Құрылысшы — құрметті де мәртебелі мамандық. Құрылысшылар еңбегі – ғасырлар бойы сақталатын мұра. Сондықтан қашан да құрметке лайық.
Құрылыс саласы – ел экономикасының көрсеткіші, әрі негізгі іргетасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде құрылыс саласын дамытуға, құрылысшылардың қарқынды еңбегін қамтамасыз етуге тұрақты назар аударып келеді.
Бүгін аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында Құрылысшылар күні кәсіби мерекесіне арналған жиын өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов құрылыс саласының ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарыштап дамып келеді. Әдемі құрылыс өңірдің де ажарын ашады.
Ағымдағы жылы 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Олардың арасында елді мекендерге газ құбырларын тарту, ауыз су құбырларын жөндеу, әлеуметтік нысандар салу, олдарды жөндеу, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, сондай-ақ абаттандыру, көріктендіру жұмыстары бар.
Сонымен қатар, жекелеген тұрғындар да жер учаскелерін алып, тұрғын үйлер тұрғызуға күш салуда.
Мұның бәрі ауданда құрылыстың қарқынды жүргізіліп жатқандығын, құрылысшылардың аянбай еңбек ете білетіндігін көрсетеді.
Осынау мерейлі мереке қарсаңында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан және қосып келе жатқан құрыш қолды құрылысшыларға ризашылығымызды білдіреміз, — деген Қайрат Аманұлы ауданымыздың өсіп – өркендеуіне үлес қосқан және қосып келе жатқан бір топ азаматтарды аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.
Бұдан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау лебізін білдіріп, кәсіби мереке иелерін аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Содан соң, еңбек ардагерлері мен құрылыс саласының мамандары арнайы жайылған мерекелік дастарханда бас қосты.