Атырау облысы – ел экономикасын өркендетуге өзінің сүбелі үлесін қосып, республика қазынасының төрттен бір бөлігін құрап отырған стратегиялық маңызға ие өңірлердің бірі. Осы орайда облыста көптеген жаңа жоба жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр. Бұл тұтастай мемлекеттің серпінді дамуына септігін тигізіп келеді.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаровтың айтуынша, биыл қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі облыста 10,8 триллион теңгені құрап, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 117,6 пайызға артқан. Оның басым бөлігі тау-кен өндіру өнеркәсібінің еншісінде екен. Есепті мерзімде өңірде 42,2 млн тонна мұнай, 23,5 млрд текше метр ілеспе газ өндіріліп, жоспар артығымен орындалған. Өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 670,2 млрд теңгеге жетіп, физикалық көлем индексі 102,4 пайыз болды.
Өнеркәсіпте өрлеу бар
– Аймақта тау-кен өндірісі секторындағы кәсіпорын саны – 760-қа жуық. «Қара алтын» мен «көгілдір отын» өндірісі саласындағы ірі компаниялардың саны – 19, орташа деңгейдегісі – 27. Ал өңдеуші өнеркәсіпке кіретін субъектілердің саны 490-нан асты. Оның төртеуі – ірі, 13-і – орта, 474-і – шағын кәсіпорын. Жеңіл өнеркәсіпте – 27, химия өнеркәсібінде – 36, машина жасау саласында – 155 ірілі-ұсақты кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Сараптап қарағанда, осылардың ішінде ең көбі мұнай-газ өнеркәсібінің үлесінде. Соңғы жылдары өңдеуші өнеркәсіпте өрлеу байқалып, үлес салмағы артып келеді. Бұл үрдісті экономиканы әртараптандырудың жемісі ретінде бағалаған орынды. Тілге тиек етер жайт, қандай жағдайда да өндіруші сектордың өсу динамикасы байқалады. Осындай тенденция түпкі нәтижесінде өңір, қала берді ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін көтеруге негіз қалайды, – деп түйіндеді ойын басқарма басшысы.
Игілікке жеткізер жол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында өңірлердің дамуына ерекше мән бергені мәлім. Бұл тұрғыда ол жоспарланған жобалардың нақты орындалуы үшін бірінші кезекте инвестиция мәселесін шешіп алудың маңызына тоқталып, министрліктер мен салалық ведомстволардың және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына жауапты міндет жүктеп, нақты тапсырма берген болатын. Жолдау жүктеген міндеттің орындалу деңгейін аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынынан айқын аңғарамыз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, он айдағы инвестиция көлемі – 1 065,78 млрд теңге.
Қорыта айтқанда, экономиканың жетекші салаларына салынған инвестиция көлемі жөнінен Атырау облысы Астана мен Алматы қалаларынан кейін үшінші орынды иеленген. Соның ішінде өнеркәсіп секторына құйылған инвестицияның сомасы – 735,2 млрд теңге.
Өндірісті өрге бастырған жобалар
Соңғы екі жылда облыста 10-нан астам жоба сәтті жүзеге асып, іске қосылды. Атап айтқанда, 2023 жылы машина жасау өнеркәсібінде екі жоба – «Wika Kazakhstan» ЖШС-нің өлшеу құрылғыларын және «AirGas – Eurasia» ЖШС-нің компрессор шығару зауыттары пайдалануға берілді. Ал былтыр тағы да машина жасау және химия өнеркәсібі салаларында 6 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Олардың қатарында «ТексолТранс» ЖШС-нің вагон құрастыру, «Интаго Казахстан» ЖШС-нің геотекстильді маталар, «Карат» ЖШС-нің қағаз және «TenizEcoService» ЖШС-нің сұйық азот шығару өндірісі, тағы басқаларын атауға болады.
Енді биыл жоспарланған 20 жобаның тең жартысы іске қосылып отыр. «Гранд-Материк» ЖШС-нің полимер қаптарын, «Beruseal Caspian» ЖШС-нің труба құбырлары мен жабдықтарына арналған композитті материалдар, түрлі конфигурацияларға бейімделген герметикалық қаптамалар шығаратын зауыттарын, «Талшықтекс» ЖШС-нің полипропиленді геокенеп, «КазТурбоРемонт» ЖШС-нің локомотивтер мен металл бұйымдарға арналған арқалықтарды құрастыратын дәнекерлеу цехын, «Dossor Processing Company» ЖШС-нің малға қажетті құрама жем өндірісін, өзге де өндірісті өрге бастыратын өміршең жобаларды осы тұрғыда мысалға келтірген ләзім.
Өңдеуші сектордың салмағы басым
Келтірілген дерек-дәйектер өңдеуші секторда да ілгерілеу барын байқатқандай. Оған дәлел, есепті мерзімде бұл саладағы өнім көлемі былтырғыдан 2,4 пайызға өсіп, жалпы сомасы – 670,2 млрд теңге, физикалық көлем индексі – 102,4 пайыз болды. Бұл көрсеткіш машина жасау саласында – 17,2, жеңіл өнеркәсіпте – 30, құрылыс материалдары өндірісінде – 36,8 пайыз.
Осы кезеңде мұнай-химия өнеркәсібінде 229,3 мың тонна полипропилен өндіріліп, 3,6 млн тонна «қара алтын» өңделген. Одан 1229,5 мың тонна автомобиль бензині, 1406,6 мың тонна дизель отыны мен 386,5 мың тонна мазут алынған.
Мамандар мен сарапшылардың пайымдауынша, мұндағы аса маңызды, жоғары бағаланатын фактор – өнімнің көлемі мен физикалық көлем индексінің өсіміне және сапасына қол жеткізу.
Келер жылы да меже биік
Өнеркәсіп және экономика басқармасы басшысының баяндауынша, алдағы жылы бағындырар биіктер мен алар асулар аз емес көрінеді. 2026 жылы облыста болашақта халықтың игіліне айналар 15 инвестициялық жобаны іске асыру болжамдалған. Жалпы құны 708,4 млрд теңгеге тең осынша жоба ойдағыдай жүзеге асса, 1500-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады екен.
Келешекте жүзеге асуы көзделіп отырған жобалар әр саланы қамтиды. Негізінен мұнай-газ өнеркәсібі, сосын химия өнеркәсібін өркендетуге, агросектордың өрісін кеңейтіп, әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға, тұтастай алғанда өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар таңдалған.















