасында басылып шыққан. Бірінші редакторы ғалым, ұстаз, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы болған, екінші редакторы – жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы – Жанұзақ Жәнібеков.
«Түндігі батыстан ашылған ақбоз үйді» тұмар еткен бұл газет ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық мүддесі, тарихы мен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігінің айнасы болған басылым. Газет материалдары бірнеше жыл бұрын жинақталып кітап болып шыққан. Дегенмен ол толық нұсқа емес. Басылымның 17 саны әлі табылмай отыр. Бес жыл жарық көргенде 4000-ға жуық бүркеншік есім пайдаланылыпты. Мұның сыры әлі ашылған жоқ. 2 ақпан күні газеттің 110 жылдығына Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында ғалымдар жиналып, газеттің тарихын тағы бір зерделеді. Іс-шараның модераторы – Алматы қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі, әдебиеттанушы, ғалым Мамай Ахметов. Шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ысқақов Қанат Жұмабайұлы құттықтау сөзбен ашып, ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айнасына айналған «Қазақ» газетінің тарихына тоқталып, сол сара жолды жалғастырушы буынға алғысын білдірді. Сөз сөйлеген қонақтар: тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді; Қазақстан журналистер академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Сағымбай Қозыбаев; журналист, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір; тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов; қоғам қайраткері, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев; «Қазақ» газетінің құрылтайшысы Махмұт Нәлібаев. Сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынова «Қазақ» газеті: Төте жазу, емле алғаш сыналған Алаш үні» тақырыбында, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы Райхан Имаханбет «Қазақ» газеті – ұлттық болмыстың көшбасшысы» тақырыбында, әдебиет сыншысы, алаштанушы-ғалым, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Елдос Тоқтарбай «Ұлт рухын асқақтатқан басылым» тақырыбында, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Қазақ» газеті және ұлт зиялылары» тақырыбында баяндама жасады. «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдардағы топтамасы араб әліпбиінен қазіргі жазу үлгісіне көшіріліп, жарық көрген кітаптармен таныстырды. Шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорынан Алаш арыстары жайлы және «Қазақ» газетінің әр жылдардағы жарыққа шыққан басылымдарынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара соңында Алаш арыстарының аманаты, ұлт айнасына айналған «Қазақ» газетінің дамуына зор үлес қосқан сала қызметкерлеріне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамоталары және «Қазақ» газетіне – 110 жыл» мерейтойлық төсбелгісі табысталды.
– «Қазақ» газеті шын мәнінде қазақ қоғамындағы ұлттық күреске бағытталған, ұлттық сананы оятқан тегеурінді басылым болды. 1913 жылы жарыққа шыққан газеттің бес жыл ішінде 8 мыңға жуық тиражы тараған. Соңғы жылдары ғалымдар газетті Түркияға жаздырып алған абоненттерді тапқан. Бұл басылымның маңыздылығын тағы бір айғақтайды», – дейді зерттеушілер.
Мәмбет Қойгелді, тарихшы, ҚР ҰҒА Академигі:
– «Қазақ» газетін газет деп айтуға ауыз бармайды. Оның қызметі оның ауқымынан анағұрлым асып жығылады. Байтұрсынұлы басқарған, негізін қалаған, оған Бөкейханов, Міржақып Дулатов атсалысқан басылым, қазақ өміріне байланысты іргелі фундаментальді мәселелерді көтерді. Оның шешімін айтты. Сол жоспарлы жұмыстардың іске асуына бар күшін салды. Аяғына жеткізуге мүмкіндігі болды. «Қазақ» газетінің тек 1913, 1914, 1915 жылдары шыққан сандары кириллицаға аударылып, кітап болып басылды. Яғни мерзімді басылымдағы материалдар әлі толықтай оқырман қолына тиген жоқ. Әрі газеттің табылмаған сандары да бар. Бұл ұлттық баспасөзіміздің толық жылнамасын жасауға кедергі келтіріп отыр, – деді.
Елдос Тоқтарбай, алаштанушы-ғалым:
– Қазір «Қазақ» газетін зерттеп, «Қазақ» газетінде есімі анықталмаған тұлғаларды анықтап отырмыз. Жалпы «Қазақ» газетінде 3866 бүркеншік есім бар. Яғни олардың кім екені белгісіз. Болашақта біз «Қазақ» газетінің негізінде «Бүркеншік есімдер сыры» деген кітап дайындап жатырмыз. «Қазақ» газетінің 17 саны әлі табылған жоқ. Табылмаған нұсқалар шетелдегі абоненттердің сақталған коллекциялық қорларынан не болмаса Ресейдің мұрағаттарынан табылып қала ма деген үміт бар. «Қазақ» газетінің сарғайған беттеріндегі құнды мақалалар әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Мәселен, қазақтың жерін қалай игеру керек, асылтұқымды малды қалай алу керек, ауылшаруашылығына, дәнді дақылға, жерасты, жерүсті байлықтарын игеруге қатысты мақалалар зерттеушілерін күтіп тұр, – деді.