Қызылорда облысының ең шалғай елді мекендерінің бірі - Ақбасты ауылына орталықтандырылған ауызсу жүйесі жеткізілді.
Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Қосаман-Ақбастыға қосылатын тармағының құрылысы аяқталды. Жұмыс нәтижелерімен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов арнайы барып танысты.
Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қазан айында басталған болатын. Бүгінде диаметрі 225 мм болатын жалпы ұзындығы 117 шақырым магистральдық су құбыры толық салынып, су шаруашылығы нысандарының екі алаңы бой көтерді.
Бұл нысан Арал ауданына қарасты Ақбасты ауылын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл елді мекенде бүгінде 400-ге жуық адам тұрады. Бұған дейін ауыл тұрғындарына тіршілік нәрі 20 шақырым жерден су таситын көлікпен жеткізіліп келген.
🗣«Мемлекет басшысы азаматтардың ауызсуға толық қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бүгінде министрлігіміз осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Көптеген жыл бойы орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау мәселесі Ақбасты ауылының тұрғындары үшін өте өзекті мәселе болып келді. Қазір осындай жобалар еліміздің басқа да аймақтарында жүзеге асырылып жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 1,3 млн адамды ауызсумен қамту үшін 2,5 мың шақырымнан астам су құбырының құрылысын және реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Еліміздің 9 облысында барлығы 31 жоба жүзеге асырылуда: Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстары.